Үкіметте өткен Кәсіпкерлер кеңесінде экономика және көлік саясаты мәселелері талқыланды

204

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған отандық Кәсіпкерлер кеңесінің отырысын жаңа форматта өткізді.

Отырыстың күн тәртібіне экономика және көлік саясаты мәселелері шығарылды.

Шараны ашқан Премьер-Министр Үкімет пен бизнес-қоғамдастықтың ортақ күш-жігерінің арқасында экономиканың көптеген салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, қиындықтарды еңсеруге болатынын атап өтті.

«Салмақты және ойластырылған шаралар қажет. Кеңес аясында  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының, іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартудың өзекті мәселелерін және кәсіпкерліктің басқа да мәселелерін талқылауды жоспарлап отырмыз», — деді Әлихан Смайылов.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономикалық саясат жобасын таныстырды.

Жаңа саясаттың негізгі міндеті – барлық экономикалық агенттердің әлеуетін барынша ашуға, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік арқылы нарыққа сай кірістерді бөлуге, адал бәсекелестікті көтермелеуге және қорғауға бағытталған дамудың ашық және еркін моделін құру.

«Бұл құжаттың негізгі мақсаты – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыра отырып, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету», — деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар Премьер-Министр бизнес-қоғамдастық өкілдерін құжатты толықтыру бойынша өз ұсыныстарын енгізуге шақырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндама жасады. Ол бүгінгі таңда теміржол жүк тасымалы, автомобиль және теңіз көлігі, сондай-ақ әуе тасымалы бойынша мемлекеттің жүйелі даму шараларын қабылдап жатқанын хабарлады.

Осылайша, теміржол инфрақұрылымын жоспарлы жаңғырту жүргізілуде, жылжымалы құрамды жаңарту жоспары қабылданды, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары енгізіліп жатыр, рұқсат беру бланкілерін бөлу жүйесі өзектендірілді.

Бұдан басқа, Ақтау портында контейнерлік хаб құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, елдің өзен флоты жаңартылып, кеме қатынасы шлюздеріне күрделі жөндеу жүргізілуде, Транскаспий халықаралық көлік бағдарындағы (ТХКБ) «тар жерлер» жойылып, ұшу географиясын кеңейту бойынша жоспарлар қабылданды, әуе кемелері паркі кеңейтілуде.

Отырыс барысында «AUDACIA Express» ЖШС директоры Бақытбек Қадыров және «DALA» компаниялар тобының негізін қалаушы Болатбек Нәжіметденұлы сөз сөйлеп, жүк тасымалдау саласындағы проблемалық мәселелерді көтерді.

«Бизнеспен өзара іс-қимыл барлық бағыттар бойынша жолға қойылуы тиіс. Бүгінгі таңда әріптестеріміз көтерген мәселелер міндетті түрде пысықталып, шешімін табуы керек», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ қатысушылар логистика, транзит, инфрақұрылымдық даму және салық салу салаларындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Үкімет басшысы отырысты қорытындылай келе, Ұлттық экономика министрлігіне экономикалық саясат бойынша әзірленіп жатқан тәсілдерде бизнестің барлық ұсыныстарын ескеруді және бірлескен талқылаулар өткізуді тапсырды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне негізсіз талаптарды азайту және осы саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында көлік саласындағы барлық талаптарды қайта қарау, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, Қазақстанның көлік даму стратегиясының жобасын сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Премьер-Министр кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі жұмыс өзара іс-қимыл жасай отырып, оның ішінде отандық кәсіпкерлер кеңесінің алаңында жалғасатынын айтты.

«Жол мұраты – жету. Егер жүйелі және дәйекті түрде әрекет етсек, нәтиже болады. Көлік саласы бойынша тәуекелдерге ұдайы талдау жасалады, бұл бағытта жаңа кедергілер мен сын-қатерлер туындауда. Сондықтан транзиттік әлеуетімізді арттыру және осы салада жұмыс істейтін отандық бизнесмендерді қолдау бойынша шаралар қабылдауымыз керек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Advertisements