АРЫС: ЕНДІ ДЕРМЕНЕДЕ ІШІМДІК САТЫЛМАЙДЫ

70

Арыс қаласына қарасты Дермене ауылы тұрғындары ішімдіктен толықтай бас тартты. Енді бұл елді мекенде алкаголь өнімдері ішілмейді де, сатылмайды да. Бұл – әлдекімнің қойған талабы емес, тұрғындардың өз қалауы.

Бүгін исі мұсылман үшін қасиетті саналатын жұма күні әкімдік пен ауыл ақсақалдары және белсенді жастары бас қосып, осындай көпке үлгі боларлық іс жасады.

Жалпы, 1700-ден астам тұрғыны бар Дермене ауылында 5 дүкен бар. Барлығы да бүгін сөрелерінен алкоголь сусындарды алып тастаған. Бұл бастама ауылда мас күйде жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алып, үлгілі ауыл ретінде таныту мақсатында жасалып отыр дейді ауыл әкімі.

«Ауылдағы кәсіпкерлерге рақмет айтамыз. Идеяны қолдағанына. Мұның бәрі жастарды зиянды әдеттерден арда етіп, саламатты өмір салтын ұстануға шақыру. Биыл ауылымызда Мәдениет үйінің іргетасы қаланды. Алда заманауи спорт кешенін салу жоспарда бар. Осылайша саламатты өмір салтын ұстанған үлгілі ауыл боламыз деп сенем,» дейді Дермене ауылдық округ әкімі Алдияр Құрманқожаев.

«Дерменеде арақ сатылмайды» деген жаңалыққа алғаш болып қуанғандардың бірі – Әбдіқадыр ақсақал. Қария соңғы кездері ауылдағы той, мерекелерде дастарханға арақ қою онсыз да сиреген еді дейді. Енді тіпті тыйым салынып отыр.

-Дұрыс шешім деп ойлаймын. Қазір мереке өткізгенде жас балдар ішіп алып түрлі жағдай болып жатыр. Сол үшін осы бастаманы қолдаймын. Көбісі шұбат пен қымызбен өткізіп жатыр. Жастарға үлкен сабақ болады деп ойлаймын, – дейді Дермене ауылының тұрғыны Әбдіраманов Әбдіқадыр.

Жалпы, жергілікті әкімдік мұрындық болған бастамаға ақсақалдармен бірге ауыл жастары да оң баға беруде. Бүгінде дерменеліктердің осындай игі бастамаларын көршілес ауыл тұрғындары да эстафета ретінде қабылдауға ниет білдіріп жатыр.

Advertisements