Медициналық қызметтердің қолжетімділігі және «кедергісіз» орта құру – Үкімет отырысында не талқыланды

210

Үкіметтің кезекті отырысында мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселесі қаралды. Бұл тақырыпта еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.

Мемлекет басшысы мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған қосымша шараларды қарастыратын заңға қол қойды.

«Осы заңды жүзеге асыру үшін тамыз айының соңына дейін 300-ден астам заңға тәуелді актілер өзектендіріледі. Жалпы, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту 2009 жылдан басталды және кезең-кезеңмен іске асырылып келеді», — деді Тамара Дүйсенова.

Қазіргі таңда Қазақстанда 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 60%-ы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 26%-ы – зейнет жасындағылар, 14%-ы – балалар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ведомство оларды қоғам өміріне араластыру үшін кезең-кезеңімен жүйелі шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Атап айтқанда:

Біріншісі. Мүгедектікті белгілеу. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, қазіргі уақытта ведомствода мүгедектікті белгілеуге жүгінген азаматтар мен қоғам тарапынан куәландыру процесінің ашықтығына қатысты шағымдар көп тіркеледі.

Осы мәселені шешу үшін ЕХӘҚМ Мемлекет басшысының тапсырмасына сай мүгедектікті белгілеудің проактивті немесе «сырттай куәландыру» форматына көшуді бастады. Оның мәні мынада:

Азаматтың денсаулық жағдайына қатысты ақпарат пен осыған байланысты тіршілік қалыбының өзгеруі жөніндегі дәрігердің қорытындысы медициналық ақпарат жүйесіне енгізіледі. Ондағы ақпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мүгедектігі бар азаматтар туралы орталықтандырылған мәліметтер базасына келіп түседі.

«Бұрын базадан оны әркімнің тұрғылықты жеріне жолдайтынбыз. Енді ешкімнің жеке мәліметін көрсетпей, автоматты түрде үш өңірдің сарапшылар комиссиясына жібереміз. Комиссияның қорытындысы негізінде шешім қабылданып, ол шешім азаматтарға ыңғайлы форматта жолданатын болады. Бүгінге дейін 25 мыңнан астам құжат немесе осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 21% осындай форматпен қаралды», — деді Т. Дүйсенова өз баяндамасында.

Жұмыс қорытындысы бірқатар тың мүмкіндіктер бар екенін көрсетті. Атап айтқанда:

  • азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына ұсынатын қағаз құжаттардың барлық түрін толық алып тастап, емханаларды бірыңғай терезе ретінде айқындауға;
  • ауру түрлері бойынша бейінді мамандарды сараптамаға тарту арқылы азаматтардың тұрмыстағы шектелу дәрежесін неғұрлым дәл белгілеуге;
  • ұсынылатын қызметтер мен техникалық құралдардың нақты тізімін анықтай отырып, көмекке мұқтаж әр азаматқа жеке оңалту бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі бар.

Бұл бағыттағы жұмыс Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп атқарылып жатыр. 2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысын түбегейлі өзгертіп, осы саладағы қызметтің тең жартысын проактивті форматқа көшіру жоспарланып отыр.

Екінші. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өз баяндамасында атап өткендей, мүгедектігі бар адамдардың тiршiлiктегі шектеулерді еңсеруіне мүмкіндік беретін қызметтер мен техникалық құралдар арнайы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады.

«Осы жылдың өзінде Портал арқылы 214 мың қызмет көрсетілді. Яғни, көмекке мұқтаж адамдардың 62%-ы қамтылды. Бұрын осы жұмыстың бәрі жергілікті жерде атқарылатын. Жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың қызметіне сын-ескерту өте көп айтылатын. 2021 жылы прталдың іске қосылуы жеке оңалту бағдарламаларының орындалуын 87%-ға жеткізді», — деді ЕХӘҚ министрі.

Сонымен қатар:

  1. оңалтуға қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету мерзімі 8 айдан 14 күнге дейін қысқартылды.
  2. қай жерде тұрғанына қарамастан барлық мұқтаж адамның қызметтер мен техникалық құралдарға қолжетімділігін қамтамасыз етілді.
  3. құрал-жабдықтар мен қызметтерді және оны берушіні әркім өз бетінше таңдау мүмкіндігіне ие болды.

