Аймағамбетов мектеп кітапханасы қорын ұлғайтуға қатысты тапсырма берді

421

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында министр Асхат Аймағамбетов «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханалары қорын ұлғайту жұмысын жалғастыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды baq.kz

Өздеріңіз білетіндей, бұл – ел Президентінің берген тапсырмасы. Ол орындалып жатыр, жақсы нәтижелер бар деп айтуға болады. Бір жылдың өзінде 2,5 млн-нан астам жаңа көркем әдебиет сатып алынып, мектептерге жеткізілді. Бұл – маңызды жұмыс. Сол себепті оны жалғастыруымыз керек, – деді ол. Министр атап өткендей, көркем әдебиет қорын ұлғайту жалғасады. Сатып алынған оқулықтардың тең жартысы қазақ тіліндегі әдебиеттер. Бұған дейін мектеп кітапханалары қорында қазақ тіліндегі әдебиеттердің аздығы айтылып жүрді. Енді мемлекеттік тілдегі көркем әдебиеттер сатып алынды. Бұл жерде айта кететіні, қазақ тіліндегі оқулықтардың авторлары отандық ғана емес, сонымен бірге олардың қатарында қазақ тіліне аударылған дүниежүзілік әдебиеттің туындылары бар, – деп атап өтті БҒМ басшысы. Аймағамбетовтың сөзінше, Түркістан, Қызылорда, Алматы қалалары бойынша жұмысты тиісті деңгейде орындау қажет. Мектепте әр күн сайын 20 минуттық кітап оқу жұмысы да бақылауда болуы тиіс. Мектептерде болғанда кітапханаларды тексеремін. Серпіліс бар. Ғылыми фантастика жанрын, әсіресе, балалардың қиялын, креативті ойлауын дамытуға назар аударуымыз қажет. Балалардың сүйіп оқитын кітаптарын алып, тізімге енгізу керек, – деді бас ұстаз. Білім министрі университет басшыларына да бұл жұмысты бақылауда ұстау қажеттігін айтты.

Advertisements