АРЫСТА ӘКІМНІҢ ЖАҢА ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

231

Түркістан облысы әкімдігінің конкурстық комиссия шешімінің негізінде Арыс қаласы әкімінің өкімімен Сұлтанов Алмаз Советұлы Арыс қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Қала басшысы Гүлжан Құрманбекова жаңа орынбасарының қызметіне сәттілік тіледі.

«Алмаз Советұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалымен жақсы таныс. Түрлі салада жинақтаған мол тәжірибесін Арыс қаласын одан әрі дамытуға аянбай жұмсайды деп сенім білдіремін», – деді қала басшысы.

Алмаз Советұлы 1984 жылы Арыс қаласында дүниеге келген. Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетін «Құқықтану», академик Ә.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша жоғары білім алған.

Еңбек жолын 2008 жылы Арыс қаласы әкімі аппараты ұйымдастыру және кадрлық жұмыс бөлімінде жетекші маман болып бастаған. Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы әкімінің аппаратында халықпен жұмыс жүргізу, Арыс қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маман қызметтерін атқарған. 2020 жылы Арыс қаласы әкімі аппараты ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы болды.

2022 жылдың қаңтар айынан бері Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.

 

Advertisements