«Құралдардың сапасына, өнім өндірушілердің баға саясатына және олардың өз міндетін адал әрі ұқыпты атқаруына байланысты әлі де сұрақтар бар. Осыған орай, оңалту қызметі мен құралдардың стандарты, баға саясаты және тиісті қызметті ұсынушыларды Порталға тіркеу шарттары қайта қаралатын болады. Біз «қызмет алушылардың соңынан ілесетін қаржы» қағидатын енгіземіз. Бұл шаралар қызмет көрсету нарығын дамытуға жағдай жасауға және қызмет ұсынушыларды әділ бәсекеге ынталандыруға бағытталған», – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Үшінші. Нысандардың қолжетімділігі немесе «кедергісіз» ортаны қамтамасыз ету – бұл мүгедектігі бар адамдарды қоғамға толық интеграциялау үшін қажетті негізгі факторлардың бірі.

«Сондықтан, «Қолжетімді нысандардың интерактивті картасы» әзірленіп, тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл картаны жергілікті атқарушы органдар ұдайы толықтырып отырады. Ал нысандардың қолжетімділігін мүгедектігі бар азаматтардың өздері және осы саладағы қоғамдық бірлестіктер бағалайды», — деді Тамара Дүйсенова.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, бүгінгі таңда 25 мыңға жуық нысан мүгедектігі бар азаматтарға бейімделген. Алайда, статистикаға сәйкес, олардың тек 23%-ы бекітілген стандарттарға сәйкес келеді.

Пандемияға байланысты бұл процеске қатысушылардың белсенділігі айтарлықтай төмендегенін мойындау керек. Осыған байланысты:

1) Жергілікті атқарушы органдар объектілердің қолжетімділігіне қоғамдық бақылау жүргізуді жалғастырады;

2) бейімдеуді талап ететін объектілер тізбесін өзектендіру қажет;

3) Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін ұлттық стандарттарды қайта қарауға тиіс.

Төртінші. Арнайы әлеуметтік қызметтер нарығын кезең-кезеңімен либералдандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бүгінде осы нарықта жеке, мемлекеттік және үкіметтік емес сектордың 900-ге жуық ұйымы бар. Олар «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңмен бекітілген кепілді мемлекеттік қызметтің 8 түрін көрсетеді.

«Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесінде соңғы жылдары 770 мүгедек бала интернаттан отбасына оралды. 800-ге жуық ата-ана балаларын қарауды әлеуметтік ұйымдардың күндізгі бөліміне тапсырып, жұмысқа орналасты. 

Бірақ бұл қызметтер қалалар мен облыс орталықтарында ғана көрсетіледі. Ауылдарда тұратын мүгедектігі бар азаматтардың 45%-дан астамы жергілікті бөлімшелер үйде ұсынатын жалпы әлеуметтік жәрдемге ғана қол жеткізе алады», — деді ЕХӘҚМ басшысы.

Министр бұрынғы тәжірибені ескере отырып, интернат-үйлерді демонополизациялау бойынша жұмыс жалғасатынын хабарлады.

«Мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігін пайдалана отырып, мүгедектігі бар азаматтар тұратын жерлерде сыйымдылығы шағын үйлер ашылады. Бұл шара «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы сияқты іске асырылатын болады», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті болып отыр.  Бүгінде мүгедектігі бар 100 мың азамат жұмыс істеп жүр. Бұл – еңбек жасындағы мүгедектігі бар адамдардың төрттен бірі ғана.

Мүгедектігі бар 200 мыңнан астам адамның қалыпты жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, қалғаны арнайы жағдай жасалса жұмыс істей алады.

Егер мемлекеттің міндеті «еңбекке қабілетті барлық азаматты  нәтижелі жұмыспен қамту үшін оларға бастапқыда тең жағдай жасау» десек, осы қағидат мүгедектігі бар адамдарға да қатысты болуға тиіс.

«Сондықтан:

  • ұлттық жобалар аясында мүгедектігі бар 9 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Бүгінде олардың 3 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылды.
  • электронды еңбек биржасында мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын кәсіптер мен оқулардың атласы бар. Онда мүгедек адамдар істей алатын 5 мыңнан астам бос жұмыс орны көрсетілген.
  • сондай-ақ мемлекет тарапынан мұндай санаттағы азаматтар үшін субсидия берілетін әлеуметтік жұмыс орындарын қайта бағдарлау процесі басталды. Бүгінде сол арқылы 6 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты.
  • мүгедектігі бар адамдар үшін жаңадан арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілерді субсидиялау бойынша шаралар қабылданды. Биылдың өзінде осы мақсатқа бюджеттен 59 млн теңге бөлінді.
  • осал топтар санатына кіретін азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін 10 мың грант қарастырылған. Грант мөлшері 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайды», — деді ведомство басшысы.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мүгедектігі бар адамдардың қажетті дағдысы, машығы мен білімі жоқтығы оларды жұмысқа орналастыруға басты кедергі болып отырғанын мойындаған жөн.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша,  осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп білім беру бағдарламаларын, әсіресе үйде оқыту бағдарламаларын қайта қарау бойынша шаралар қабылданатын болады.

