ҚАЛА ӘКІМІ МОНТАЙТАС АУЫЛЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

120
Бүгін, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Монтайтас ауыл округіне қарасты Атамекен елді мекенінде тұрғындарымен кездесті. Кездесуде қала көлемінде жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларды ауыл жұртымен бірге пысықтады.
Биыл тұрғындардың ұсынысына сәйкес, Ақтас елді мекенінің ауыз су жүйесінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, Шағыр, Ақтас, Бақырша елді мекендерінде электр жүйелерінің құрылысы жүргізіледі.
Кездесуде қала әкімі жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастауға шақырды.
«Биылғы жылдан бастап, елімізде 35 жасқа дейінгі азаматтарға жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Шағын несиелерді кез келген мақсат үшін 5 жылға, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Мен Монтайтас жастарын берілген мүмкінді пайдаланып, кәсіпкерлікті дамытуға шақырамын. Біздің мамандар әрқашанда кеңес беріп, сүйемелдеуге дайын,» – деді шаһар басшысы.
Жақын күндері Атамекен елді мекенінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталады. Монтайтас ауылында орналасқан Б.Онтаев жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, мұнда заманға сай спорт зал салу мен ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Бұдан бөлек, мұнда фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
«Тиісті жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды ауыл әкімі мен жауапты сала басшылығына тапсырамын. Барлық жұмыстар өз бақылауымда болады,»- деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Ауыл азаматтарын тұрақты жұмыспен қамту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда: ақылы қоғамдық жұмысқа 14 адам; Жастар практикасымен 5 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Тағы 1 азамат 1 380 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алса, тағы 1 азамат 2,5% жеңілдетілген несие (5,0 млн теңгеге дейін) алып кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Жиында ашық пікір алмасу форматында өтіп, күрделі мәселелердің түйіні тарқатылды. Жиын соңында ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өтіп, тұрғындардың өтініш-тілектері тыңдалды.
Advertisements