АРЫСТЫҚ СПОРТШЫЛАР АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНАН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Өзбекстанның Самарқанд қаласында 26-30 сәуір күндері байдарка және каноэ есуден 23 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Параканоэден де Азияның үздіктері анықталды. Сары құрлық елдерінің спортшылары жиналған дода өте тартысқа толы болды. Еліміздің намысын қорғаған Түркістан облысының спортшылары 8 алтын, 13 күміс және 6 қола медаль еншілеп, жалпы 27 медальді құрама қоржынына салды. Сары құрлық елдерінің ескекшілер додасына 11 мемлекеттен таңдаулы спортшылар қатысқан болатын.
Бұл сында параканоэ сайысында жүлде салған түркістандық саңлақтар арасында
Бибарыс Спатай 2 алтынға ие болса, Жаңыл Балтабаева 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Ал Жалғас Тайкенов 2 күміс медальға қол жеткізді.
Ал кәсіби спортшылар сынында байдарка және каноэ есуде Антон Сергеев 1 алтын, 2 күміс еншілесе, Бекарыс Раматулла 3 алтын, 1 күміс олжалады. Карина Семеникина 1 алтын жүлдеге ие болса, Диас Бахраддин 2 күміс, 1 қолаға, Дильфузахон Эргашханова 2 күміс, 2 қолаға, Карина Нургалиева 1 күміс пен 1 қола жүлдеге иелік етті. Ал Евгения Тютюкина Екатерина Афанасьева күміс жүлдені місе тұтты.
Байдарка, каноэ және параканоэда есуден Түркістан облысының ескекшілері тәжірибелі тәлімгерлердің жетекшілігімен жарысқа дайындалды. Олар: Ольга Ковалева (байдарка спорты бойынша аға жаттықтырушы), Еркебұлан Кеңесов (каноэ бойынша аға жаттықтырушы), Генадий Иванов (параканоэ бойынша аға жаттықтырушы). Өзге де бапкерлер еңбек сіңірді.
Олжа салған спортшылар — білікті басшы Денис Жәрменов жетекшілік ететін Түркістан облысының су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері.