АРЫС: БАЛҒЫН БАЛАЛАР – БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ
Бүгін халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мейрам барлық елде 1950 жылдан бері тойланып келеді. Мақсаты балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғап, оларға қамқорлық жасауды тағы бір еске салу. Осылайша болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.
Айтулы күнді арыстықтар ерекше түрде өзіндік сән-салтанатымен атап өтті. Алдымен, орталық алаңда қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты концерттік бағдарлама ұсынды.
Таңғы сағат 10-00-де басталған мереке думанға ұласты. Бүлдіршіндер асфальтке сурет салып, спорттық жарыстарға белсене қатысты. Асфальтте салынған суреттерде балалар еліміздегі бейбітшілік пен достықты, қоғамдық келісім мен бақытты балалық шақты бейнеледі. Бұдан бөлек, өнерлі өрендер сахна төрінде өнерлерін ортаға салып, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шараға арнайы келген қала әкімі Гүлжан Құрманбекова орталық алаңда балалардың өнерін тамашалап, суретші балаларға ақ тілегін арнады.
Жиын барысында түрлі спорттық ойындарда жүлделі орын алған бүлдіршіндер арнайы алғыс хаттармен марапатталды.