ҮКІМЕТ 2023 ЖЫЛЫ 34 ЗАҢ ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫР
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды.
Әділет министрі Қанат Мусин келесі жылы мемлекеттің басым міндеттерін орындауға бағытталған 34 заң жобасын әзірлеу жоспарланып отырғанын хабарлады. Атап айтқанда, Қала құрылысы және Бюджет кодекстері, жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, көші-қон, мемлекеттік сатып алу, салық салу, сондай-ақ әкімшілік әділетті, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобалары дайындалатын болады.
Сонымен қатар Су кодексін, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен аквамәдениетті қорғау бойынша жаңа редакциядағы заң жобаларын әзірлеу жоспарланып отыр.
Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет ұсынылған Жоспар жобасын мақұлдады.