АРЫСТЫҚТАР ҚАЛА КҮНІН ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАП ӨТТІ.

67

Арыс – Орта Азия қақпасы, батыс пен шығыс мәдениетінің тоғысы, қазақ теміржолшыларының құтты қонысы.

Арыс ежелден-ақ батырлардың, жыраулар мен ақындардың, әншілердің – өнер иелерінің қасиетті қонысы, қара шаңырағы екенін үлкен мақтанышпен айтамыз.

Бұл күндері еліміздегі болат жолдың шешуші учаскелерінің бірі саналатын Арыс теміржол торабының іргетасы төселгеніне 119 жыл толып отыр. Торап осы жылдар ішінде толысу мақсатында талай қайта жаңғыртулар кезеңінен өтті. Сондай-ақ, Арыстың қала статусын алғанына 67 жыл толды.

Осы орайда, кеше орталық Әл-Фараби алаңында қос мереке құрметіне  мерекелік салтанатты іс-шара өтті.

Шара барысында шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова мерекеге орай тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда, қаламыздың жаңарып, гүлденуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға құрмет-қошемет көрсетіп, марапаттар табыс етті.

Атап айтқанда, 10 азамат өз ісінің үздік маманы әрі қаланың дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Арыс қаласының «Құрметті азаматы» атанса, тағы 19 жерлесіміз «Арыс қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Салтанатты шара барысында Арыс қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов пен облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов та арыстықтарды мерекемен құттықтап, ақ тілектерін жолдады.

Бұдан кейін, үйдің ішкі және сыртқы көрнекіліктерін жаңартып, ауласын тазалап, көркейтіп, көгалдандыру жұмыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастырғаны үшін «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі кіреберіс», «Үлгілі ауыл» номинациялары бойынша бірқатар азаматтар марапатталып, қаржылай сертификаттарға ие болды.

Әрі қарай, Арыс аспанын әнге бөлеген мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, елімізге танымал әншілерді  жиналған қауымға өнер көрсетіп, ән-биден шашу шашты. Танымал кино және Жайдарман жұлдыздары «Миллион» командасы, танымал әнші Мақсат Базарбаев, жерлесіміз, әнші, эстрада жұлдызы Бейбарыс Серікбаев, әнші Сержан Әлі және Өзбекстаннан арнайы шақыртылған ВИА «Сұлтанбек» өнер көрсетіп, тамаша көңіл күй сыйлады.

Advertisements