КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуі, ревакцинация және шектеулер енгізу – денсаулық сақтау министрі Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал туралы айтып берді

251

Орталық коммуникациялар қызметінде денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректері бойынша Америка мен Африка өңірлерін санамағанда соңғы аптада әлемде сырқаттанушылық 3%-ға өсті, ал қалған 4 өңірде бұл көрсеткіш 4, 5, 25 және 28%-ға артқан.

Cоңғы аптада әлемнің 108 елінде сырқаттанудың өсуі байқалады, оның ішінде Жапонияда соңғы аптада сырқаттану 112%-ға (169 мың жағдайдан 360 мың жағдайға дейін), Арменияда 103%-ға (174 жағдайдан 354 жағдайға дейін), Венгрияда 72%-ға (4663 жағдайдан 8036 жағдайға дейін), Қытайда 28%-ға (571 жағдайдан 733 жағдайға дейін), Ресейде 12%-ға (21 мың жағдайдан 23 мың жағдайға дейін) өскен.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, COVID-19-дың Омикрон штаммы әлемдегі негізгі вирус болып өршуді жалғастыруда, оның үлесі зерттелген үлгілердің 92%-ын құрайды. Омикрон штаммының арасында BA.5 және BA.4 үлесі артуда, соның ішінде вирустың BA.5 түрі 83 елде анықталды және бір аптада барлық вирустың түрлерімен салыстырғанда вирустың BA.5 түрінің үлесі 37-ден 52%-ға дейін өскен.

Қазақстанда маусым айында жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша үлгілердің 70% Омикрон ВА.5 нұсқасына, қалған 30%-ы Стелс Омикрон нұсқасына жататыны анықталды.

Әлемде сырқаттанудың өсуімен қатар Қазақстанда да 20 маусымнан бастап коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады, соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 2,5 есеге (1030 жағдайдан 2558 жағдайға дейін) өсті.

А. Ғинияттың айтуынша, аурудың ең көп таралуы еліміздің ең ірі мегаполистерінде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында басталады. Соңғы аптада ауырған адамдардың 70%-ы Алматы (1107 жағдай немесе 43,2%-ы) және Нұр-Сұлтан (576 жағдай немесе 22,5%-ы) қалаларында тіркелді. Сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан, науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі төмен.

«Биыл 15 шілдедегі жағдай бойынша республикада коронавирус бойынша стационарлық көмек 139 жұқпалы аурулар ауруханасында көрсетіледі, олардың қуаты 3282 төсек-орынды құрайды, қазіргі кезде 570 пациент емдеуге жатқызылды, төсек-орынның қамтылуы 20% (2 817 төсек-орынның 570-і) құрайды. Стационарларда емделіп жатқан пациенттерге талдау жүргізілді. Мысалы, коронавируспен стационарда емделіп жатқан пациенттер ішінде 18 жасқа дейінгі балалар – 41,7%, оның ішінде 23-і – 1 жасқа дейінгі бала», — деді денсаулық сақтау министрі.

Ересек пациенттер 58,3%-ды құрады. Реанимация бөлімшелерінде (ОАРИТ) 18 адам жатыр, олардың ішінде реанимациялық науқастардың ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында – 11 пациент. Жамбыл облысында 1 бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Реанимациялық науқастардың негізгі контингенті – бұл ілеспе аурулары бар 50-ден асқан адамдар.

«Барлық пациенттің ілеспе ауруы бар. Мысалы, пациенттердің 24,2%-да артериялық гипертензия, 9,1%-да өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, 6,1%-да жүректің ишемиялық ауруы, 6,1%-да қант диабеті және т.б. аурулар бар. Коронавируспен ауырған науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсету үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде 2387 мобильді бригада, оның ішінде ауылдарда 1010 мобильді бригада ұйымдастырылды», — деді А. Ғиният.

2022 жылдың І жартыжылдығында мобильді бригадалар 815 423 қызмет көрсетті. Мобильді бригадалардың қызметінің ең көбі Қарағанды қаласында және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүзеге асырылды.

2022 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша жедел медициналық көмек қызметін шақыру саны 2021 жылдың (4 048 799 шақыру) сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға артқан (4 197 079 шақыру).

Бұл ретте коронавирусқа күдігі бар пациенттерге жедел медициналық көмектің шақырылуы 2021 жылғы (180 883 шақыру) ұқсас кезеңмен салыстырғанда 3,7 есеге азайған (2022 жылғы 1 қаңтар-12 шілде аралығында 49 161 шақыру).

