ОБЛЫС ӘКІМІ ДАРХАН САТЫБАЛДЫ БАҚ ӨКІЛДЕРІН ТӨЛ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

65

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Ардақты ардагер журналистер!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деген қанатты сөзі бар. Бұл ретте Сіздер ел аманатына адал болып, журналистика саласында адал еңбек етіп жүрсіздер. Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін БАҚ өкілдері қашан да құрметке лайық. Түркістанды дамыту жолындағы бастамаларды жүзеге асыруда Сіздердің де қосқан үлестеріңіз мол.

Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңызда, дайындаған сюжеттеріңізде елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі бар. Ұлт болып ұйысуға, өңіріміздің қоғамдық-саяси ахуалын бекемдеуге, Мемлекет басшысының реформалары мен тапсырмаларын жүзеге асыруға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін.

Сіздердің салмақты сөздеріңіз бен салиқалы пікірлеріңіздің арқасында халық билікке өз сөзін жеткізіп отыр. Баспасөзбен тығыз байланыстың нәтижесінде атқарушы билік органдарының қызметі туралы облыс тұрғындарына жедел және дәлелді ақпараттар жетуде.

Қадірлі БАҚ өкілдері!

Түркістан өңірінде журналистика саласы өте жақсы дамыған. Біз қоғам үнін тыңдаймыз және әрқашан ел мүддесі жолында бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз. Жазарларыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, сөздеріңіз өтімді, еңбектеріңіз жемісті болсын! Сіздерді төл мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық және өздеріңізге шығармашылық табыстар тілеймін!

Құрметпен,

Дархан Сатыбалды

Түркістан облысының әкімі

Advertisements