«Кітапханашы кітаптың шаңын сүртіп жүре бермеуі керек»

486

Элмира Бейсеқұлова 30 жылдан бері Созақ аудандық орталық кітапханасында еңбек етіп келеді. Ол алғаш жұмысқа кіріскен уақытта аталмыш кітапхана директоры болған Айтжамал Баймұрзаевадан көп тәлім-тәрбие алғанын айтады, деп хабарлайды  okg.kz

– Бір сәт тыныш отыра қалсақ «Неге қарап отырсыңдар?» деп сөреде тізіліп тұрған кітаптарды түсіріп кететін. Жер дүмпуінен шашылып қалғандай күйде жатқан кітаптарды біз библиографиялық жіктеу бойынша қайта жинап шығатынбыз. Жинаған сайын қай кітаптың қайда тұрғанын жаттайтынбыз. Ол кісінің тағы бір жақсы қасиеті кабинетке кіргенде «Басқа бөлім өзгеріс жасауда» дейтін де ары қарай өз шаруасымен жүре беретін. Ал, содан кейін біз қалайша жайбарақат отырамыз. Өз бөлімімізді безендіріп, көрмеге қойылған кітаптарды, көрнекілік құралдарды жаңартуға кірісетінбіз.
Әрине, ол уақыттарда оқырмандар да көп болатын. Дәлізде кезекте тұратын. Байырғы журналист әрі жазушы Өтеш Қырғызбаев біздің тұрақты оқырманымыз еді. Осындайда ол кісі артына бір қарайтын да «кезек тұра тұрсын» деп жазуын жалғастыра беретін-ді. Сонда, сенесіз бе, бірде-бір оқырман қайтып кетпейтін.
Дидар Баяндиева деген де тұрақты оқырманымыз болды. Мен Дидарды оқушы кезінен білемін. Кейіннен оқуға түсіп студент атанды, жас маман болды. Сол уақыттарда кітапханаға үзбей келіп тұрды. Қазір ол аудандағы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Бүгінде өз ісінің үздігі. Міне, көрдіңіз ба, Дидардың өзі әрбір белесті тек біліммен ғана бағындыра алатынымызға дәлел. Шаң басып жатқан кітаптарды ашып қарап, парақтап оқып, рухани байлығымызға көңіл бөлетін болсақ, біз алмайтын қамал, аспайтын асу жоқ, – деп Эльмира апай өткен күндерін сағынышпен еске алды.  Қазір интернет жаулаған заман ғой. Расында да, кітап оқып отырғаннан гөрі, керекті дерегін ғаламтордан тауып ала салғанды оңай көреміз. «Осының салдарынан кітапханашылар қызметіне деген сұраныс азайып кетпеді ме?» деген сауалдымызға:  – Кітапханашылар енді бұрынғыдай қалың киініп, бөкебай орамалды белдеріне байлап алып, күңгірт тартқан кабинеттерінде кітаптың шаңын сүріп жүре бермеуі керек. Оларға өзгеретін уақыт жеткенін карантиннің өзі көрсетіп берді. Бұл кез кітапханашылар үшін үлкен сынақ болды. Басында бәрі қалай жұмыс істерін білмей дағдарып қалды. «Не істейміз? Неден бастаймыз?» деп абдырап отырған біраз кітапханашыға жаңа кітаптар жайлы видеоролик жасауды ұсындым. «Қалай жасаймыз?» деп сұраушылар көбейген соң курс ашып, әлеуметтік желі арқылы кітапханашыларға әдістемелік бағытта дәріс оқыдым.  Жаңадан түскен кітаптарды оқырманға әлеуметтік желіде таныстыруды үйреттім. Ол үшін кітап авторы жайлы мәліметтер жинақтап, кітаптың ішінде не жазылғанын және ондағы кейіпкерлерді зерттеу керек. Оқырманды тарту мақсатында видеороликтерге кинолардан қызықты эпизодтарды кесіп алып, қоюға болатынын көрсеттім. Көп кітапханашы өзінің осындай жұмыстарын әлеуметтік желіде жариялау арқылы қоғамда бар екендігін көрсете алды деп ойлаймын, — деп жауап берді. Созақ ауданында орталық кітапхана мен аудандық балалар кітапханасынан бөлек, 20 ауылдық кітапхана бар. Жасыратыны жоқ, қазір қалалық жердегі кітапханалардың барлығы дерлік заманға сай өз бөркін кие бастады. Ал,  қалғандарының сол баяғы жартастың үстінде отырған жайы бар. Ғимараттары ескі, жиһаздары тозған. Өйткені, олар аудан әкімдіктеріне қарайды. Аудан әкімдіктері қаржы бөлгенімен, ол кітапхананың бар керегіне жетпейді.