Бесінші – әлеуметтік қолдау. 

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың кешенді жүйесі мыналардан тұрады:

  • әлеуметтік қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі бар. Бүгінде осы үш көзден берілетін жиынтық төлемді 530 мыңға жуық адам алып отыр.
  • әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі аясында мүгедектігі бар 87 мың адамға мемлекеттен кепілдірілген арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілуде;
  • техникалық құралдармен 181 мың адам қамтамасыз етілді;
  • 4 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматқа атаулы әлеуметтік көмек қарастырылды.

Биыл мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Қол жеткізілген мүмкіндіктер – Үкіметтің, қоғамдық бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен қызметінің нәтижесі.

Сонымен қатар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі басталған реформаны тереңдетуді талап ететін бірқатар жаңа және шешілмеген проблемалар бар екенін атап өтті.

Тамара Дүйсенова атап өткендей, әлеуметтік қызметкерлер институтын толық қалыптастыру және жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік қызметтерінің ребрендингін жүргізу қажет. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің баламалы модельдерінің спектрін кеңейту, цифрлық технологияларды енгізу және мүгедек адамдардың әлеуетін елдің дамуы үшін пайдалану үшін оларды оңалту жүйесін жақсарту қажет.

«Бұл шаралардың Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан Әлеуметтік қамсыздандыруды одан әрі жаңғыртудың ұлттық жоспарында қамтылады. Оны жүзеге асыруға әлеуметтік серіктестерді, мүгедектігі бар адамдарды және олардың отбасы мүшелерін өз ынтасымен қатыстыру көзделген. Жоспар белгіленген кестеге сәйкес алдағы қыркүйек айында Үкіметке енгізіледі», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Үкімет отырысында ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады.

Мүгедектік – халық денсаулығының маңызды көрсеткіштерінің бірі,  әлеуметтік және емдеу-алдын алу шараларының сапасы мен тиімділігінің индикаторы болады. Мүгедектік  проблемалары медициналық, әлеуметтік және кәсіптік салаларға әсер ететін ведомствоаралық сипатқа ие. Мүгедек адамдардың саны созылмалы ауруларға және халықтың қартаюына байланысты өсіп жатыр.

Аурулар салдарынан болатын жалпы мүгедектік құрылымында бірінші орында 18% психикалық аурулар, 15% жүрек қан айналым жүйесі ауруларынан және 12% барлық әртүрлі жарақаттан болған мүгедектік жағдайлары орын алып отыр.

Балалар арасындағы алғашқы мүгедектіктің  31%-ы – бұл туа біткен даму ақаулары, деформациялар және хромосомалық ауытқулар, 22%-ы – нерв жүйесінің аурулары, 17%-ы – психикалық бұзылулар және мінез-құлықтық бұзылулар.

Аурулардың профилактикасы, мүгедектікті ерте анықтау және оны төмендету мақсатында жыл сайын алғашқы медициналық-санитариялық көмек  деңгейінде ересек тұрғындар мен балалардың нысаналы тобына скрининг жүргізіледі. Ересек адамдар арасында  жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және онкопатология ауруларын ерте анықтауға тексеріледі. Скрининг кезінде анықталған аурулардың 49%-ы динамикалық бақылауға алынды.

Енгізілген ауруларды пациентпен бірігіп басқару бағдарламасына созылмалы инфекциялық емес аурулары бар динамикалық бақылауда тұрған 1,1 млн-нан астам пациент қатысады. Оның ішінде артериялық гипертензиясы бар пациенттердің 65%-ының артериялық қысымы қалыпты болып, қант диабеті бар пациенттердің 28,2%-ының гликолизденген гемоглобин түсіп, созылмалы жүрек функциясының жеткіліксіздігі бар пациенттердің 47,5-ы айтылған бағдарламаға қатысады.

Денсаулық сақтау министрінің баяндамасына сәйкес, амбулаториялық деңгейде динамикалық бақылаудағы пациенттер тегін медициналық көмектің  аясында 46 нозология бойынша дәрілердің 306 атауымен тегін қамтамасыз етіледі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде  ересектер 27 нозология бойынша дәрілердің  83 атауын, балалар 52 нозология бойынша дәрілердің  182 атауын тегін алады.

