АРЫС: ЖОЛДАРДЫҢ ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

142

Өңірдегі жолдардың құрылыс сапасы мен оның қысқа дайындығы толық бақылауға алынған. Қыс кезінде қауіпті болуы мүмкін деген жолдарда қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету – басты назарда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы мен жай-күйі туралы баяндалды. Облыс басшысы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін техника мен көктайғаққа қарсы материалдың көлемі жеткілікті болуын қатаң тапсырды.

Түркістан облысының Арыс қаласы, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран, Отырар аудандарындағы жергілікті маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктерінің жүктеме көрсеткіштері сақталмауынан жолдар мерзімінен бұрын жарамсыз жағдайға жетуде. Мәселені шешу үшін облыстық және аудандық маңызы бар жолдарына автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату қаралуда.

Сонымен қатар жиналыста инертті материалдарды өндіретін карьерлерге салмақ өлшейтін таразыларды орнатуды міндеттеу мәселесі талқыланды. Облыс аумағында 159 карьер орналасқан. Олардың 140-да таразылар орнатылмаған. Өңір басшысы карьер иелерін жүк көліктеріне арналған таразымен толық қамтуды жүктеп, мәселені толық шешуді міндеттеді.

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуат Жұматаевтың баяндауынша, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92%-ды құрайды. Биыл жалпы 676 нысан не 1586,4 шқ. жолдар мен көшелерді жөндеуге қаражат қаралған.

Бүгінде Түркістан-Шәуілдір бағытындағы ұзындығы 64,1 шақырымды құрайтын жолдың 52,7 шақырымында қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан қаласының әуежайы мен Кентау қаласын қосатын 26 шақырым жолды қайта құру жұмыстары іске асырылды. Сауран ауданының Қарнақ, Ойық, Шоқтас ауылдарын облыс орталығы Түркістан қаласына қосатын 37,2 шқ облыстық маңызы бар жол құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ Жамбыл облысы мен Түркістан облысын байланыстыратын, Созақ ауданының елді мекендерін аудан және облыс орталығына қосатын 152 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтуде. Жыл қорытындысымен 63 шақырымы аяқталады. Аудандарда облыстық маңызы бар бірнеше жол жөнделіп жатыр. Келес ауданы мен және Шардара ауданын жалғайтын 29 шқ. жол жөндеуден өтуде. Мақтаарал және Келес аудандарында 2 көпір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Advertisements