АРЫС ҚАЛАСЫ ОБЛЫС БОЙЫНША АҒАШ ОТЫРҒЫЗУДАН АЛДЫҢҒЫ ОРЫНҒА ШЫҚТЫ
Арыс қаласында көгалдандыру-абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың қаланы жасыл желекке орау бастамасы арыстық тұрғындар тарапынан үлкен қолдау табуда. Жыл басынан бері қала аумағында 60 мыңнан астам көшет отырғызылған.
Бүгінде, қаламызға қарасты білім мекемелерінде «Менің ағашым» акциясы өтіп келеді. Акция аясында оқушылар ата-аналарымен бірге мектеп ауласын көркейту мақсатында тал егу жұмыстары ұйымдастыруда.
Арыс-Шымкент, Арыс-Шардара трассасы жиегін абаттандыру жұмысы бүгінде нәтижесін берді. Бір кездері жазық жатқан далаға жан бітіп, жасыл желек көз қуантуда. Облыстық және ауданаралық автожол бойындағы жасыл белдеу басында «Жасыл Арыс» КММ мамандары қарқынды еңбек етуде.
Күзгі ағаш отырғызу маусымы кезінде 40 мың түп тал-дарақ егу жоспарланса, бүгінде 30 мыңға жуық көшет отырғызылған. Көшеттер шаһар аумағынан бөлек, мекемелер мен мектептерде, ауруханалар мен кәсіпорын аумақтарында, қала көшелерінде отырғызылуда. Осылайша, Арыс қаласы Түркістан облысы бойынша ағаш отырғызудан алдыңғы орынға шықты.
Қалада егілген ағаштардың басым бөлігін үйеңкі, қарағаш, шынар, катальпа, айлант, сириялық раушан, туя, арша, шаған сынды жергілікті климатқа бейімделген ағаштар құрайды.
Айта кетейік, ағаштарды күтіп баптау мақсатында автоматтандырылған суғару жүйелері орнатылып, су ұңғымалар қазылған. Сонымен қатар, орталықтың гүлденуін жандандыру жұмыстары күнделікті «Жасыл Арыс» КММ-сі жүргізеді.