АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМДЫ, ОТАНДЫҚ ӨНЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫН САҚТАУ – ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ МҮШЕЛЕРІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

65

16 маусымда Түркістанда Ұлттық құрылтай қарсаңында жұмыс секцияларының отырысы өтіп, консолидация, мәдени-рухани даму, сондай-ақ білім және ғылым мәселелері талқыланды.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Ұлттық құрылтай Хатшысы Аида Балаева «Қоғамдық консолидация» секциясының модераторы болды.

​Талқылауға белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері, БАҚ басшылары, сарапшылар, оның ішінде Бану Нұрғазиева, Азат Перуашев, Уайс Ерсайынұлы, Байділда Жылқышиев, Нұртай Сабильянов, Ахмет Мұрадов, Айгүл Орынбек, Талғат Қалиев, Тәттігүл Талаева қатысты.

Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамыту және этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңнамалық реттеу, ұлттық идеологиялық күн тәртібін қалыптастыру ерекшеліктері, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі мәселелеріне баса назар аударды.

Бұдан бөлек, халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мәселесі көтерілді. Сарапшылар нотариустарды, адвокаттарды, полиция қызметкерлерін, прокуратура мен сот орындаушыларын тарта отырып, азаматтар үшін қоғамдық консультациялар ұйымдастыру тәжірибесін қайта жандандыруды ұсынды.

Ұлттық құрылтай мүшелері отандық БАҚ пен медиа контентті дамытуға, олардың қоғамдық консолидацияны нығайту құндылықтарын ілгерілетудегі рөліне қатысты пікірлерімен бөлісті.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов модератор болған «Мәдениет. Өнер. Руханият» жұмыс секциясының отырысында мәдени-рухани даму мәселелері қаралды.

Ұлттық құрылтай мүшелері қазіргі заманғы авторлардың әдеби шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды ілгерілету, отандық әдебиет пен киноны дамыту мәселелерін қозғады. Сонымен қатар музейлер, мәдени орталықтар, кітапханалардың, әсіресе ауылдық жерлердегі жұмысы, жас таланттарды ілгерілету және креативті индустрияны дамытуды қолдау тақырыптары көтерілді.

Жас ұрпақты тәрбиелеу мен олардың білімге деген құштарлығын ояту, салауатты өмір салтын, еңбекқорлықты, патриотизмді насихаттау мәселелеріне көңіл бөлінді. Бұқаралық спортты дамыту жөнінде ұсыныстар жасалды.

Қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдарының басшылары, атап айтқанда, Нұржан Светқали, Жанарбек Әшімжанов, Дәулет Тұрлыханов, Сәуле Досжанова, Айдос Сарым, Исламбек Салжанов, Бауыржан Губайдуллин, Ислам Байрамуков, Мақсат Толықбай, Олжас Сүлеймен және т.б. өз ойларын ортаға салды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек модератор болған «Білім және ғылым» жұмыс секциясының отырысы цифрлық және жаңа технологиялық шынайылықта қалыптасып жатқан жас ұрпақтың ерекшеліктеріне арналды.

Секция жұмысына оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, ғалымдар мен сарапшылар, оның ішінде Ғарифолла Есім, Мұрат Әбенов, Асқар Жұмаділдаев, Гүлмира Илеуова, Ерлан Саиров, Марат Башимов, Андрей Чеботарев, Амангелді Толамісов, Мақсат Жабағин, Кәрімбек Құрманалиев, Нұрлан Дулатбеков және т.б. қатысты.

Шара барысында ұрпақтар сабақтастығын сақтау, жоғары білім берудегі реформаларды жетілдіру, оның ішінде жоғары оқу орындарын басқарудың заманауи тетіктерін енгізу және оқытушылар мәртебесін арттыру мәселелері талқыланды.

Сарапшылар әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды дамыту және елдің жалпы идеологиялық негізін қалыптастыру тақырыбына да тоқталды.

Секция жұмысы аясында орта білім беру, әсіресе ауылдық жерлерде мектеп инфрақұрылымын жақсарту мәселелері қаралды.

Жұмыс секциялары отырыстарының қорытындысы бойынша Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру жөніндегі іс-шаралардың арнайы жоспары әзірленеді.

 

Advertisements