Түркістан облысындағы жаңа түзету кабинеті жылына 150 “ерекше” балаға көмек бере алады

387

Түркістан облысының Қарабұлақ ауылында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Түзету кабинеті «Дара» қорының, «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының және Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының серіктестігі нәтижесінде жүзеге асты.
Мұнда әрбір «ерекше» бала мен оның отбасы дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, ЕДШ нұсқаушысы, музыкалық-ырғақтық сабақтар мұғалімі және баланың дамуына қолдау көрсететін басқа да мамандар тобынан білікті көмек ала алады. Түзету кабинетінде қажетті заманауи жабдықтар бар: емдік дене шынықтыруға арналған ған кешендер, Монтессори бөлмесі, балама коммуникация құралдары, дидактикалық және әдістемелік материалдар, сондай-ақ баланың дамуына жан-жақты баға беруге және өткізілетін сабақтардың тиімділігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз ету де бар.

«Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін ашу – инклюзивті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Жыл сайын бір түзету кабинеті әртүрлі диагноздары бар 150-ден астам балаға қызмет көрсете алады. ППТК-де балалар мен олардың отбасыларына қызметтер тегін көрсетіледі. Біздің Қордың қолдауымен бүкіл Қазақстан бойынша, Қарабұлақта ашылып жатқан ППТК-ті қоса алғанда 15 түзету кабинеті және16 ресурстық орталық ашылды», – дейді «Samruk-KazynaTrust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының мәліметінше, Сайрам ауданында ерекше білім беру қажеттілігі бар 3552 бала тұрады, оның ішінде 1 676-сы мүмкіндігі шектеулі балалар.

«Түзету кабинетінің қызметіне деген жоғары қажеттілікті ескеретін болсақ, ерекше баланың отбасына көмектесетін ұйымдар желісін одан әрі кеңейту мәселесі өзекті болып қала береді. Қарабұлақ ауылында ППТК ашылуы барлық балаларға тиімді және кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау алуға мүмкіндік береді», – деді «Дара» қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова.

Айта кетейік, бұл «Әр алуан – бірақ тең: Қазақстанда инклюзивті қоғамқұру» жобасы аясында Түркістан облысындағы «Дара» қоры ашқан төртінші ППТК.

Advertisements