Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 4 трлн теңгені құрады

67

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің геология саласын дамыту мәселелері қаралды. Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейспеков тақырыпқа қатысты баяндама жасады. Сонымен қатар энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көмірсутек көздерін барлау саласында жүргізіліп жатқан жұмыс туралы, ЦДИАӨМ басшысы Бағдат Мусин геология және жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыру барысы туралы баяндады.

 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі Қазақстанның минералдық-шикізат базасына қатты және кең таралған пайдалы қазбалар, көмірсутектер және жер асты сулары кен орындары кіретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, жалпы мемлекеттік теңгерімде пайдалы қазбалардың 100-ден астам түрі бойынша 8 мыңнан аса кен орны есепке алынған. 12жыл ішінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 2 трлн теңгеден астам жеке инвестиция салынды. Бұл ретте қаражаттың басым бөлігі көмірсутектерді зерттеуге бағытталған, қатты пайдалы қазбаларға 479,7 млрд теңге жұмсалды. Келтірілген ақпаратқа сүйенсек, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу екі бағыт бойынша жүргізіледі. Олар – өңірлік зерттеулер және жер қойнауын іздеу жөніндегі жұмыстар. Жер қойнауын өңірлік зерттеу жұмыстары бүкіл ел бойынша жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағының 4,5%-ы екі жүз мыңдық масштабта геологиялық жете зерттеумен қамтылған.

 

«Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда геологиялық барлауды мемлекеттік қаржыландыру бір шаршы шақырымға $8-ден төмен. Мысалы, Аустралияда бір шаршы шақырымға – $167, Канадада $203 бөлінеді. Қазақстанның әлеуетін зерделеу және барлауға инвестицияларды ұлғайту үшін бірінші кезекте өңірлік зерттеулерді тиісті қаржымен қамтамасыз ету қажет», — деді Азамат Бейспеков.

 

Екінші бағыт бойынша моноқалаларға жақын орналасқан қала құрушы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 16 учаскеде іздеу жұмыстары жүргізілуде. 12 учаске бойынша жұмыстар Үкімет басшысының сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына жер қойнауын пайдалану үшін елдің қолжетімді барлық аумағы енгізілген. Алайда, аумақтық шекаралардың өзгеруіне байланысты бағдарламаға техникалық түзету жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады. Биылдан бастап «MINERALS.GOV.KZ» ақпараттық платформасы өнеркәсіптік тұрғыда пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда платформа геологиялық ақпаратпен толықтырылуда. Қазірдің өзінде 40 мыңға жуық есеп жүктелді. Жыл соңына дейін қосымша 16 мың есеп жүктеледі.

 

«Жалпы Геологиялық материалдарға ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушылардың бизнес-процестерін цифрлық форматқа көшіру, сондай-ақ әлеуетті және жұмыс істеп тұрған инвесторлар үшін бірыңғай терезе қағидатын іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар тамыз айының басында барлау учаскелері бойынша алғаш рет электрондық аукцион өткізілді. Шығарылған 29 лот бойынша қол қою бонусының сомасы 1 млрд теңгеден асты», — деді спикер.

 

2021 жылы жер қойнауын пайдаланушыларға кешенді сервистік қолдау көрсету үшін Ұлттық геологиялық қызметі құрылған. Аталған қызмет магниттік пен қағаз жеткізгіштердегі//нұсқадағы және картридждердегі бастапқы геологиялық ақпараттарды цифрландыру бойынша жұмыстарды жүргізуде. Олар да «MINERALS.GOV.KZ» ақпараттық платформасында ашық қолжетімді болады.

 

Минералдық-шикізат базасын толықтыру және салаға инвестициялар тарту мақсатында келесідей шаралар ұсынылады.

