МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

65

Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі – Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларға құттықтау жолдады.

Президент құттықтауын Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді.

«Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы», деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты», – деді Мемлекет басшысы құттықтауында.

Президент жастарды адал азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру аса маңызды міндет екендігіне назар аудартты.

«Осы жауапты жұмысты абыроймен атқарып жүрген ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет білім саласын өркендетуге әрдайым баса мән береді. Елімізде жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай оқу орындары көптеп салынуда. Арнайы заң қабылданып, педагогтардың мәртебесі құқықтық жағынан реттелді. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бас назар аударылып жатыр. Осындай қолдау іс-шаралары болашақта да жалғаса береді. Бүгінгі басқосуда жас ұрпаққа озық білім, өнегелі тәрбие беру мәселесіне қатысты салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа 2023-2024 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Республикалық тамыз кеңесі өңірлерде жалғасты. Түркістанда өтіп жатқан жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды білім беру саласы бойынша ауқымды баяндама жасады.

Түркістан облысы республикада білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жағынан 1-орында. Салаға 2023 жылға 597,5 млрд. теңге қаржы бөлінген. Соңғы үш жылда облыста балабақша кезегінде тұрғандарға қаржы бөлінбеген. Биыл орын тапшылықты жою мақсатында жаңадан 8,5 мың орынбөлінді. Жалпы облыстағы балабақшаға бөлінген қаржы 102 млрд. теңгеге жетті.

Облыста 96 мектеп салынуда. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша өңірдеүш жылда заманауи 63 мектеп құрылысы жүргізілетін болады.

Қыркүйек айында жалпы көлемі 5 мың орыннан астам 17 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде облыстағы жекеменшік мектептер саны 110-ды құрайды.

– Балалардың жазғы сауықтыруын сапалы ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен әр балаға бөлінетін қаржы екі есеге, яғни, 30 мың теңгеден 60 мың теңгеге артты, жалпы            1,4 млрд.теңге қаржы бөлінді. Облыстағы лагерлер желісін арттыру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынып, қосымша 1 720 орынға арналған жаңадан 5 лагерді қайта құру және 4 лагерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталды. Нәтижесінде, жазғы 8 ауысымда 13 760 балаға қосымша орын ашылып, қамту көрсеткіші 24%-ға немесе 58 мың баладан 72 мың балаға артады,-деді облыс әкімі өз сөзінде.

Өткен жылы облыс мектептеріне жаңадан 60 арнайы пән кабинеті алынса, биыл 4 есеге артып, 240 пән кабинеттерін (физика-64, химия-48, биология-64, STEAM-64) алуға 3,1 млрд. теңге бөлінді.

Advertisements