ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНАН БАСТАП СТУДЕНТТЕРДІҢ ШӘКІРТАҚЫСЫ 20%-ҒА ӨСЕДІ

206

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Жаңа стратегиялар аясындағы жоғары білімнің дамуы тақырыбында баяндама жасады.

«Қазіргі таңда жоғары білім саласындағы ұлттық саясаттың ең басты міндеті – жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ білім экономикасына қажетті біліктілігі жоғары мамандарды даярлау», — деді вице-министр.

Оның айтуынша, осы міндеттерді орындау үшін бүгінде ведомство стратегиялық басымдықтарды нақты айқындап, бірқатар бағдарламалық құжаттарды бекікен. Бұл Университеттер автономиясы туралы заң, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы, Қазақстан Республикасының білімді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы.

Осы құжаттар негізінде жоғары білімді дамытудың басты бағыттары айқындалды:

– жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге қолжетімділікті кеңейту;

– мамандарды даярлаудың алдын ала болжау моделіне көшу;

– жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің бәсекеге қабілеттілігін көтеру және мазмұнды жаңарту;

– жоғары білімдегі цифрландыру;

– университеттердегі басқару жүйесін жетілдіру;

– жоғары білімдегі интернационаландыру;

– жоғары білім жүйесінің сапасын қамтамасыз ету.

Әрі қарай Қ. Ерғалиев осы тапсырмалар аясындағы және де жоғары білімді дамытудағы басты басымдықтар бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.

Оның айтуныша, қазір елімізде 119 жоғары оқу орны жұмыс істейді, 609 150 адам білім алып жатыр. 38%-ға жуық білім алушы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Жыл сайын грант саны артып келеді. 2022-2023 оқу жылына 88 214 грант бөлінген. Бұлардың 60%-ы техникалық мамандықтарға берілген. 10 мың грант Батыс жастары мен халық тығыз қоныстанған аймақтарға берілген. «Серпін» бағдарламасына 3 653 грант бөлінген. Одан бөлек, шетел азаматтарына 490 грант бөлінген.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында білім жетістіктері мен азаматтардың әлеуетті категориясын ескере отырып, гранттарды бөлу моделін жетілдіру  қарастырылып жатыр», — деді Қуаныш Ерғалиев.

Жаңа оқу жылынан бастап студенттердің шәкіртақысы 20%-ға өседі, магистранттар мен докторанттар шәкіртақысы 15%-ға өседі. Бұл үрдіс болашақта жалғаса бермек. Білім беру гранттары иегерлерінің эскроу-шоттарына мемлекеттік тапсырысты дербес қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр.

Сонымен қатар заманауи маман даярлау моделі еңбек нарығына бағытталған. Білім беру бағдарламалары кәсіби, аймақтық стандарттар мен атластарға негізделген. Білім беру бағдарламаларының 64%-ы кәсіби стандарттарды ескере отырып, жаңартылды.

Бүгінде университеттер еңбек нарығында талап етілетін дағдыларды қалыптастыру үшін инновациялық және пәнаралық білім беру бағдарламаларын әзірледі.

Ғылым және жоғары білім вице-министрінің айтуныша, жоғары білім беру жүйесі мен еңбек нарығын одан әрі жақындастыру үшін алдын ала болжау кадрлар жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Аймақтағы университеттер әкімшілікпен және жергілікті корпоративті сектормен тығыз байланысады. Осылайша, аймақтағы университеттер әр өңірдің экономикасы үшін жергілікті өсу нүктелеріне айналады.

«Жалпы білім беруді дамытуға екі тең тарап – жұмыс берушілер мен академиялық қауымдастық қатысуы керек. Бұл жүйе қажетті білім мен дағдыға ие кадрларды дайындау үшін болжау зерттеулерін қамтамасыз ететін “Мамандығым-болашағым” бағдарламасының негізі болады», — деді Қ. Ерғалиев.

Университеттерге өз білім беру бағдарламаларын дамытуға мүмкіндік берілген. Университеттердің академиялық еркіндігін одан әрі кеңейту мақсатында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Мемлекеттік білім беру стандарттарына өзгерістер енгізілген. Басты өзгеріс – университеттердің білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауда еркіндігі артты. Мемлекеттік білім беру стандарттарындағы өзгерістердің тағы бір артықшылығы – практик-мамандар мен топ-менеджерлерді тартудағы мүмкіндіктердің артуы.

Одан бөлек, Дүниежүзілік экономикалық форум болжамдарына сәйкес, 10 жылдан кейін 60%-ға жуық мамандықтар трансформацияға ұшырайды, тіпті мүлде керек бомлай қалады. Тиісінше, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін мамандардың қосымша құзыреттер алуы керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өмір бойы білім алу тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамада көзделген шаралар көптеген білім алу жолдары арқылы, неформалды оқыту арқылы да жаңа білім мен құзыреттіліктерді алуға мүмкіндік береді.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында Мемлекеттік білім беру стандартында микроквалификация білім алу нәтижелерін қабылдау жоспарланған, «нано-кредиттер», «жинақталған дәрежелер» ұғымдары енгізілген.

Вице-министрдің айтуынша, «Онлайн-оқытудың» маңызы артып жатыр. Келесі оқу жылынан бастап, осындай білім беру түрі жүзеге асырылады. Университеттерде цифрлық оқыту ресурстарын, желілер мен жаппай ашық онлайн-курстарды дамыту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар еңбек нарығын практик-мамандармен қамтамасыз ету үшін осы жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде жоғары білім дәрежесінде қолдаңбалы бакалавриат бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Бұл бағдарлама негізінде жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылып, «практикада білім алу» приципі қолданылып отыр.

