ҚҰМ ТАСИТЫН КАМАЗДАРҒА БӨЛЕК ЖОЛ САЛЫНАДЫ
Арыс қаласының іргесіндегі құм өндіретін карьерлерден құм таситын ауыр жүк көліктері үшін арнайы бөлек жол салынатын болды. Бұл туралы бүгін Монтайтас ауылында өткен жергілікті халықпен кездесу өткізген қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы әрі қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық мәлімдеді.
Шара аясында тұрғындар құм таситын Камаздардың жаңадан салынған Монтайтас пен Арыс арасында жаңа төселген асфальтты езіп, жаншып жатқанын айтып, шағымданған болатын. Оған қала әкімінің орынбасары жүк көліктерінің жолына қатысты оң шешім қабылданған жеткізді.
«Бұл мәселе бойынша күні кеше ғана құм өндірумен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, түпкілікті шешім қабылдадық. Олар бейсенбі күнге дейін уақыт сұрап, одан кейін жаңадан салынған асфальт жанынан жүк көліктері жүру үшін арнайы жол салатын болды. Яғни, ертеңнен бастап ауыр жүк көліктері асфальт үстімен жүруге тыйым салынады», – деді Ерғали Омарұлы.
Сондай-ақ, оның айтуынша, алдағы уақытта құм таситын ауыр жүк көліктері Сырдария елді мекенінің сыртынан айналып өтуі үшін қосымша 3,6 шақырым жол салынатындығын да атап өтті.
Айта кетейік, осы күндері Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы, қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық бастаған әкімдік өкілдері мен дербес бөлім басшылары және сала мамандарынан құралған арнайы топ ауылдарды аралалап, тұрғындармен ашық диалог құру мақсатында кездесулер өткізуде.