Бес айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тұрғын үйді пайдалануға беру 3,4%-ға өсті

200

Үкіметтің кезекті отырысында еліміздің биылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, биылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,6%-ды құрады.

Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсудің жеделдеуі, экспорт көлемінің артуы байқалады.

Нақты сектордағы өсім 4,8%-ды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ға дейін ұлғайды. Салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Инвестициялар білім беруде 72%-ға, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 55%-ға, ғылыми және техникалық қызметте 36%-ға, денсаулық сақтауда 28%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 20,4%-ға, саудада 14%-ға, құрылыс саласында 10,7%-ға өсті.

Ұлттық банк төрағасыныңайтуынша, биылғы мамырда жаһандық нарықтарда құбылмалылық сақталды. Әлемдік экономика геосаяси тәуекелдер мен тұрақты жоғары инфляция аясында жұмыс істеп келеді.

«Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында тіркелді. Осы жылғы қаңтар-сәуірде сыртқы сауда тауар айналымы 40,8%-ға өсіп, $39,7 млрд құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш шамамен 60%-ға өсіп, $26,5 млрд жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 32%-ға артып, $7,3 млрд құрады. Тауарлар импорты – $13,2 млрд. Жалпы, оң сауда балансы – $13,2 млрд», — деді Ә. Қуантыров.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Биылғы қаңтар-мамыр айларында өндіріс көлемі 5,3%-ға өсті. 16 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Қостанай, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалуда.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,9%-ға, оның ішінде автомобиль жасау – 22,8%-ға, компьютер, электронды және оптика құралдарын жасау – 17,3%-ға, құрылыс материалдары – 5,2%-ға, сусындар – 18,3%-ға, пластмасса бұйымдары – 11,4%-ға, дайын металл бұйымдары – 10,2%-ға, фармацевтика өнімдері – 4,7%-ға, киім өндірісінің – 9,9%-ға өсуі қамтамасыз етілді.

Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,3%-ға ұлғайды.

Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 18,9%-ды, газ өндіруде – 6,3%-ды, шикі мұнай өндіруде – 4,7%-ды, көмір өндіруде – 2,2%-ды, металл кендерін өндіруде – 1,9%-ды, өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде – 0,2%-ды құрады.

Қаралып отырған кезеңде құрылыс секторының өсу қарқыны жеделдеп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,9%-ға өсті.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, көрсеткіштің оң өсімі 15 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Ақмола және Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалуда.

Биыл қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 3,4%-ға өсіп, 4,7 млн шаршы метрді құрады. Оң динамика 13 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында.

Есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,3%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 11 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. Ең төмен көрсеткіш – Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында байқалуда.

«6 көрсеткіш бойынша оң өсім 7 өңірде тіркелді. Олар Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы. 5 көрсеткіш бойынша оң өсім 3 өңірде – Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында байқалуда. 4 көрсеткіш бойынша оң өсім Түркістан облысында болды», — деді Ә,Қуантыров.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр.

1. Салынып жатқан объектілерді уақытылы пайдалануға беруді бақылауды қамтамасыз ете отыра, құрылыс жұмыстары маусымын тиімді жүргізу.

2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын мониторингтеу және тиісті қалыпқа келтіру шараларын қабылдау.

3. Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарын құруды екпінді қадағалау.

4. Инвестицияларды белсенді тарту және инвесторлармен нүктелі жұмыс жүргізу, әр инвестициялық жобадан келетін экономикалық қайтарымды максимизациялау.

5. Экспорттық міндеттемелердің толық орындалуына жәрдемдесу және экспорттаушыларды барлық деңгейлерде қолдау.

ҚР ҰЭМ атап өткендей, жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Ұлттық банк төрағасы Ғ. Пірматов биылғы мамырда жаһандық нарықтарда құбылмалылық сақталды. Әлемдік экономика геосаяси тәуекелдер мен тұрақты жоғары инфляция аясында болды.

Дамыған елдердің орталық банктері инфляциямен табанды күресетінін және монетарлық талаптарды біртіндеп қалпына келтіретінін мәлімдеді.