Осы жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде 4 университет негізінде интегралды GPA енгізілді. Оқытудың нәтижесі академиялық, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік GPA симбиозы болады. Бұл шара студенттердің университеттердегі стартап-жобаларға, жобалық, ғылыми-зерттеу, спорттық, әлеуметтік және волонтерлік жұмыстарға қатысуына ықпал етеді.

Сондай-ақ университеттердің кадрлық және зерттеу әлеуетін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқарушылардың жаңа буының қалыптастыру үшін Сингапур мысалында дарынды басқарудың тоғысқан саясаты енгізіледі.

Жұмыс берушілердің, бизнес-құрылымдар, кәсіби және қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, облыс әкімдіктерінің корпоративтік басқаруға қатысуын кеңейту бойынша жұмыс жалғасады. Бұл бағытта өткен аптада Қазақстанның Тәуелсіз директорлар қауымдастығы QID-мен меморандумға қол қойылды.

«Топ-менеджерлер мен қызметкерлер үшін кәсіби даму бағдарламасын, тағылымдамалар мен форсайт-сессияларын бастауды жоспарлап отырмыз», — деді Қуаныш Ерғалиев.

Оның мәлімдеуінше, Назарбаев университетімен бірлесіп, жоғары оқу орындарының топ-менеджерлерін, сондай-ақ орта буын менеджерлерін даярлау және қайта даярлау бағдарламасы әзірленетін болады. Нәтижесінде, университеттер негізінде кадрлық резерв құрылады.

Ғылымды қолдау мен интеллектуалды әлеуетті дамыту үшін 20 отандық бәсекеге қабілетті университет негізінде Академиялық артықшылық орталықтарын құру жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Ғылыми-зерттеу университеттеріне трансформациялау бойынша шаралар жүзеге асырылды. Биылдың өзінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетеріне зерттеу университеті мәртебесін беру туралы қаулылар қабылданды, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті бойынша да осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шара университеттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін көтеруге ықпал етеді, ғылыми жобалардың коммерцияландырылуын және де халықаралық басылымдардағы ғылыми жарияланымдар деңгейін арттырады.

Оған қоса, ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан шетелдік университеттердің филиалдарын ашу бойынша жүйелік жұмыстар жүргізіліп отыр. Осы жұмыс нәтижесінде 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде МИФИ және С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті негізінде Губкин атындағы РМУ филиалдары ашылды. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті негізінде Аризона Университетімен екі диплом бағдарламасы, және де бірлескен халықаралық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Хериот Ват университеті мен Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасында келісім бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шәкәрім университеті мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті негіздерінде филиалдар ашу сұрағы пысықталып отыр.

«Алыс шетелдегі алдыңғы қатардағы университеттердегі шетелдік сапаршыларды оқытушылық қызметке тарту жоспарланып отыр», — деді Қуаныш Ерғалиев.

Оның айтуынша, Бірыңғай Орталық Азия жоғары білім кеңістігін құруына бастамашылық жасалды. Өткен жылы Орталық Азия мемлекеттерінің білім министрлерінің конференциясы өтті, нәтижесінде бірыңғай кеңістік құру декларациясы қабылданды. Ыңтымақтастықты және академиялық алмастыруды нығайту үшін осы жылдың мамыр айында Ректорлар форумы өтті, нәтижесінде Орталық Азия мемлекеттерінің Университеттер альянсы құрылды. Қазақстандық платформада тұрақты жұмыс істейтін Орталық Азиядағы жоғарғы білім кеңістігінің бюросын құру қолға алынды. Бұл бастамалар Қазақстанның Болон үрдісінде көшкенінің арқасында болып отыр.

Өткенде Азия мемлекеттерінің алдыңғы қатардағы университеттерінің рейтингісі – QS Asia University Rankings 2023 жарыққа шықты, осы рейтингіге Қазақстанның 32 университеті кірді. Олардың ішінде 2 отандық университет үздік жүздікке кірді.

Сонымен қатар сапаны қамтамасыз ететін жүйені енгізу қарастылып жатыр.

Қазіргі уақытта «таза парақтан бастап» жобасы аясында жоғары білім беру саласындағы 67 нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Білім беру бағдарламаларының тізілімін, аккредиттеу органдарының, аккредителген университеттердің және білім беру бағдарламаларының тізілімдерін, сондай-ақ рейтинг көрсеткіштерін біріктіру жоспарланып отыр.

Енді жоғары білім сапасын қамтамасыз ету бойынша нұсқаулықты, оның ішінде, педагогикалық ЖОО-ларды аккредиттеу стандартын әзірлеу жоспарлануда. Білім беру бағдарламаларының сапасын анықтайтын құрал ретінде «Атамекен» ҰКП рейтингісі қолданылады. Осы айдың соңында нәтижелер шығады. Рейтинг нәтижелері университеттердің әлеуетін және олардың бәсекеге қабілеттілігін объективті тұрғыдан қарауға мүмкіндік береді.

«Атап шыққан барлық бастамалар адами капитал сапасын арттыру мен кадрларды даярлауға бағытталған», — деді ғылым және жоғары білім вице-министрі Қунаыш Ерғалиев.

Advertisements