АРЫС ҚАЛАСЫ ҚОСТАНАЙЛЫҚТАРМЕН БІРГЕ!
Қостанайдағы ағайынның басына түскен тосын жағдайды Арыс жұртшылығы ауыр күйзеліспен қабылдады. Апат айтып келмейді. Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында арыстықтар ақшалай, азық-түлік, киім және ең қажетті заттар жинауды бастап кетті. Олардың қатарында қарапайым азаматтар да, шағын бизнес өкілдеріде бар.
Жұдырықтай жұмылған Арыс халқы бір күнде 3 тонна ұн, 100 адамға лайықталған төсек жабдықтары (жастық, жамылғы, төсеніштер), 1 тонна макарон, 500 литрге жуық өсімдік майы, 10 тонна ауыз су, 1 тонна картоп және 1 тонна сәбіз, 3 тонна пияз, 1 ауыр жүккөлік қауын, жарты тонна орамжапырақ секілді тез бұзылмайтын азық-түлік өнімдері, гигиена құралдары және бірінші кезектегі қажетті заттарды Қостанай облысына жөнелтті.
2019 жылы Арыс қаласында орын алған техногендік сипаттағы төтенше жағдайда қаланы қалпына келтіруде қол үшін созған қостанайлық ағайынның игі ісін арыстықтар ұмытпайды!
Елдігімізді танытқан ерекше ізгілікті шараға белсенді атсалысқан меценаттар, демеушілер және арыстың барша қайырымды тұрғындарына алғыс білдіреміз! Игі іс әлі де өз жалғасын табатын болады!