«Әлемде ақша-кредит талаптары күшейтіліп жатыр. Мамырда АҚШ Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені 50 базистік тармаққа көтеріп, 1 маусымнан бастап балансты қысқарту басталғанын жариялады. Жыл соңына дейін мөлшерлеменің тағы 200 базистік тармаққа 3%-ға дейін көтерілу мүмкіндігі бар. Биылғы шілдеде Еуропа орталық банкі 2011 жылдан бері алғаш рет мөлшерлемені бірінші болып көтеруі мүмкін», — деді Ғ. Пірматов.

Ұзақ мерзімді облигациялар кірістілігінің жылдам өсуі және экономикасы дамыған елдерде, әсіресе, АҚШ-та ақша-кредит саясатының барынша жылдам күшейтілуін күту тәуекелді активтерге аздап қысым көрсетеді.

Мәселен, мамырда 2022 жылдың басынан бастап дамыған елдердің акциялары  13,6%-ға  төмендеді, АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 1,33%-ға  өсті.

Биылғы 14 маусымдағы жағдай бойынша, дамыған елдердің акциялары жылдың басынан бастап 21,3%-ға төмендеді. Бұл АҚШ-та 40 жылдағы рекордтық инфляцияға байланысты АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінің ақша-кредит саясатын неғұрлым тезірек қатаңдатуына алаңдаушылық есебінен болды. Дамушы елдердің облигациялары бойынша спред ұлғайып келеді.

Ұлттық банк басшысының мәлімдеуінше, РФ мен Украина қақтығысының басталуы әсерінен күрт өскен жаһандық белгісіздік жоғары деңгейде қалып отыр. Геосаяси ахуал шиеленіскен жағдайда жаһандық экономиканың өсу болжамдары төмендеу жағына қарай қайта қаралады.

Осыған байланысты жаһандық іскерлік белсенділіктің баяулағанына қарамастан, өсіп келеді. Мамырда Global Composite PMI, көбінесе, Қытайдағы карантиннің әлсіреуіне және өндіріс пен жаңа тапсырыстардың тез өсуіне байланысты 51,5-ға дейін аздап өсті.

Өндірістік шығындардың құны мен өнімнің бағасы рекордтық қарқынмен өсіп келеді. Дамыған елдерде инфляция рекордтық деңгейде сақталып отыр.

2022 жылғы мамырда Қазақстандағы инфляция жылдық мәнде биылғы сәуірде 13,2%-дан 14%-ға дейін қарқын алды. Айлық инфляция сәуірдегі 2%-ға және наурыздағы 3,7%-ға қарағанда, мамырда 1,4%-ға баяулады, бірақ әлі де жоғары және өткен жылғы көрсеткіштер мен орташа жылдық мәндерден асып отыр.

«Айлық инфляцияның баяулау қарқыны бір жағынан оң фискалдық импульс аясындағы тұрақты ішкі сұранысты, екінші жағынан жоғары инфляциялық күтулерді көрсетеді. Жылдық мәнде 19%-ға жеткен тамақ өнімдері бағасының өсуі ең көп үлес қосып отыр. Сыртқы инфляциялық жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасына жоғары қысым көрсетіп отыр, олардың өсуі 11,1-ден 11,9%-ға дейін қарқын алды. Ақылы қызметтердің инфляциясы реттелетін қызметтер бағасының өсуіне енгізілген мораторийдің тежеуші әсеріне қарамастан 8,9-дан 9,1%-ға дейін өсті», — деді Ғ. Пірматов.

Ұлттық банк 2022 жылдың соңында инфляция 13-15% деңгейінде болады деп болжайды. Болжам тұтыну нарықтарының теңгерімді дамуына назар аударылатын Үкіметтің инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру барысы ескеріле отырып жасалды. Осы шаралар кешені табысты іске асырылған кезде инфляция болжамның төменгі шегіне дейін төмендеуі мүмкін.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі біршама жеделдейді деп күтіледі, ол жанар-жағармай бағасы реттелетін өсіммен тежеледі. Ақылы қызметтердің инфляциясы 2021 жылдың жоғары базасына байланысты бәсеңдейді. Реттелетін коммуналдық қызметтер бағасының оларды көтеруге мораторий аяқталғаннан кейін қымбаттау тәуекелдерін, сондай-ақ жоғары инфляциялық күтулер аясында нарықта көрсетілетін қызметтер бағасының өсуін атап өтілді.

