Г.ҚҰРМАНБЕКОВА: ҚАЛАНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН АРТТЫРУ БАСТЫ НАЗАРДА

143
Бүгін Арыс қаласындағы Мәдениет үйінде шахар басшысы Гүлжан Құрманбекованың тұрғындармен есептік кездесуінде көптеген өзекті мәселелер талқыланды. Соның бірі инфрақұрылым мәселесі.
«Қаламызда халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі таңда қала тұрғындарын жер асты ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған жоғары қысымды су магистралдық құбырын тозығы жетуіне байланысты ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 12,6 шақырым құрайтын магистралды су құбыры құрылысы 2023 жылы аяқтап, пайдалануға береміз», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Бұдан бөлек, 3 тұрғын аудандадағы (Саяжай 1, Саяжай 2, Алатау) 16 көшеге жаңадан су құбырларының құрылысы аяқталып, халық игілігіне беріледі. Сондай-ақ, Шағыр, Ақтас елді мекендерінде жаңадан ауыз су жүйесі құрылысы басталады.
Қала басшысы кәріз жүйесі мен жол салу мәселесі де назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
«Бүгінгі таңда Арыс халқы жыл сайын өсіп, қала қанатын кеңге жайып келеді. 2023 жылы қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің кәріз құбырларын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Ал, «Тараз» тұрғын ауданына жаңадан кәріз жүйесін жүргізу құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру көзделген. Бұдан бөлек, қаланың ішкі орамдағы кәріз жүйесіне қайта-құру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Жалпы, қаламызда тұрғын үйлерді 2027 жылға дейін 70%-ын кәріз жүйесіне қосу бойынша іс-шара жоспары дайындалуда,», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Бұдан бөлек, Сырдария және Атамекен елді мекендерінде 23 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Талдықұдық тұрғын ауданының ішкі көшелеріне тас төселетін болады. Ал, Арыс қаласында 10 көшеге, Қожатоғай мен Шағыр елді мекендерінде 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қала ішінде 10 дана автобус аялдамалары орнату жоспарланып отыр.
Advertisements