2022 жылғы 15 шілдеден бастап Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын өзектендірді, онда 100 мың тұрғынға шаққанда 7 күн ішінде орташа тәуліктік сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда емдеуге жатқызылғандардың тәуліктік көрсеткішіне қайта қаралды.

Матрица қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ұлттық сарапшылардың және ДДҰ сарапшыларының қатысуымен қайта қаралды. Матрицаны өзектендіруді әзірлеу кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының инфекциялық стационарлар мен қарқынды терапия бөлімшелеріндегі емдеуге жатқызу, халықты вакцинациялаумен қамту деңгейін, инфекцияның таралуы мен коронавирустық инфекциялардың айналымдағы нұсқаларын ескере отырып, ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау бөлігіндегі ұсынымдары ескерілді.

Мысалы, жасыл аймақ:

  1. R репродуктивті санының көрсеткішіне қарамастан 2 500 төсек-орынға дейін қамтылғанда.
  2. R репродуктивті санының көрсеткіші 1-ден кем болғанда және 5000 төсек-орын қамтылғанда.

Сары аймақ:

  1. 5000 артық төсек-орын қамтылғанда және R 1-ден көп болған кезде;
  2. 5 мыңнан 10 000-ға дейін төсек-орын қамтылғанда және R 1-ден аз болған кезде;

Қызыл аймақ:

  1. 5000 артық төсек-орын қамтылғанда және R 1-ден көп болған кезде;
  2. R репродуктивті санының көрсеткішіне қарамастан 10 000 артық төсек-орын қамтылған кезде.

Сары аймаққа көшу кезінде инфекция көзін локализациялауға және әрекет ету факторларын күшейтуге (бизнеске жүктемесіз) бағытталған қосымша шаралар қабылданатын болады.

Қызыл аймаққа көшу кезінде өңірлерде сары аймақта қабылданған шараларға қосымша стационарға және МСАК-қа түсетін жүктемеге байланысты екі кезеңде халықтың жүріп-тұруы мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін шектеу шаралары қабылданады.

Шаралар қабылдау жөніндегі ұсыныстар ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылады.

«Тағы да естеріңізге сала кетейін, инфекцияның ауыр түрлерінің және ауруханаға жатқызудың алдын алудың шарасы – бұл КВИ-ге қарсы вакцинация. Вакцинация және ревакцинация инфекциядан қорғаудың жалғыз жолы. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының үлгісінде біз ауырған адамдардың 80%-ы егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін байқадық, бұл тағы да КВИ қарсы вакцинацияның қажет екенін растайды», — деді денсаулық сақтау министрі.

Қазіргі уақытта Қазақстанда халықты вакцинациялау үшін вакцинаның 3 түрі (КазВак, Синофарм, Пфайзер) қолжетімді, қайта вакцинациялау және ревакцинациялау үшін Казвак және Синофарм вакцинасы бар. Егу пункттерінде вакцинаның 1,6 млн дозасы қалды.

Бүгінгі күні егілуге тиісті ересек тұрғындардың 80%-дан астамы немесе еліміздің барлық халқының 56%-дан астамы КВИ қарсы вакцинация алды.

1-компонентпен 10,7 млн адам, 2-компонентпен – 10,4 млн адам егілді, тәулігіне 5 мыңнан астам адам вакцина алды.

Республика бойынша КВИ қарсы бірінші ревакцинациямен егілуге тиісті халықтың 67,5%-дан астамын құрады, 4,9 млн адам қамтылды, тәулігіне 10 мыңнан астам адам егіледі.

«Мамыр айының соңынан бастап біз қайта ревакцинациялауды енгіздік, бүгінгі күні 44% (260 мың адам) қамтылды. COVID-19-ға қарсы ревакцинация алдыңғы вакциналардан кейінгі иммунитетті сақтауға бағытталғанын және организмді аурудан қорғауды нығайтатынын атап өткен жөн. Өкінішке орай, егілген адамдарда, сондай-ақ КВИ-мен ауырып сауыққан адамдарда уақыт өте келе организмнің инфекциядан қорғау деңгейі төмендейді, нәтижесінде адам қайтадан инфекцияға сезімтал болады. Осыған байланысты, вакцинацияның бастапқы курсын алғаннан кейін 6 айдан соң КВИ қарсы ревакцинация алу ұсынылады», — деді А. Ғиният.

Сондай-ақ денсаулық сақтау министрі КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуалдың жаңартылған болжамымен таныстырды.

«Өздеріңіз білетіндей, ай сайын болжам жаңартылып отырады. Алдағы 3 айда пессимистік сценарий бойынша ең көп тіркелген жағдайлар тәулігіне 4000-ға жетеді, реалистік сценарий бойынша ауру жұқтыру жағдайлары тәулігіне 2400, оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 1000 жағдайды құрайды», — деп атап өтті ведомство басшысы.

