ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АБАТТАНДЫРУ, САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҒЫН ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСТАРЫНА СЫН АЙТЫЛДЫ

109

Түркістан облысында аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары облыс әкімінің қатаң бақылауында. Аталған мәселе бүгін де мәжілісте арнайы талқыланып, өзі басқаратын аумақты жайқалтып, абаттандыра алмай жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпелер айтылды.

– Аудандарды абаттандыру, көгалдандыру, тазалығын сақтау мәселесі былтырдан бері айтылып келе жатыр. Бірақ әлі бірде-бір аудан, қалада тиянақты, жүйелі жұмыс жоқ.

Аппарат тарапынан бұл іс қатаң бақылануы тиіс. Әр аудан, қаланың абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу, көгалдандыру бойынша нақты іс-шара жоспары және орындалу мерзімі болуы қажет. Осы арқылы бақылап, жоспар орындалмаса шара көреміз. Әсіресе халықаралық автожолдардың жан-жағы таза болуына мән берілсін. Түркістан қаласын таза әрі туристерге қолайлы ету аса маңызды.  Мемлекеттік бағдарлама арқылы қоғамдық жұмыспен қамтылған тұрғындарды осы жұмыстарға қатыстыру қажет.  Жалпы елді мекендерді тазалықпен қамту, абаттандыру жұмыстарына басқармалар да атсалыссын, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы М.Алипов аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары бойынша зерделеу жұмыстары нәтижесі туралы баяндады.

Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас, Сарыағаш, Келес аудандары және Арыс қаласында  көшелерде қоқыс жинау, шөптерді ору, кейбір ағаштарды әктеу жұмыстары ғана көрсетілуде. Жол бойындағы үйлерді және олардың қоршауларын ретке келтіру жұмыстарына көңіл бөлінбеуде. Сондай-ақ аудан, қалаларда саябақтарда, скверлерде, демалыс орындарында атқарылып жатқан жұмыстар баяу жүргізіліп жатыр.

Көпқабатты үйлердің қасбеттерін ретке келтіру бойынша Төлеби, Шардара, Ордабасы аудандары мен Кентау қаласы ғана жұмысты бастап отыр. Бірқатар аймақтарда ғимараттың қасбетін әктеу сапасыз жасалған.

Жиында үйлер мен ғимараттарды әктеу-сырлау, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру, ойын алаңшаларын реттеу, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру  бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма берілді.

Advertisements