ОБЛЫСЫМЫЗДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН АЗИЯ КУБОГЫ ДОДАСЫ БАСТАЛДЫ

94

Түркістанда қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған қазақ күресінен ересектер арасындағы Азия кубогы жарысы басталды. Дүбірлі күрес бәсекесіне Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркістан облысының командалары қатысып, боз кілем көркін қыздыруда.

Айтулы доданың ашылу рәсімі де жоғары дәрежеде өтті. Салтанатты шараға қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жарысқа қатысушы спортшыларды құттықтап, ыстық лебізін айтты.

– Түркі әлемінің рухани астанасы, қасиетті Түркістан төрінде қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы қазақ күресінен ересектер арасындағы атындағы Азия кубогына қош келдіңіздер. Қазақ күресі – ұлттық спорт түрлерінің ішінде өзіндік орны бар ерекше спорттың түрі. Қазіргі уақытта әлемнің 40-тан аса мемелекеттерінде ұлттық күресімізден федерациялар құрылып, жұмыстар атқаруда. Өздеріңізге белгілі, қазақ күресінен Әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткізіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Бұл іс-шаралардың барлығы бұқара халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, спорттық дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтауға өзіндік зор үлесін қосуда. Азия кубогының ұйымдастырушыларына, қатысушылары мен төрешілер құрамына Түркістан облысының халқы атынан сәттілік тілеп, шынайы алғысымды білдіремін, – деді Бейсен Тәжібаев.

«Qazaq kuresi» ассоциациясының бас директоры Ерлан Естек пен Түркістан облысы мәслихатыныңтөрағасы Нұралы Әбішов те жарысқа қатысушыларды құттықтап, мықтылар жеңіске жетсін деген тілек білдірді.

Тартысқа толы жарыстың бірінші күнінде қазақ күресі шеберлері 5 салмақ дәрежесінде белдессе, екінші күні 3 салмақ дәрежесімен қатар «Түйе балуан» бәсекесінің де жеңімпазы анықталады. Жалпы 8 салмақ дәрежесінде 150 спортшы бағын сынайды. Салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз атанған балуандарға 200 мың теңге берілсе, екінші орынға 100 мың және үшінші орынға 50 мыңнан қаржылай сыйақы беріледі. Сондай-ақ «Түйе балуанға» темір тұлпардың кілті табысталады.

Advertisements