Мүгедектікке әкелетін жіті жағдайларды елімізде медициналық көмек көрсететін 71 инсульт орталығы және 39 тері аралық коронарлық араласу орталықтары ем көрсетеді. Жарақаттар кезінде «алтын сағат» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында шуғыл медициналық көмек және медициналық авиация қызметі дамыған.

Жаңа туған нәрестелерге арналған скрининг

Жаңа туған нәрестелер арасында ауруларды ерте анықтау үшін неонаталдық скрининг жүргізіледі, скринингпен 445 мыңнан астам жаңа туған нәресте қамтылды, 231 нәрестеде фенилкетонурия, 3 549 нәрестеде туа біткен гипотиреоз анықталды.

«Балалардың ауруларын ерте диагностикалау мақсатында елімізде тұқым қуалайтын метаболикалық ауруларды, есту патологиясын, психофизикалық дамудағы ауытқуларды, шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын ерте анықтауға бағытталған жаңа туған нәрестелер мен жас балаларға арналған скринингтік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр», — деді Ажар Ғиният.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрінің баяндамасына сай, аудиологиялық скринингпен 75,6% жаңа туған нәрестелер мен 6 жасқа дейінгі балалар қамтылды, оның ішінде 1-2 дәрежелі есту кемістігімен 625, 3-4 дәрежелі есту кемістігімен 646 бала анықталды. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияға баланы оқыту тактикасын анықтау және түзету үшін 1 232 бала жіберілді.

Психикалық-физикалық дамуының бұзылуын ерте анықтау үшін 85,2% бала қарап-тексерілді, дамуының бұзылуы 5 %-ы анықталды.

Ерте жаста ретинопатияға офтальмологиялық скринингпен 6 532 шала туған балалар қамтылды, оның ішінде көрсетілімдер бойынша шала туған 273 нәрестеге операция жасалды.

«2022 жылдың наурыз айынан бастап аутизмге скринингтік тест жүргізу және өткен жылдан бастап есту қабілетін зерттеудің жаңа әдісі енгізілді, бұл әдіс  есту қабілетінің зақымданған жерін дәл көрсетіп анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа туған нәрестелердегі зат алмасу ауруларының бұзылуын селективті скрининг бойынша  анықтау пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар баланы дамыту кабиенттерінің санын 1 500-ге дейін және катамнез кабинеттерін 50-ге дейін ұлғайту, орфандық және ауыр сырқатты 5 000 балаларды дәрілік заттармен қамтамасыз ету жоспарланған,           балаларды профилактикалық қарап-тексеру қызметтері кеңейтілуде, мектеп медицинасы жетілдіріліп жатыр», — деді денсаулық сақтау министрі.

Оған қоса, Денсаулық сақтау миниситрлігі оқушыларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартые әзірлеп жатыр. «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы қайта жандандырылды. Жобада: оқушыларды сауықтыру, сапалы тамақпен қамтамасыз ету, дене белсенділігі бағдарламалары, саламатты өмір салтын  қолдауға ықпал ететін мектеп ортасына жағдай жасау, психологиялық және әлеуметтік денсаулық, мектеп қызметкерлерін сауықтыру бағдарламасын енгізу көзделген.

«Балаларға онкогематология, кардиохирургия, травматология және ортопедия, неонаталдық хирургия бейіндері бойынша технологиялар енгізіліп, дамып келеді.Осылайша, іске асырылып жатқан іс-шаралар балалардың мүгедектігін ерте анықтауды және оның алдын алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді А. Ғиният.

Оңалту жүйесін дамыту

Өз сөзінде медициналық ведомство басшысы соңғы жылдары организмнің жұмысқа қабілеті әлсіз функцияларын қалпына келтіруге және мүгедектіктің алдын алуға бағытталған медициналық оңалту бейіні, яғни медициналық реабилитация белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.

637 жуық  денсаулық сақтау ұйымы медициналық оңалту көмегін көрсетеді, оның ішінде 380-ы – мемлекеттік ұйым, ал 257-сі – жеке ұйым, оның ішінде 76-сы – оңалту орталықтары.

«Қамқорлық» бастамасы аясында осы жылы балаларға арналған 8 оңалту орталығы, 2 ерте араласу орталығы ашылды және жыл соңына дейін 17 ерте араласу орталығын ашу жоспарланып отыр.

«Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту төсектерімен қамтамасыз ету 62%-ды құрайды, жыл сайын балаларға арналған қалпына келтіру емі орындары санының шамамен 2 есеге өскені байқалады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесі енгізілгеннен бері медициналық оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 7,2 есеге ұлғайды. Пациенттерді медициналық оңалту қызметтерімен қамту 6 есеге дейін ұлғайды», — деді Ажар Ғиният.

Мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді нығайту

Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бойынша бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Мәселен “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекске денсаулық сақтау ұйымдарында мүгедек адамдарға кезектен тыс қызмет көрсету, оңалту орталықтарын ашу бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың құзыреті бойынша нормалар енгізілді, даму кемістігі бар балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияға жіберу регламенттелді, балаларды үйде оқытуға арналған аурулардың тізбесі бекітілді», — деді денсаулық сақтау министрі.

Қазақстан Республикасында мүмкіндіктері шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын іске асыру аясында мүмкіндіктері шектеулі балалардың тіркелімін құру, аутизмі бар балаларды күту бойынша ата-аналарды оқыту, жұмыс істеудің халықаралық сыныптамасын енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, сырттай куәландыру бойынша пилоттық жоба жүргізілуде, ол биылғы шілде айында аяқталады және бүкіл ел бойынша енгізілетін болады.

Сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы қабылданды, оның аясында қолжетімді және сапалы медициналық көмекті, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, профилактикалық, оның ішінде ауыл халқы үшін қарап-тексеру мен скринингтерді жүргізу және кеңейту, психикалық және репродуктивтік денсаулықты сақтау қызметтерін көрсету үшін жастар денсаулық орталықтарының қолжетімділігі жөніндегі шаралар іске асырылады.

Сондай-ақ саламатты өмір салтын қалыптастыру, алкоголь, темекі өнімдерін тұтынуды қысқарту, инфекциялық және  инфекциялық емес ауруларды төмендету, жарақаттанудың алдын алу және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде 2025 жылға қарай саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 40%-ға дейін, күтілетін өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту, инфекциялық емес ауруларды 7%-ға дейін төмендету, медициналық оңалту қызметтерімен 75%-ға дейін қамту күтіледі», — деді ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Ақмола облысы оңалту бойынша көш бастап тұр

Тақырып бойынша Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.

Ақмола облысында мүгедектігі бар 29 мыңнан астам адам тұрады немесе халықтың жалпы санынан 4%-ын құрайды. Оның ішінде: 50% немесе 14,5 мыңы – тіршілік үшін кедергісіз орта құруға мұқтаж адамдар.

«Бүгінгі таңда 343 әлеуметтік-маңызды объект бейімделді, 2025 жылға қарай 1300 объектіні бейімдеу жоспарланып отыр. Оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге бюджет қаражатының жыл сайын өсуі атап өтіледі. Соңғы бес жылда қаржыландыру 2 есеге артып, 1,5 млрд теңгеге дейін жеткізілді», — деді облыс әкімі.

1 шілдеге оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуы 75,4%-ды құрады. Оңалту іс-шараларына мұқтаж шамамен 9 адамның ішінен қамтамасыз етілгендері – 7 адам.

Мемлекеттік тапсырыс аясында 4 жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 25 млн теңге бөлінді, «Мүгедектердің арба-коляскасын жөндеу және қызмет көрсету», «Шекарасыз компьютер», «Мүгедектілігі бар адамдарға арналған әлеуметтік-құқықтық және психологиялық кеңес беру кабинетін құру», «Тірек-қозғалу аппаратының бұзылуымен адамдар үшін демалу орталығын ұйымдастыру».

Арнайы мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейту үшін Көкшетау қаласында сөйлеу қабілеттілігі бұзылған балалар үшін 280 орынға және халықтың аз қамтылған топтары үшін 166 орынға 2 балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Ақмола өңірі басшысының сөзінше, «Қамқорлық» бастамасы жүзеге асырылып жатыр, онда мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету қарастырылған. Сонымен қатар «Тең Қоғам» әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту орталығы жұмыс істейді, онда мүмкіндігі шектеулі адамдарға жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі. Мүгедектерді жұмыспен қамту аясында жыл басынан бері 300-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Жалпы 1 700-ден астам адам қамтылды.

«Қоғамдық ұйымдардың қатысуымен кездесулер және дөңгелек үстелдер тұрақты өткізіледі. 17 маусымда облыста өткізілген “Тең құқықтар, тең мүмкіндіктер” форум, онда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі маңызды мәселелер талқыланды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады», — деді Ермек Маржықпаев.

Advertisements