ШЫМКЕНТ: Ерекше баларға білім беретін білікті маман

468

Мүмкіндігі шектеулі балақайлардың денсаулығын қадағалау дәрігерлердің қызметі болса, тәрбиеленуі ата-аналар құзырында. Ал білім беру мен тәрбиені қатар ұйымдастыру арнайы педагогтың міндеті.
Шымкентте арнаулы мемлекеттік (коррекциялық) №33 «Ақбота» бөбекжай балабақшасында тәрбиеленген көру қабілеті бұзылған балғындар әлемді тифлопедагогтар берген білім мен тәрбиесі арқылы көре бастайды. Осы мекеменің білікті маманы Жанар Ерманқулова 22 жылдық еңбек жолында мыңнан аса «ерекше» баланың қабілетін дамытқан.
Жанар Наурызбайқызы мектепке дейінгі дефектологиялық әдістемелері мен оқу-тәрбиенің педагогикалық дағдыларын жақсы меңгерген педагог. Балалардың сана-сезімін қалыптастыруда өз еңбектерінде тәжірибелі дефектологтардың әдістерін кеңінен қолданып, жылына 25-ке жуық баланы тәрбиелеп шығарады.
Шымкент қаласының әдістемелік орталығы жанындағы арнайы білім беру қызметкерлерінің «үйлестіру кеңесінің» төрайымы болған Ж.Ерманқулова биыл «жастар бастамаларын қолдау инклюзивті қоғам құру және дамыту» атты әлеуметтік жобасында зерттеуші болып бекітілді.
Біліктілігі шыңдалған ұстаз бүгінге дейін халықаралық және республикалық тәжірибелік конференцияларда баяндама жасап, 11 ғылыми мақаласы мен 9 авторлық жұмысы жарық көрген.
Балаларға деген сүйіспеншілігі, өз ісіне шеберлігі және жылдары бойы атқарған еңбегі үшін Жанар Ерманқулова «Білім саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапаталған.
Advertisements