ХАБАРЛАНДЫРУ!!! Ұлттық жоба аясында мемлекеттік грантқа өтінім берудің шарттары.
2022 жылғы 29 тамызынан бастап Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын (бұдан әрі – Ұлттық жоба) іске асыру шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз гранттар алудың үшінші легіне өтінімдер қабылдау басталады. Өтінімдерді қабылдау «Business.enbek.kz» порталы (бұдан әрі-Портал) арқылы онлайн режимінде жүзеге асырылады. Арыс қаласында Республикалық бюджеттен үшінші лекке грант жастар үшін және халықтың әлеуметтік осал топтарына беру жоспарланған.
Өтінімдерді қабылдау 10 жұмыс күніне созылады, содан кейін қалалық комиссия берілген өтініштерді қарайды. Комиссия отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстыратын болады. Өтінім берілген күн комиссияның шешіміне әсер етпейді.
Гранттар бір рет беріледі. Бұл ретте, бизнес-жобасын комиссия қарау барысында мақұлдамаған үміткер келесі ағындардың біріне өтінімді қайта бере алады.
Грант беру өтініші нысаналы санаттарға сәйкес жүргізіледі:
Жиырма тоғыз жасқа толмаған жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдар үшін (атаулы әлеуметтік көмекті, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақыларды, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушыларды, қоныс аударушыларды, қандастарды, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдарды және (немесе) оның жұбайы (зайыбын), жастарды қамтитын халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі.
Нысаналы санаттарға сәйкес келуден басқа, үміткерлер мынадай критерийлердің біріне сәйкес келуі тиіс:
– халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыз азамат;
– Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші;
– өтініш берген сәтте мәртебесін ресімдеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер (оның ішінде қызметін тоқтатқан);
– жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлға.
– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды аяқтау туралы қолданыстағы сертификаттың және оқыту барысында дайындалған бизнес-жоспардың болуы міндетті болып табылады.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының қазіргі қатысушылары, сондай-ақ 12 ай бұрын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуды өз еркімен, дәлелсіз себеппен тоқтатқан адамдар грантқа үміткер бола алмайды.
Өтінім беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны (бұдан әрі – ЭЦҚ) пайдалана отырып, порталда тіркелу, өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ көмегімен қол қою қажет.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, Халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында, Ауылдық округ әкімдіктерінің қызымет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.
Гранттарды үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде халықты жұмыспен қамту орталықтары беретін болады. Комиссия мүшелері бизнес-жоспарды келесі критерийлер бойынша бағалайды:
– бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
– өткізу нарықтарының пысықталуы;
– бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі;
– кәсіпкерлік дағдылар деңгейі;
– жаңа жұмыс орындарын құру.
Шешім шығарылғаннан кейін порталдағы үміткердің жеке кабинетіне хабарлама жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер тиісті хабарламаны алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде порталда банк деректемелері бар банк шотын ұсынуы тиіс.
Бұдан басқа, Порталда хабарлама алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде грант алушы Жеке кабинетте ЭЦҚ пайдалана отырып, шартқа қол қоюы тиіс.
Келесі ағындар бойынша өтінім беру күні алдын ала Порталда, БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.
Қосымша ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады.
Арыс қаласының “Халықты жұмыспен қамту орталығы” КММ-сі. Мекен жайымыз: Арыс қаласы, Т.Тәжібаев көшесі 9 үй. Тел: 2-21-33