Шымкентте жол таңбаларын сызуда суық пластик қолданылмақ

294

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жарты жылда атқарған жұмыстарының есебін тыңдады.

Басқарманың жұмысы 15 индикаторлық көрсеткіштер бойынша бағаланады. Оның ішінде қаладағы барлық 3200 шақырымнан асатын автомобиль жолдарының үлесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың көлемін 63,6 пайызға жеткізу көзделген.

Биыл 71 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып, межеленген жұмыстардың 80 пайызы орындалған. Орташа жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 200 шақырымнан асатын 160 көшені қамтиды. Бірінші жартыжылдықта жөндеу жұмыстары 66 көшеде аяқталды.
Жолдардың ахуалын талдаған қала әкімі Мұрат Әйтенов, жол салу барысында инженерлік желілер құдықтары жол бетімен бір деңгейде болуы керектігіне назар аударды. Жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге кететін шығын жаңа жолдар салуға жұмсалатын қаржымен бірдей болатынын атап, күрделі жөндеуден өткізілген жолдардың санаты артатынын, олардың жүк көтеру қабілеті жақсара түсетінін айтып өтті. Құрылыстың техникалық ерекшеліктері жөнінде тұрғындарға ақпарат беруде жүйелі жұмыстар атқаруды тапсырды.

Жол сапасын арттыру тәртіп пен бақылауды күшейтуді талап ететінін ашып айтқан қала басшысы, жол жөндеуге тартылған мердігер компаниялардың атқарып отырған жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды талап етті. Кейбір компаниялар өз міндеттемелерін орындауға салғырт қараған, нәтижесінде, оларға бөлінген жол учаскелерін кері қайтару жөнінде шешімдер қабылданған. Жауапкершілігі төмен мердігер ұйымдар іс-әрекетінің салдарынан кейбір көшелердің жөндеу жұмыстары баяулаған.

Қала басшысы Республика даңғылы қаланың негізгі көлік магистралінің бірі екендігін атап өтті. Қазіргі таңда трасса бойымен жүргізілген инженерлік желілер құдықтарын жол бетімен бірдей деңгейге көтеру жұмыстары атқарылған. Жол таңбаларын сызуда қаланың ауа райына шыдас беретін суық пластик технологиясы қолданылмақ. Даңғыл бойындағы аяқжолдарға брусчатка төсеуде бырыңғай тәртіпті ұстану тапсырылып, қаланың басты транспорттық күретамыры саналатын автожолды тез арада бітіру жөнінде нақты міндет қойылды.

Биыл 157 шақырым болатын жолдарға шағал тас төсеу жұмыстары жоспарланған. Оған қосымша инженерлік инфрақұрылым тартылған аумақтардың да көшелері қосылып отыр.
Мұндай жұмыс әдісі түпкілікті дұрыс емес екендігін назарға алған қала басшысы, қала әкімдігінің салалық басқармаларына жер қазу жұмыстарын атқарған мердігер ұйымдар, өздері бұзған жолдарды қалпына келтіруі тиіс деген талапты құжат жүзінде бекітуді тапсырды. Жол жабындыларының нормативтерге сай нығыздалуын қадағалауды жүктеп, қажет болған жағдайда жолдың нығыздылық деңгейіне зертханалық әдіспен бақылау ұйымдастыруды тапсырды. Ең бастысы, тұрғындар лай кешіп, зардап шекпеуі тиіс екенін қатаң түрде ескертті.

Advertisements