Г.ҚҰРМАНБЕКОВА: «АРЫСТЫҢ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛАР ШӘКІРТТЕР КӨП БОЛСЫН»

252
Қадірлі ұстаздар!
Құрметті оқушылар және ата-аналар!
Баршаңызды Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн жаңа жобалар мен ізденістердің, жаңа идеялардың бастауы. Жаңа оқу маусымы – білім беру сапасын арттыру мақсатында үлкен міндеттер нақтыланып, негізгі жоспар-жобалар іске асырылатын кезең. Осы мақсатта бүлдіршіндеріміздің терең білім мен өнегелі тәрбие алуына барынша жағдай жасалып келеді.
Қазіргі кезде қаламызда 1 мектептің құрылысы басталып, екі мектепте қосымша оқу ғимараты салынуда. Одан бөлек, Ақдала мен Жиделі ауылында 240 және 120 орындық кітапхана мен клуб құрылысы жүргізілуде.
Ал Арыс қаласы мен ауылдық округтерде 37 білім ордасы бар болса, 2 296 ұстазымыз 20 350 оқушымызды білімге баулып келеді. Жалпы, өңірімізде биыл 1 678 бүлдіршімініміз мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.
Сондықтан да, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың сөзімен айтқанда: «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» бүлдіршіндерді бүгінгі қуанышымен шын көңілмен, аналық жүрегіммен құттықтаймын!
Қымбатты оқушылар!
Сендердің игіліктерің үшін жасалған қамқорлық пен қолдаудың арқасында білімдеріңді толықтырып, биік белестерді бағындыруларыңа тілектеспін!
Күллі қазаққа ұстаз болған дана Абай: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деген екен.
Сондықтан, сендер қай кезде де ілім-білім нәрімен сусындап, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында терең ойлы әрі зерделі азаматтар қатарынан көрінеді деп сенемін!
Қадірлі ұстаздар қауымы!
Өткен оқу жылында біздің қол жеткізген жетістіктеріміз аз болмады. Ел болашағын тәрбиелеп жүрген мәртебелі мамандық иелері, бұл – Сіздердің тынымсыз әрі жемісті еңбектеріңіздің нәтижесі екенін ерекше атап өткен жөн.
Ізгілік пен ізденісті жоғары қойып, жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беріп, осы жолға ғұмырын арнаған игі қызметтеріңіз үшін Сіздерге зор алғыс білдіремін!
Жүзімізді жарқын етіп, бәріміздің, тұтас Арысымыздың мақтанышына айналатын шәкірттер көп болсын!
Жаңа оқу жылы жетістіктерге жетелесін!
Ізгі ниетпен,
Арыс қаласының әкімі
Гүлжан ҚҰРМАНБЕКОВА
Нет описания фото.
Advertisements