АРЫСТЫҚ КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ КОРРЕКЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШТЫ

263
Бүгін Арыс қаласында 50 орынға арналған «Danis» коррекциялық дамыту орталығы салтанатты түрде ашылып, оған қала әкімі Гүлжан Мамытқызы мен қала тұрғындары, мүмкіндігі шектеулі балалар және олардың ата-аналары қатысты.
Мұнда тілі мен құлағында мүкісі бар немесе ақыл-ой дамуында ауытқушылық байқалатын балалар мен жалпы дамуы кешеуілдеген, арнайы мамандар көмегін қажет ететін балалардың өсіп, жетілуі үшін барынша жағдай жасалған.
«Осындай орталық бүлдіршіндерімізден бөлек, ата-аналарымыз үшін де маңызды әрі өте қажет деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі кезде қала бойынша ауру түріне байланысты мемлекеттік сараптама орталығының қорытындысына сәйкес, 18 жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі 495 бала тіркелген болса, оның 230-ға жуығы өткен жылы қаламызда ашылған «Тең қоғам» әлеуметтік орталығының қызметін пайдаланып келеді. Олай болса, ерекшелігі бар ұл-қыздарымызды емдеп-сауықтыру арқылы біз оларды өз қатарымызға қосып аламыз деп сенемін», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Осылай деген қала әкімі қаламыздағы тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің оң шешіліп, өмір сүру сапасының артуына әкімдікпен бірлесе отырып, жұмыс жүргізіп жатқан орталықтың жетекшілері мен мамандарына алғыс білдірді.
Айта кетейік, балалар орталығын ашып отырған жергілікті жеке кәсіпкер Гүлбахрам Ерімбетова Арыс қаласындағы орталық емханада үздіксіз 45 жыл эпидемилог болып істеп, зейнетке шыққан жан.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде бұл орталыққа ұл-қызын тәрбиелеп дамыту үшін 31 ата-анадан өтініш түскен.
«Алдағы уақытта Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдерімен кеңесіп, келісе отырып, орталықтың жұмысын одан әрі дамыту көзделіп отыр», – дейді ол.
Ал ол «Danis» коррекциялық дамыту орталығын ашу ісін өткен жылдан бері қолға алған. Қазір мұнда 4 тәрбиеші мен оның 2 көмекшісі, 1 психолог, 2 дефектолог, медицина маманы мен аспазшы, күзетші сынды жалпы саны 15 адамды Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«Орталыққа келетін бала санына қарай, қызметкерлер саны да көбейетін болады», – дейді Гүлбахрам Садықбекқызы.
Advertisements