Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін бейімдеу және қолжетімді ортаны қалыптастырудың Ұлттық бірыңғай стандарты әзірленеді

205

Үкімет отырысында мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев осы тақырып бойынша баяндама жасады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өз өңірлеріндегі жағдай туралы айтып берді.

Премьер-Министр мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетілетінін атап өтті. Тиісті заңнамалық түзетулер қабылданып, мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасыларының табысын арттыру, өмір сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

«Мемлекет басшысы мүгедектікті белгілеу рәсімін жеңілдетуді тапсырды. Биылғы жылдың басынан бері мүгедектікті сырттай белгілеудің пилоттық жобасы бүкіл республика бойынша кеңейтілді», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Әлеуметтік қызметтер порталының арқасында техникалық құралдар мен емдік-сауықтыру қызметтерін алу мерзімі 8 айдан 30 күнге дейін қысқарды.

Биылғы жылдың соңына дейін 17 ерте оңалту-араласу орталығы ашылады. Олар жаңа туған нәрестелердегі патологияны дер кезінде анықтауға және емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңірлерде мүгедектігі бар адамдарға арналған 12 сауықтыру орталығын салу жұмыстары жүруде. Бұл әлеуметтік қорғау жүйесінде қосымша 25 мың адамды емдік-сауықтыру шараларымен қамтуға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов бірқатар тапсырмалар беріп, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдаудың кешенді шараларын іске асыруды жалғастыру қажет екен атап өтті.

Бірінші. ЕХӘҚМ Денсаулық сақтау және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірге сырттай куәландыруды енгізу үшін ақпараттық жүйелерді интеграциялау және Әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру жұмыстарын жалғастыруы керек.

Екінші. Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін мұқтаж адамдарды техникалық құралдармен және сауықтыру қызметтерімен қамту көрсеткішін 90%-ға және 2023 жылдың соңына қарай 100%-ға жеткізуі керек.

«Мүгедектігі бар адамдарды күндіз қабылдайтын бөлімшелер желісін кеңейтіп, әлеуметтік қызмет көрсететін шағын үйлер құру қажет», — деді Ә. Смайылов.

Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге науқастарды ертерек диагностикалауға және мүгедектіктің алдын алу үшін ерте оңалтуға ерекше назар аударуы керек.

Премьер-Министр барлық мүдделі мемлекеттік органдарға әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдар үшін бейімдеу және қолжетімді ортаны қалыптастырудың Ұлттық бірыңғай стандартын әзірлеуді тапсырды.

Ол Үкіметтің міндеті – мүгедектігі бар адамдар үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру екенін, сондықтан олардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері министрлер мен әкімдердің ұдайы бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.

Advertisements