Бірінші кезекте, кітапханашыларға әлеуметтік желіде белсенді болып өз еңбектерін көпшілік назарына ұдайы ұсынып отыру үшін жаңа техника керек. Сосын жақсы интернет желісі қажет.  Осылар болмаған соң кітапханашылар қолдарындағы қалта телефондарымен шама-шарқынша жұмыс істеуде. Эльмира апай компьютер мен интернет болса, кітапханашылар өз білімдерін қайда жүрсе де заманға сай жетілдіре алатынын айтады.
– Мен аудандық кітапханада отырып-ақ, Алматыда орналасқан оқу орындарындағы профессорлардың курстарына қатыстым. Бүгінгі техникалардың мүмкіндіктерін меңгердім. Онлайн режимінде өткізілген сайыстарда бағымды сынап, веб камера ұтып алдым. Соның көмегімен көптеген видеороликтер түсірудемін.
Карантин кезінде білген-түйгенімді өзге әріптестеріммен бөлістім. Қазақстан кітапханашылар Альянсы қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесімін. Екінші қол қою құқығын алғанмын. Бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпіріндегі 500-дей кітапханашыға сертификат бердім. Ал, 500-дей кітапханашыны сертификатсыз оқыттым.
Айтпақшы, жақында бір кітапханашы маған хабарласып: «Астанаға барайын деп едім. Сізбен жолыға аламын ба?» деді. «Мен ол жақта тұрмаймын. Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы кітапханада жұмыс істеймін. Сен секілді қарапайым кітапханашымын» десем сенбей қайта-қайта сұрап, таң қалды. Қазір қай сала маманы болсын, дамығысы, өскісі, білімін толықтырғысы келетін адамға мүмкіндік көп, – дейді Эльмира.
 
40 мың теңге жалақы алатындар бар…
Байқағанымыздай, бүгінде кітапханашылар өз жұмыстарын жаңа бағытта көрсете бастады. Енді алдағы уақытта да олар Эльмира апай секілді әлеуметтік желіде белсенді, өз ісінің шебері болуы үшін тағы не істеуіміз керек?
Елімізде кітапхана қызметін дамытуға мүмкіндік бермейтін мәселенің бірі – кітапханашылардың айлық жалақысының төмендігі. Эльмира апай елімізде 40 мың теңге көлемінде айлық алатын мектеп кітапханашыларының бар екенін айтады. Өзіңіз ойлаңызшы, осыдан кейін 40 мың теңге айлық жалақы алатын кітапханашы болуға кім қызығады? Жастар кітапханашы мамандығына кездейсоқ келеді деп кейде өкпелейміз ғой. Бірақ, 40 мың теңге айлық алатын кітапханашы болған жақсы ма, әлде, 200-300 мың теңгеден жоғары жалақысы бар педагог мамандығын меңгерген дұрыс па?
Кітапханашылардың қаржы жағынан қағылып жатқаны олардың қоғамдағы беделіне де әсер етпей ме? Қазір қарапайым таксистің өзі кітапханашыдан бірнеше есе көп табыс табады.