 

Бірінші. Жер қойнауының мүмкіндіктерін ашу үшін жағдай жасау мақсатында геологиялық барлауды Қазақстан Республикасының жалпыұлттық басымдықтарына енгізу. 2029 жылға қарай қатты пайдалы қазбаларды барлауға мемлекеттік және жеке инвестициялар деңгейін бір шаршы шақырымға $300-ге дейін арттырудың жаңа тетіктері әзірленетін болады. Екінші. Тарихи деректердің барлық түрлеріне кешенді талдау жүргізу жоспарлануда. Бұл тәсіл пайдалы қазбалардың әрбір түрі бойынша саланың жоспарлы дамуына жағдай жасайды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасады, ол Министрліктің тұрақты бақылауында болады.

 

 

 

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Министрлік өткен жылы көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану үшін инвестиция тарту мақсатында бірқатар заңнамалық бастамалар қабылдаған.

 

«Біріншіден, «Дәстүрлі емес көмірсутектер» деген ұғым енгізілді, дәстүрлі емес көмірсутектерді есептеу жөніндегі нұсқаулық пен әдістеме қабылданды. Бұл «жеңіл мұнайды» игеруден «алынуы қиын» мұнайды игеруге ауысуға//ойысуға дайын болуға мүмкіндік береді. Екіншіден, Аукциондар арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсімі оңайлатылды. Үшіншіден, жер қойнауын пайдалану саласында күрделі жобалар бойынша «жақсартылған модельдік келісімшарт» енгізілді. Мұнда маңызды реттеушілік және фискалдық преференциялар пакеті бекітілген», — деді А. Сәтқалиев.

 

Осы жылы Министрлік депутаттармен бірлесіп, «Жер қойнауы туралы» кодекске тағы да түзетулер дайындады. Онда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін ынталандыру шаралары көзделеді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.

 

А. Сәтқалиев 1 тамыздағы жағдай бойынша көмірсутектер саласында 292 келісімшарт қолданылғанын, оның ішінде өнімді бөлу туралы келісім – 9, барлауға қатысты – 26, барлауға және өндіруге байланысты – 147 және өндіру бағытында – 110 келісімшарт жасалғанын баяндады.

 

«2023 жылдың І жартыжылдығында көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі 4 трлн теңгені құраы, бұл – 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110%. Оның ішінде, осы жылдың 6 айында геологиялық барлауға жұмсалған шығындар 187 млрд теңгені құрады, ал 2022 жылы – 135,7 млрд теңге болған еді.Келісімшарттардың барлаудан өндіруге жылдам көшуіне өткен жылы қабылданған заңнамалық өзгерістер де ықпал етті (Дұрысы – Барлау жұмыстары бойынша жасалған келісімшарттарды өндіру бағытындағы келісімшарттарға жылдам ауыстыруға өткен жылы қабылданған заңнамалық өзгерістер де ықпал етті)», — деп атап өтті министр.

 

Сонымен қатар инвесторлар мен жұмыс істеп тұрған жер қойнауын пайдаланушылар жақсартылған модельдік келісімшартқа үлкен қызығушылық танытты.

 

«Осы жылдың басынан бастап күрделі жобалар бойынша 3 келісімшарт жасалды, олардың құны құрылыс кезеңінде шамамен $8 млрд болды. Бұдан басқа, жақсартылған модельдік келісімшартқа көшу мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар бұрғылау және барлау жұмыстарын жандандырады. Ондағы басты шарт – жұмыс бағдарламасында көзделген жұмыстардың физикалық көлемін толық орындау. Осылайша, өткен жылы қабылданған реформалар біртіндеп тиімділікті көрсетіп келеді. Бұны инвестициялардың өсуі, жер қойнауын пайдаланушы қабылдаған келісімшарттық міндеттемелердің орындалуы және кен орындарын өнеркәсіптік өндіріске жедел тарту растап отыр. Министрлік жер қойнауын жосықсыз пайдаланушыларды анықтау мақсатында келісімшарттарға ревизия жасап жатыр», — деді министр.