Ұлттық банктің болжамы бойныша, 2023 жылы инфляция ақша-кредит саясаты саласында қабылданып отырған шаралар, сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі және іске асыру жоспарланып отырған контрциклдік бюджеттік қағида аясында біртіндеп 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды.

Ұлттық банк тәуекелдердің қазіргі балансын ескере отырып, биылғы 6 маусымда базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде сақтады. Жаңа шоктар болмаған жағдайда базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейін сақтау орта мерзімді перспективада бағаның өсуін тежеуге әсер етеді.

Ғ. Пірматовтың айтуныша, мамырда жаһандық қаржы нарықтарындағы белгісіздік пен құбылмалылыққа қарамастан теңге бағамы $1 үшін 415,16 теңгеге дейін немесе 6,8%-ға нығайды.

«Ұлттық валютаның нығаюы мұнай-газ  нарығындағы жоғары бағамен экспорттаушылардың салық төлемдеріне, жеке тұлғалардың шетел валютасына сұранысы төмендегендіктен, нарық қатысушылары сентиментінің өзгеруіне, Ресей рублі бағамының нығаюына байланысты», — деді Ұлттық банк басшысы.

Валюта нарығындағы ұсыныс квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы есебінен қосымша қолдау тапты, оның көлемі мамырда шамамен $598 млн болды.

Бюджетке ірі салық төлемдері кезеңі мен валютаны сатудың тиісті қажеттілігі аясында шетел валютасының ұсынысы сұраныстан асып түсті. Салық аптасы кезеңінде өтімділікті қолдау және шетел валютасының сұранысы мен ұсынысы арасында қалыптасқан теңгерімсіздікті реттеу мақсатында Ұлттық банк $110,5 млн-ағ шетел валютасының артық ұсынысын сатып алды.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін ай басында $4 млн сатылды. Кейін трансферттер Ұлттық қорға түсетін түсімдер есебінен қамтамасыз етілгендіктен, Ұлттық қордың валюталық қаражатын конвертациялау қажет болмады.

Ғ. Пірматовтың айтуынша, қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктердің жиналуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.

Жалпы халықаралық резервтер биылғы мамырдың соңында $86,5 млрд болды. Ұлттық банктің алтын-валюта активтері жыл басынан бері валюталық интервенциялар, екінші деңгейлі банк шоттарындағы қалдықтардың және сыртқы борыш бойынша төлемдердің есебінен $1,6 млрд-ақ төмендеп, $32,8 млрд болды.

Ұлттық қордың активтері $53,8 млрд болды. Республикалық бюджетке 1,9 трлн теңге трансферт бөлу үшін биылғы 5 айда $2,3 млрд-қа валюталық активтер сатылды.

«Мұнай бағасының айтарлықтай өсуі аясында Ұлттық қорға түсетін түсімдер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге жуық ұлғайып, жыл басынан бері 2,9 трлн теңге болды. Ұлттық қордың орташа жылдық кірістілігі құрылғаннан бастап 2022 жылдың 31 мамырына дейін 3,24% болды. Соңғы 5 және 10 жылдағы кірістілік жылдық мәнде, тиісінше, 2,3 және 1,75% болды», — деді Ғ. Пірматов.

БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері 12,7 трлн теңге болды. Осы жылдың басынан бері инвестициялық кіріс көлемі теріс мәнді 154,1 млрд теңге, зейнетақы жарналары 662,5 млрд теңге, зейнетақы төлемдері 106,8 млрд теңге болды.

Қаржы нарықтарындағы тұрақсыздыққа байланысты қаржы құралдарының көпшілігі бойынша нарық құнының төмендеуі, сондай-ақ 5 айдағы теңге бағамының нығаюы салымшыларға теріс инвестициялық кірісті есептеуге себеп болды.

Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің кірістілігі 4,1%-ды құрады. Бұл орайда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің орнықтылығы тұрғысынан кірістілік пен инфляция көрсеткіштерін ұзақ уақыт аралығын алып қарастырған жөн. Мысалы, 5 жылда жинақталған инфляция 46,2% кезінде зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі 53,0% болды.

Ұлттық банк болып жатқан жағдайдың дамуы мен олардың нарыққа ықпалын өз уақытында қадағалап, санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалап отырады және баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырады.

Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

«Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты. Мемлекеттік бюджетке 6 трлн 554 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 107%-ға орындалды», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Үкімет вице-премьерінің мәлімдеуінше, кірістер бойынша жоспар 41 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 11 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер 29 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына тиесілі болды.

Жоспардың асыра орындалуы биылғы 4 айдағы жұмыстарды, қызметтерді және тауарларды өткізу бойынша айналым сомаларының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24,4%-ға ұлғаюына байланысты.

Сонымен қатар Қаржы министрлігінің басшысы баяндамасында Жоспардың орындалмай қалған жерлерін қозғады.  Жоспар корпоративтік табыс салығы, импортқа қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша орындалмаған.

«Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар 648 ірі салық төлеуші бойынша аванстық төлемдер сомаларының азаюына байланысты орындалмаған. Импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмаудың негізгі себебі – үшінші елдерден импорттың төмендеуі», — деді ведомство басшысы.

Өз кезегінде шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауы шикі мұнайға іс жүзіндегі мөлшерлеменің болжамды көрсеткіштен орташа 5,5%-ға немесе шикі мұнайдың баррелі үшін төмендеуіне және теңге бағамының АҚШ долларына шаққанда өзгеруіне байланысты болды.

Сонымен қатар баяндама барысында қаржы министрі жергілікті бюджет кірістері туралы есеп берді, олар 122%-ға атқарылды және 2 трлн 154 млрд теңгені құрады.

Қаржы министрлігін басшысының айтуынша, Жоспар 388 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 351 млрд теңгеге асыра орындалды.

«Кірістер бойынша жоспарлар Түркістан облысынан басқа барлық өңірлерде асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,1%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,3%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 6,9 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 65 млрд теңгені құрады, оның ішінде 7 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 58 млрд теңге», — Ерұлан Жамаубаев.

Қаржы министрлігі басшысының баяндамасына сәйкес, игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты.

Премьер-Министр орынбасарының айтуныша, игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдер мен шарттар жасасу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, төлеуге берілетін шоттардың кеш ұсынылуы.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 3,5 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 61 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 маусымға 933 млрд теңге бөлінген. Оның 98,2%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 17 млрд теңге, оның ішінде 4 млрд теңге – үнемдеу, 13 млрд теңге игерілмегені.

Ең көп игерілмеу Нұр-Султан қаласында, Маңғыстау, Алматы және Қызылорда облыстарында қалыптасты.

Игерілмеудің негізгі себептері: төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың ұсынылмауы, жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау, конкурстық рәсімдердің ұзақ жүргізілуі, төлеуге берілетін шоттардың қазынашылық органдарына кеш ұсынылуы.

Биылғы 5 айда 5,3 трлн теңгеден астам сомаға 328,5 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды.

Тексеру қорытындылары бойынша 26 145 рәсімнің бұзушылықтары анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ын орындады. 957 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 1,9 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды.

80 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 71 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды.

Сонымен қатар қаржы министрі аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 817 ұсыным берілгенін мәлімдеді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 721 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде жалпы саны 670 объектіден сомасы 61 млрд теңгеге 227 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

«40 объекті сатылуға қойылды. 36 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылды. 162 объекті – сату алдындағы дайындықта. 205 объектіні жаңа жеке операторлардың пайда болуына жол бермеу тұрғысынан Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмысының аясында Кешенді жоспардан алып тастау ұсынылады», — деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Advertisements