Кітапханашы мамандығын меңгергендер аз болды
Ал, біздің өңіріміздегі кітапханашылардың айлық жалақысы қанша? Енді осыған тоқталайықшы. А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекованың айтуынша, облыстағы кітапханашылардың айлық жалақысы орташа есеппен алғанда 100 мың теңгеге жуықтайды екен. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың қыркүйек айында жариялаған Жолдауында келер жылдан бастап кітапханашылардың айлық жалақысының 20 пайызға өсетінін мәлімдеді.
– Кітапханашылар үш жыл сайын аттестатциядан өтеді. Тест тапсырып, кәсіби шеберліктерін сынауға байланысты қойылатын сұрақтарға жауап береді. Осы аттестациядан сәтті өткен кітапханашыларға арнайы санат беріледі. Олардың санаты жоғары, І және ІІ дәрежелі болып бөлінеді. Жоғары санатты иеленгендер әр үш жыл сайын өздерінің осы жоғары санатын қорғап отырады.    Жалпы, кітапхана саласындағы мамандардың айлық жалақысы осы уақытқа дейін өте төмен болды. Сол себепті кітапханашы мамандығын меңгерген қызметкерлер бізде аз болды. Соңғы бір-екі жылдың көлемінде кітапхана ісі мамандығын таңдаушылардың қатары көбейе бастағанын байқау қиын емес. Бұл бізді қуантады.
Жалпы, кітапханашылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы жастардың осы салаға деген қызығушылығын арттыра аламыз. Сондықтан жас кітапханашыларға мемлекеттік деңгейде бір бағдарлама қабылданса, тұрғын үй мәселесі қаралса, арнайы гранттар бөлінсе деген тілегіміз бар. Гуманитралық пәндерді оқытатын педагогтарды да кітапханаға жұмысқа алуға рұқсат етілген. Жалпы педагогтың мәртебесіне кітапханашыларды теңестіре алсақ, бұл жастарды тартатын мамандыққа айналар еді, – дейді Жанат Сәдібекқызы.  Айта кетейік, бүгінде облыстағы 394 кітапханада 1031 қызметкер жұмыс істейді. Олардың 40 пайызын орта жастағылар, 10 пайызын зейнет жасына жақындағандар, ал, 50 пайызын жастар құрайды екен.
Ғылыммен айналысатын маман деп қарауымыз керек
ҚР Ұлттық академиялық кітапхана ақпараттық ресурстар бойынша жетекшінің орынбасары Нұржан Жолдыбалиновпен тілдескенімізде, ол  бізге Мәскеуді мысалға келтірді. Айтуынша, онда кітапханашылардың мәртебесі жоғары. Оларға елге сыйлы азаматтармен бірдей құрмет көрсетіледі. Кітапханашыға ғылыммен айналысатын, бірнеше тілді меңгерген маман ретінде қарайды. Бұл бір жағынан солай да болуы керек. Өйткені, кітапханашылар бір іс-шараны өткізетін болса, өздері сценарий құрады. Сосын олардың айлық жалақылары да жоғары екен.
Біздің де кітапханашыларымыз осындай деңгейге жетуі керек. Кітапханашы мамандығының да қыр-сыры, кәсіби меңгеруге тиіс тұстары жетерлік. Екінің бірі кітап қорына кіріп, өзіне қажетті кітапты таба алмайды. Сала-сала бойынша тізілген кітаптардың өз орны бар. Соларды және келіп жатқан мерзімді басылымдарды, журналдарды реттеп, жинақтап отыру секілді шаруалары шаш  етектен.  Бір өкініштісі сол, қазір кітапханаларға жастардан гөрі зейнеткерлер, мүгедектер келеді. Бұрынғыдай қолдан-қолға өтіп тозған кітап бірен-саран ғана шығар. Мұның алдын алу үшін кітапханашылар ғана емес, кітапханалар да өзгеруі тиіс. Бұл жайлы келесі мақаламыздан оқитын боласыздар.
Дилара БИМЕНОВА.
Advertisements