 

Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап Министрлік 29 келісімшартты бұзды, 9 келісімшарт бойынша 1,9 млрд теңге көлемінде берешек өтелді. Мемлекетке қайтарылған жер қойнауы учаскелері аукционға қойылады. Бұл геологиялық барлауға инвестициялар тарту және бұрынғы иелері ұзақ уақыт ұстап отырған кен орындарын өнеркәсіптік айналымға жылдам енгізу мақсатында жасалады.

 

«Мәселен, биылғы 12 шілдеде кезекті электрондық аукцион өтті, оның нәтижелері бойынша 3,4 млрд теңге көлемінде қол қою бонусын төлей отырып, 11 жер қойнауы учаскесі сатылды. Геологиялық барлауға салынған инвестициялар $35 млн құрады. Осы жылдың соңына дейін тағы 2 электрондық аукцион өткізу жоспарлануда. Келесі аукцион биылғы 20 қазанға жоспарланған, онда 11 жер қойнауы учаскесі (9 – барлауға және өндіруге, 2 – өндіруге) қойылған. Бастапқы қол қою бонусы – 456 млн теңге. Геологиялық барлауға салынған инвестициялар $42,5 млн құрайды. Министрлік салаға инвестициялар тарту үшін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, әрбір кезеңде жер қойнауын пайдалану құқығын берудің түсінікті және ашық рәсімдерін қамтамасыз ету және көмірсутектер саласындағы геологиялық саланы дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады», — деді министр.

 

 

 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өз кезегінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл маусым айында «minerals.gov.kz» платформасы іске қосылғанын жеткізді.

 

«Платформа жер қойнауын игеруге мүдделі инвесторлар мен бизнеске қолайлы жағдай туғызып отыр. Бүгін геологиялық зерттеу нәтижелері бар жерлер туралы ақпарат пен қолданыстағы келісімшарттар жүйеге енгізілді. Бүгін жалпы саны 57 мыңнан тұратын қосалқы есептің 39 мыңы цифрлық нұсқада қолжетімді. Осы жылдың соңына дейін бастапқы геологиялық есептерді алу мүмкіндігін беретін функция әзірленетін болады. Сондай-ақ платформада қорғаныс және ұлттық мақсаттағы жерлер, су қорлары, биотермиялық шұңқырлар(өлген мал көмілетін орын – мал қорымдары), зираттар және өзге де тыйым салынатын аумақтар тобы жинақталған. Бұл кем дегенде 60 картографиялық қабат жөніндегі ақпарат. Деректердің «актуалдылығын» сақтау мақсатында осы жылдың соңына дейін платформада салалық мемлекеттік органдардың арнайы автоматтандырылған жұмыс орындары қосылады», — деді министр.

 

Оның айтуынша, келесі маңызды бағыт – бұл бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қарым қатынасты жеңілдету.

 

«Бизнес пен инвесторлардың өтінім беру, лицензия алу, есеп тапсыру сияқты процесстері сарапталып, оларға реинжиниринг жасалып, цифрлық форматқа көшірілді. Нәтижесінде, аталған процестер барысында орын алатын бюрократия, қағазбастылық пен табалдырық тоздыруды қысқаратын болады. Бүгін барлауға және өндіруге өтініш беру, шектеу салынған аумақтарды пайдалану фактісін тексеру, лицензияға қол қою, өтініштерді келісу немесе бас тарту және сотқа беру сияқты процесстер автоматтандырылды. Лицензияларды беру үрдісін жеңілдету үшін мемлекеттік органдардың тисті ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізілді. Бастапқы сатыда жеке және заңды тұлғалардың деректер базалары, жеке деректерді бақылау қызметі мен бірыңғай дербес шоттар ақпараттық жүйелері қосылды», — деді Б. Мусин.

 

Министрдің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта, екінші деңгейлі банктермен төлемдерді жүзеге асыру, аукциондар өткізу, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бақылау сияқты ақпараттық жүйелер іске қосылатын болады. Бүгінде платформа пайдаланушыларының жалпы саны 1519-ға жетті. Барлау мен өңдеуге 315 электрондық өтінім берілген. Жалпы, осы жұмыс одан әрі жалғасады.

Advertisements