ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 5 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ЖӘНЕ 1 МАМЫР – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ҚАЗАҚСТАН – ДОСТЫҚ МЕКЕНІ» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫНДА АРЫСТЫҚТАР ӨЗ ӨНЕРЛЕРІН КӨРСЕТТІ

60

Қонақтар алдымен этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдары мен қолөнер көрмесін тамашалады. Достық пен бірлік, ізгілік пен еңбек насихатталған салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті мерекемен құттықтады.

– Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бірлік пен ынтымақ мемлекетіміздің тұрақты дамуына жол бастайды. Бірліктің арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылыққа қол жеткізе білді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақытта облыс пен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды. Тарихи шаһарда жүздеген нысан бой көтеріп, жаңара түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Түркістан облысында 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІ сессиясында Мемлекет Басшысы «Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс», деді. Бірлігіміз нығайып, берекеміз арта берсін! Ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында Жаңа Қазақстанды өркендетуге атсалысайық! – деді Дархан Сатыбалды.

Мерекелік іс-шарада елдің рухын көтеретін әндер шырқалды. Қазақтың би өнері дәріптеліп, Сүгірдің термесі орындалды. Сонымен бірге бауырлас халықтардың ұлттық әндері де мерекенің адарын аша түсті. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздары жұртшылықты өнерімен тәнті етсе, мереке «Туған жер», «Бірлігіміз жарасқан» әндерімен түйінделді.

Осы күні ұйымдастырушылар Түркістан тұрғындары мен қонақтарына ерекше тосын сый жасады. Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай, 5 мың дана кәуап әзірленді. Тайқазан үлгісіндегі 100 метрлік мангал құрылып, онда 30 аспаз бірігіп, дәмі тіл үйіретін кәуап пісірді. Жұртшылық бірлік пен ынтымақ дастарқанынан дәм татып, мазмұнды іс-шара Түркістан төріндегі мерекелік серуендерге ұласты.

Advertisements