А. Ғиният сырқаттанудың көтерілуін ескере отырып, алдын алу шараларын сақтау керек екенін тағы да еске салып өтті:

– COVID-19-ға қарсы вакцинацияның немесе реакцинацияның толық курсын уақытылы алу;

– науқастармен байланыста болған жағдайда қоғамдық орындарда, көлікте, маска тағу;

– жабық үй-жайларда адамдар көп жиналатын орындарға бармау;

– бөлмені үнемі желдету;

– қолды сабынмен жиі жуу;

– науқас адамдармен қарым-қатынас жасамау;

– жөтелу және түшкіру кезінде бір рет қолданылатын салфетканы қолдана отырып, мұрын мен ауызды жабу;

– көзді, мұрынды және ауызды кір қолмен ұстамау.

Журналистердің қазіргі кезде қолда бар КВИ-ге қарсы вакциналар туралы сұрағына денсаулық сақтау министрі елде барлығы 1 630 930 доза екпе барын айтты. Оның 329 мыңы QazVac, шамамен 1,2 млн Sinopharm және 106,5 мыңы Pfizer.

А. Ғинияттың мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда вакциналар жетіспеушілігі байқалмайды. Ай сайын отандық QazVac вакцинасының 500 мың дозасы шығарылады. Қорда шамамен 2 миллион доза бар.

«Бүгінде елімізде вакциналар жетіспеушілігі жоқ. Pfizer-ге келсек, қазір қалған бөлігі егіліп жатыр, күзге қарай балалар мен жүкті әйелдер үшін қосымша тапсырыс береміз. Бүгінгі таңда көлем тиісті контингентке есептелген, бұл шамамен 300 мың доза», — деді А. Ғиният.

КВИ-дің таралуына байланысты Қазақстан мемлекеттік шекараны жаба ма? Денсаулық сақтау министрі бұл сұраққа берген жауабында инфекция эпидемиологиясы зерттеліп жатқанын атап өтті. Егер қандай-да бір елде коронавирустың жаңа штаммы анықталып, ол Қазақстанда болмаса, бұл жағдайда шекараны жабу шаралары қабылданады.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда коронавирустық инфекцияның циклдік және толқындық ағымы байқалуда.

«Вирустың түрі де, клиникалық көрінісі де өзгереді. Бұл вирустың жаңа штаммы бола ма, әлде оның клиникасы өзгере ме, белгісіз. Бұл толқында “дельта” таралған кездегідей өкпе зақымданбайды. Сондықтан инфекцияны бақылап, әрекет етеміз. Ұйымдастырушылық жағынан инфекцияның ағымы мен таралуына байланысты емдеу және карантиндік шаралары бойынша көмек көрсетіледі», — деді А. Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі биыл коронавирустық инфекциямен күресуге 100 млрд теңге бағытталатынын айтты.

«Ол вакциналарды сатып алуға, пациенттерді емдеуге, сондай-ақ аса қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің үстемеақыларына жұмсалады», — деді А. Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі өткен жылмен салыстырғанда қазіргі бюджет алты есе аз екенін атап өтті.

КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты жаңа оқу жылында қандай да бір шектеулер енгізіле ме? Денсаулық сақтау министрі бұл сұраққа берген жауабында мәселенің оқу жылы жақындағанда қаралатынын айтты.

«Қазір балалардың қалай оқитыны туралы айту әлі ерте. Мен сценарий, эпидемиологиялық ахуал және инфекцияның таралуын болдырмау бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталдым, бұл туралы үнемі хабарлап отырамын», — деді А. Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі Президенттің Қазақстанда ана мен бала өлімінің өсуіне қатысты сынына да тоқталды.

«Нәресте өліміне келетін болсақ, 2014 жылдан бастап қарасаңыз, соңғы 10 жылда нәресте өлімінің көрсеткіші құбылмалы болды. Ал 2014, 2015 жылдары күрт өсу байқалады. Кейінгі жылдары төмендеп, 2019 жылы қайта өсті. Ол ананың денсаулығымен байланысты, өйткені нәресте өлімі бір жасқа дейінгі өлім болып саналады. Нәрестелердің көпшілігі перинаталдық себептерден өледі. Бұл балалардың белгілі бір аурумен туатынын білдіреді», — деді Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, өткен ғасырда салынған перзентханалар мен перинаталды орталықтардың материалдық-техникалық базасы ескірген.

«Президенттің қолдауымен, оның тапсырмасымен Үкімет енді жаңа перинаталдық орталықтар салып, барлық перзентханаларда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр», — деді А. Ғиният.

Advertisements