Түркістан облысының әкімі онлайн қабылдау өткізді

403

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Ашық әкімдік» алаңында жеке азаматтарды онлайн қабылдады. Елдегі карантин жағдайына байланысты азаматтардың жеке қабылдауы онлайн форматта өтті. Әкімнің жеке қабылдауына өз мәселесімен 10-нан астам азамат қатысты. Облыс басшысының қабылдауына жазылған азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді. Аймақ басшысынан тұрақты жұмыс табуда көмек көрсетуін сұрағандар да болды.

Атап айтсақ, Келес ауданы Көкбұлақ елді мекенінің тұрғыны Әлия Жангелдиева ауылдағы көшелердің күрделі жөндеуден өтуі бойынша сауал қойды. Ауыл ішіндегі жолдың сметалық құжаттамасы өткен жылы әзірленген. Биыл жергілікті бюджетке енгізілді. Жол жыл соңына дейін толық жөндеуден өтеді. Әкім қабылдауында болған Арыс қаласының тұрғыны сирек кездесетін целиакия диагнозымен ауыратын егіз балаларына глютенсіз тағамдарын алуға облыс тарапынан көмек көрсетуін сұрады. Облыс бойынша осы дертке шалдыққан 60-тан аса бала тіркелген. Өмірзақ Естайұлы наурыз айында өтетін Түркістан облыстық маслихатының сессиясына мүгедек балаларға целиакия ауруы бойынша жергілікті бюджет есебінен глютенсіз тағам алуға ұсыныс дайындалатынын жеткізді.

Облыс әкімінің қабылдауына жазылған Қалдықыз Мұсаева облыс әкімінен 22 жастағы ұлын жұмысқа орналастыруға көмек көрсетуді сұрады. Бұл отбасы тұрғылықты мекен – жайы бойынша Шымкент қаласында тіркелген екен. Түркістан қаласында жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін тұрғылықты мекенжайы Түркістанда болу қажеттілігі түсіндірілді. Содан кейін өз мамандығы бойынша «Жастар практикасына» қабылданып, жолдама берілетін болады. Түркістан қаласының тұрғыны Елтай Бимахамбетов Түркістан қаласында Қазыбек биге ескерткіш орнату мәселесін көтерді. Облыс әкімі мұндай мәселенің тікелей Мәдениет және спорт министрлігінің «Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидалары» бұйрығына сәйкес іске асырылатынын түсіндірді.

«Мұндай мәселелерге біз өте мұқият қараймыз. Талаппен қараймыз. Оның өз тәртібі бар. Заң талаптарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қажетті құжаттарды ұсынады.Сосын облыстық мәдениет басқармасы тиісті құжаттарды жинақтап, министрлік жанынан құрылған арнайы комиссияға ұсынады. Комиссияның қорытындысымен мақұлданған жағдайда, ескерткішті орнату мәселесі қарастырылатын болады», – деді облыс әкімі.

Түркістан қаласы мен Мақтаарал ауданының тұрғындары ауыз су мәселесін көтерді. Мақталы а/о, Жайлаукөл елді мекеніне жыл соңына дейін жаңадан ауыз су құбыры тартылмақ. Ал, Түркістан қаласындағы жаңадан қоныстанған аумақтарды ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету бойынша сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалауға ұсынылады. Құрылыс жұмыстары 2022 жылға жоспарланды.

«Кезінде инфрақұрылымы жүргізілмей, бірден үйлер салынып кеткен жерлерге құбыр жүргізу қиын. Бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі.
Негізі құрылыс басталмас бұрын біз ең алдымен су, жарық, газ, жылу, кәріз құбырларын тартамыз. Әр өтініш – тілектің артында адам тағдыры тұрғанын мен жақсы түсінемін. Сондықтан, барлық мәселені өз бақылауыма аламын. Бүгін қозғалған тұрғындардың мәселелерінің толық заң шеңберінде шешу жолы қарастырылады»,- деді Өмірзақ Естайұлы.

Ал, Отырар ауданындағы Көкмардан ауылының тұрғыны Қуат Расиллаев жаз мезгілінде орын алатын ағын су тапшылығы туралы мәселе көтерді.
«Алтынбеков» және «Көкмардан» каналдары механикалық тазалаудан өткен. Қалпына келтіру жұмыстарын наурыз айынан бастау жоспарланған. Ағын су тапшылығы толық шешілетін болады.

Өмірзақ Шөкеев түркістандықтардың ұсыныс – шағымдарын жеке бақылауына алып, жауапты тұлғаларға әр азаматтың мәселесін жіті талдап, қысқа мерзімде заң аясында шешуді тапсырды.

Advertisements