АРЫСТА ФУТБОЛДАН АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА АШЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

246
Бүгін қаламыздың Орталық стадионында Арыс қаласының Құрметті азаматы Шералы Әбдіәшімұлының 70 жылдық мерейтойына арналған футболдан ашық турнир өтті. 40-тан асқан ардагер спортшылар арасында өткен жарысқа Түркістан облысының аудан-қалаларынан құралған 12 команда бақ сынады.
Спартакиаданың ашылу салтанатында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мерейтой иесін құттықтап, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
«Бұл жарыс аға буынның жастарға көрсеткен үлгісі әрі бұқаралық спортты дамытудың ерекше тәсілі деп түсінеміз. Бұл жақсы бастама. Ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін. Өйткені, осындай спорттық шаралар біріншіден, ардагерлерге күш-қуат берсе, екіншіден, жас ұрпаққа үлгі өнеге болады,»- деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Өз кезегінде, саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған мерейтой иесі Шералы Әбдіәшімұлы қала әкіміне көрсетілген сый-құрметке алғысын айтып, барша жерлестеріне ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін, шаһар басшысы турнирді ашық деп жариялап, дода қызығы басталып кетті. Ең жасы 40-тан басталып, арғысы 60-қа дейін жететін ардагерлер алаңда әлі де тың екендерін көрсетті. Спортқа белсенді қатысудың денсаулыққа пайдасы зор екенін тағы бір дәлелдеген спортшылар топ-топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады.
Турнирдің фавориті саналған «Динамо» мен «Жалын» командалары топтық кезеңді сүрінбей өтіп, финалда өте тартысты ойын көрсетті. Финалдық ойында негізгі уақыт 2-2 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз тек пенальти сериясынан кейін белгілі болды. Нәтижесінде, қала ардагерлерінен құралған, талай турнир жеңімпазы «Жалын» командасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. «Динамо» екінші орынды місе тұтса, үшінші және төртінші орынды «Жігер» мен «Бәйтерек» командалары алды.
Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаз бен жүлдегер командаларға, үздік ойын көрсеткен жекелеген спортшыларға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтар мен кубоктар және медальдар табысталды.
12 команда, жүзден аса спортшылар қатысқан турнирде жанкүйерлер ардагерлеріміздің сыры кетсе де, сыны кетпеген шеберліктеріне тәнті болды.
«Турнирдің басты мақсаты да сол – зейнетте жүрген ардагерлеріміздің осындай салауатты өмір салтын насихаттайтын, жастарға үлгі болатын іс-шарада басын қосу» – дейді турнирді ұйымдастырушылардың бірі Азамат Байбосынов.
Возможно, это изображение 9 человек и текст
Advertisements