АРЫС ҚАЛАСЫ ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ ДЕРМЕНЕ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

277
Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы әрі қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық бастаған әкімдік өкілдері мен Дермене ауылы тұрғындарының кездесуі Ж.Тәшенов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп ауласында өтті. Тұрғындармен ашық диалог құру мақсатында ұйымдастырылған кездесуде жергілікті азаматтар тұрмыс-тіршіліктің сан түрлі мәселелерін әңгіме өзегіне айналдырды.
Нақтылай түскенде, Дермене мен Теміржолшы және Қызылкөпір елді мекенінде электр желісі бағаналарын ауыстыру мәселесін көтерді. Сол сияқты ауыл ақсақалдары көше атауларын реттеумен қатар, ауыл арасында құлағалы тұрған ғимараттарды жөндеу немесе жарамайтынын бұзу, көгалдандыру жұмыстарын қолға алуды өтінді.
Бұл мәселелерге қатысты әкім орынбасары мен Дермене ауылдық округінің әкімі Жұманәлі Қадиев оң шешім қабылданып, тиісті деңгейде жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
Сонымен қатар, тұрғындар жайылымдық жердің тарлығын айтты. Сондай-ақ, ауыз су бағасы қымбат екендігі де сөз болды. Оған Арыс қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қазбек Ақылбай мемлекет тарапынан субсидиялауда бірқатар мәселе барын және жауапты мекемелермен бұл бағытта келіссөздер жүргізілетінін атап өтті. Ал ол кезге дейін суды үнемді пайдалануға кеңес берді.
Жалпы, кездесу соңынан мектеп ғимаратында қала әкімінің орынбасары мен дербес бөлім басшылары азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдап, мәселелерінің шешілу жолдарын қарастырып, жауабын түсіндірді.
Айта кетейік, осы күндері Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы, қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық бастаған әкімдік өкілдері мен дербес бөлім басшылары және сала мамандарынан құралған арнайы топ ауылдарды аралалап, тұрғындармен ашық диалог құру мақсатында кездесулер өткізуде.
Advertisements