АРЫС: ТАПСЫРМАЛАР МЕН ӨТІНІШТЕРДІҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

67

Түркістан облысы әкімдігінде тапсырмалардың орындалуы мен тәртібі жөнінде мәжіліс өтті. Күн тәртібінде құжат айналымы және облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының жүзеге асуы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің қаралу жағдайы, орындаушылық тәртібінің жай-күйі, облыс әкімінің халықпен кездесу барысында көтерілген мәселелердің орындалуы барысы талқыланды. Жиынға Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Облыс әкімі аппаратының бөлім басшыларының есебі тыңдалды.

Өз салалары бойынша Құжат айналымын қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Камелия Дүйсебекова, Өтініштердің қаралуын бақылау бөлімінің басшысы Шамшия Қыстаубаева, Персоналды басқару қызметінің басшысы Бақыт Ералиев, Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұркен Аралбеков баяндама жасады.

Жиында тапсырмаларды кешіктіріп орындаған басқарма басшыларының уәждері тыңдалды, оларға тәртіптік шара көру жөнінде ұсыныс берілді. Аудан, қала әкімдеріне де жұмысқа жауапкершілікпен қарау тапсырылды. Аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысы да сараланып, әкімдерге тиісті ескертпелер айтылды.

2023 жылдың 6 айында жалпы облыс көлемінде 32 854 өтініш, ұсыныс, шағым түсіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3%-ға көбейген. Түскен өтініштердің 28 127-і қаралды, 2 274 өтініш қаралуда, басқа өтініштер де бақылауға алынған. Әсіресе, жер және ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша өтініш көбірек. Түркістан облысы бойынша 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 1208 азамат сенім телефонына хабарласқан. Оның ішінде 892 азаматтың мәселесі қанағаттандырылды, 200 азаматтың мәселесі бойынша оларға заңға сәйкес түсіндірме беріліп, 116-сы орындалу барысында.

2022-2023 жылдары бекітілген кестеге сәйкес облыс әкімінің барлық аудан, қала тұрғындарымен жалпы 51 кездесуі өтті. Жалпы 51 кездесудің қорытындысымен халық тарапынан 473 мәселе көтеріліп, олардың 37-не заңнама аясында түсіндірме беріліп, қалған 436 мәселенің орындалуы бойынша іс-шара жоспары бекітілді. Оның 102 жобасы 2022 жылы, 166-сы 2023 жылы, қалған 168-і 2024-25 жылдары жүзеге асырылады деп межеленген. 2022 жылы жоспарланған 102 жобаның 85-і (83%) шешімін тапқан. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.

Мәжілісті түйіндеген аппарат басшысы тәртіпті күшейтуді және ел өтініштеріне жауап беру және өңірді дамыту бағытындағы тапсырмаларды сапалы атқаруды тапсырды.

– Тұрғындар тарпынан «е-Өтініш» ақпараттық жүйесіне, кездесулер барысында түсетін өтініштерге уақтылы жауап беру керек. Ай сайын өтініштердің барысын талдай отырып, өтініштердің мерзімінде және сапалы жолдануын қатаң бақылауға алу қажет. Шешімі табылмай жүрген мәселелерге талдау жасалып, арыз иесін жеке қабылдап, нақты шешілу жолдары бойынша заңға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілсін. Әр басқарма өз салалары бойынша аудандағы тұрғындар тарапынан көтеріліп отырған мәселелерге талдау жүргізіп, шешу бойынша жол картасын әзірлеп, облыс әкімінің салаға жауапты орынбасарымен келісіп, бекітуі тиіс. Кемшіліктерге жол берген басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері мен аппарат басшыларының тәртіптік жауапкершіліктерін қарау жөнінде ұсыныс беріліп, мәжілісте айтылған ұсыныстар хаттамаға енгізілсін, – деген Еркеғали Әлімқұлов хаттамалық тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда екенін жеткізді.

Advertisements