БІРҚАТАР ТҰЙЫҚ КӨШЕЛЕРГЕ ЖОЛ САЛЫНАТЫН БОЛДЫ
Бүгін шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова Әйтеке би көшесі бойында орналасқан тұрғын үй жұртымен кездесті. Қала әкімінің келгенін көрген тұрғындар өздерінің сұрақтарына жауап алып қалуға тырысты.
Тұрғындар бірқатар тұйық көшелерге жол салынбай қалғандықтан, көктем мен қыс мезгілдерінде балалардың мектеп пен балабақшаға баруы қиыншылық туғызатын айтып, жол салынса деген тілектерін жеткізді.
Қала әкімі тұрғындармен бірге ол көшелерді аралап, мәселенің мән-жайымен танысты. Алдағы уақытта қаржының мүмкіндігіне қарап, асфальт салу, кейбіріне гравий тас төсеу, тұйық көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесін шешуді қарастыратынын айтты.
Сондай-ақ, тұрғындар қоқыс төгу алаңдарының мәселесін шешіп беруді сұрады. Себебі, бірнеше жеке сектор мен қосқабатты тұрғын үйлерге ортақ қоқыс алаңдарына әркімде келіп, тұрмыстық қалдық тастауға құмар. Осыған байланысты, қала әкімі әр тұрғын үй тазалықпен айналысушы мекемемен келісім шартқа отырып, тұрмыстық қалдықтарды кестеге сәйкес шығару керектігін айтты. Ал, ортақ қоқыс жәшіктері алынып тасталады.
Өз кезегінде тұрғындар, қала әкіміне бағасы қалтаға тиімді қоғамдық көлік жүргізілгеніне ризашылықтарын жеткізіп, алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі.