ҚАЛА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АРЫСТА ТҰҢҒЫШ РЕТ СКЕЙТ-ПАРК АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

73

Қала күніне орай мерекелік тартулар жалғасуда. Бүгін Арыста тұңғыш рет скэйт-парк алаңы ашылды. 2016 жылдан бастап Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген бұл спорт түрімен шұғылдануға енді Арыс жастары да мүмкіндік алды.

Шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова қала тұрғындарымен бірге алаңқайды аралап, онда сырғанақ теуіп жүрген балалармен тілдесіп, жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

Жаңадан ашылған скейт-парктің аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Онда бір мезгілде 80-қа жуық адам спортпен айналыса алады. Бұл жерде сейтбордингпен енді айналысып жүрген әуесқойларға арналған қарапайым фигуралар да, кәсіби скейтерлердің күрделі трюктар жасауына арналған фигуралар да орнатылған. Мұнда скейтбордингтен бөлек, велосипедті мотокросс және сырғуыш (самокат) тебуге де болады.

Жаңа скейт-парк «Теміржолшылар» саябағы аумағында орналасқан, онда скейтпен сырғанау алаңынан өзге воркаут аймағы, көше тренажерлары қойылған.

Заманауи талапқа сай жабдықталған скейт-парк Арыс жастарының уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін таптырмас орынға айналмақ.

Advertisements