Арыс қаласы әкімі кәсіпкерлермен кездесті

224
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова «Парасат» пікірсайыс клубының кезекті отырысында қаламыздың ірі кәсіпкерлерімен, кәсіпорын мен өнеркәсіп басшыларымен кездесті. Жиын барысында кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланып, іскер азаматтардың ұсыныс, пікірлері тыңдалды.
«Біздің мақсатымыз – жұмыс орнын ашқан кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау. Соған сəйкес, бизнестің де əлеуметтік жауапкершілігі болуы тиіс. Демек, қос тарап та кəсіпті дамытуға мүдделі. Осыған орай, қаламыздың бизнес өкілдерін жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын. Қаламызда кәсіпкерлікті дамытамын деген азаматтарға әрдайым есігіміз ашық», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Жиында қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қуаныш Шойнахов кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін көмектер туралы баяндама жасады.
Оның ішінде кәсіпкерлік саласын қолдау бағдарламаларына қатысу, жеңілдетілген несие алу жолдары туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, кәсіпкерлер тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.
Өз кезегінде іскер азаматтар мемлекет тарапынан кепілдендірілген несие алу, екінші деңгейлі банктерден қаражат рәсімдеудегі қолбайлаудың көптігін көтерді.
Қала әкімі көтерілген мәселенің орынды екенін айтып, өз орынбасарларына тиісті құрылымдар тарапынан орын алатын бюрократиялық мәселелерді шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, шаһар басшысы алдағы Құрбан айт мерекесіне орай, барша кәсіпкерлерді мешіт имамдары мен «Қолғабыс» қайырымдылық қорымен бірлесе жұмыс істеп, сол арқылы онда тіркелген мұқтаж отбасылардың мәселесін түбегейлі шешуге атсалысуға шақырды.
Жалпы, 2 сағатқа созылған кездесуде ұзынсонар баяндамаға емес, нақты сұрақ-жауапқа басымдық берілді. Басқосуда қоғамдық көліктердің маршрутын ауыстыру, қала тазалығы, ауыз су сынды мәселелер де көтеріліп, кәсіпкерлер өздерін толғандырған сан сауалға жауап алды.
Advertisements