ҚАЗАҚСТАНДА ЖЫЛ САЙЫН МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТТАР САНЫ КӨБЕЙІП ОТЫРАДЫ

219

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингке қатысып, баяндама жасады. Сонымен қатар министр журналистердің сұрақтарына жауап берді. 

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлденген қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы ғылым мен жоғары білімді дамытуға жаңа серпін береді. Әрі қарай министрі Жолдауда айтылған ұстанымдардың ғылым және жоғары білім саласындағы қандай мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.

Бірінші кезекте С. Нұрбек демографиялық ахуал туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, биыл 400 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды. Ал 170 мың оқушы мектеп бітірді. Бұл 10 жылдан кейін мектеп бітірушілер саны екі жарым есе артады деген сөз. Жоғары білім алғысы келетін жастардың қатары да көбеймек.

Сонымен қатар қыркүйекте 177 мыңға жуық бала жоғары оқу орнының студенті атанды. Жалпы студенттер контингенті 609 мыңнан асты. Соңғы жылдары гранттар саны артып келеді. Биыл 88 мыңнан астам грант бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға көп. 2025 жылға дейін жыл сайын мемлекеттік грант саны 10%-ға көбейіп отырады.

«Жоғары білімді қолжетімді ету тетіктері кеңейтілуі керек», — деді министр.

Оның айтуынша, демографиялық трендтер мен оқу ақысының өсуі жағдайында Мемлекет басшысының сараланған грантты (30%-дан 100%-ға дейін) енгізу бойынша тапсырмасы өзекті болып отыр. Бүгінде жұмыс тобы құрылды. Әлемдік тәжірибе зерттеліп, қазіргі грант беру жүйесімен үйлестіріліп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі бұл орайда қолданыстағы әдіснамадан түбегейлі ауытқымайтынын айтып өтті.

Жаңа жүйеде талапкердің оқу үлгерімі, белсенді әлеуметтік ұстанымы, ғылыми және шығармашылық жетістіктері, әлеуметтік жағдайы ескеріледі. Осы жылдың өзінде гранттар саны жеткілікті болғанымен, студенттердің 60%-ы ақылы түрде білім алады. Осы санаттағы студенттерді қолдау үшін жылына 2-3%-бен білім беру кредитін алу мүмкіндігі беріледі. Саясат Нұрбектің айтуынша, аталған шараларды жүзеге асыру үшін заңнамалық өзгерістер қажет.

«Мемлекет басшысы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әр балаға 18 жасқа толғанға дейін қаржы бөлуді тапсырды. Ақша арнайы есепшотта жинақталады. Оны келешектте білім алуға жұмсауына болады», — деді министр.

Әрі қарай ғылым және жоғары білім министрі кәсіби бағдар. туралы баяндады. Оның айтуынша, талапкерлер мамандықты көп жағдайда жүрек қалауымен, өз қабілетіне сай таңдамайды.

«Кәсіби бағдар беру саласын жандандыру керек. Кадрлар еңбек нарығының сұранысына сәйкес даярланады», — деді ол.

Министр берген ақпаратқа сай, Павлодар облысында Жаңа мамандықтардың өңірлік атласы әзірленді. Мұндағы жоғары оқу орындары өңір сұраныстарына негізделген жаңа білім бағдарламаларын әзірледі.

Сонымен қатар Кадрлық қамтамасыз етудің өңірлік стандарттары әзірленеді. Күні кеше Маңғыстау облысында арнайы жобалық кеңсе жұмысын бастады. Ақтөбе және Атырау қалаларында жобалық кеңсе құру жоспарланып отыр.

Министр Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагогтар, дәрігерлер, су саласының мамандарын дайындау сұрақтарына ерекше тоқталғанын атйпы өтті.

Бүгінгі таңда «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп санын едәуір көбейту жоспарланған. Ал бұл мектеп мұғалімдеріне деген сұранысты арттырады. 2026 жылға қарай қосымша 100 мыңнан астам педагог керек болады. Бұл жоғарғы білікті педагог мамандарға тапшылық бар екенін білдіреді.

Осы орайда жыл сайын педагогикалық бағыттарға мемлекеттік тапсырыс артып келеді. Білім беру гранттарының орташа құны 3 есеге артып, 1 миллион теңгеге жетті. Бүгінгі таңда отандық 17 университеттің 110 оқытушысы жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша арнайы оқудан өтті, 25 жобалық команда құрылды.

Қазірдің өзінде бұл командалар Финляндия университеттерімен бірлесіп, педагогикалық білім беру моделі мен 30 білім беру бағдарламасын әзірледі. Оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін, инклюзивті білім беруді және ерекше қажеттіліктері бар білім алушыларды қолдау тәсілдерін, CLIL және STEM тұжырымдамасын, сондай-ақ пәнаралық байланысты дамытуға баса назар аударылды. Ведомство басшысының айтуынша, әзірленген бағдарламаларды келесі оқу жылынан бастап білім үрдісіне енгізу жоспарланып отыр.

«Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеу стандартының жобасы да әзірленіп жатыр. Стандарт ерте кәсіптік бағдар беру, студенттер қатарына қабылдау, университетте оқу мен педагогикалық тәжірибеден өтуді қоса, жас мұғалімдерді қолдау шараларын да қамтиды», — деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, педагогикалық ғылымды дамыту мақсатында «Болашақ» бағдарламасы мен «500 ғалым» жобасы аясында университет оқытушыларына квоталар қарастырылмақ.

«Мемлекет басшысы атап өткен еліміздегі су қауіпсіздігі де – өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде су саласында білікті мамандар тапшы. Базалық жоғары оқу орны анықталып, әрі қарай біз су саласының сарапшылары және ғалымдармен бірлесе отырып, инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлейміз», — деді министр.

Қазіргі уақытта еліміздің 16 жоғары оқу орнында «Су ресурстары және суды пайдалану» және «Су шаруашылығы» бағыттары бойынша кадрларды даярлау жүріп жатыр. Білім беру бағдарламаларының тізіліміне жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша 40 білім беру бағдарламасы енгізілген. Жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді.

2022-2023 оқу жылына бакалавриат бойынша 274 грант, магистратура бойынша 50 грант және докторантура бойынша 11 орын бөлінді. Түлектердің жұмысқа орналасуы 67,2%-ды (мемлекеттік тапсырыс бойынша 58,9%) құрады.

«Ендігі бір өзекті жайт – ұлтымыздың саулығы. Әлемдік пандемия дәрігер мамандардың қажет екенін сездірді. Осыған орай Мемлекет басшысы алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант санын 70%-ға көбейтуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстарды біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе атқарамыз», — деді Саясат Нұрбек.

Білім сапасын арттыру үшін академиялық инфрақұрылымды дамытып, білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету керек.

Бүгінгі таңда 104 жоғары оқу орнында 209 жатақхана бар, онда 101 мыңнан аса студент тұрады. Сондай-ақ университеттер 14 309 студентке 100 жатақхана мен хостелді жалға алған. Бірақ бұл жағдай мәселені түбегейлі шешпейді. Қосымша 87 мыңнан астам білім алушыға жататын орын керек.

2018 жыл мен 2022 жыл аралығында студенттер үшін 15482 орындық 50 жатақхана пайдалануға берілді. Биыл 5 000-ға жуық студентке арналған 17 жатақхана іске қосылады деп жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, жатақханалар салу үшін жеке инвесторлардың қаражаты да тартылып жатыр. Дегенмен бірқатар шешілмей тұрған мәселелер де бар.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнес өкілдеріне рәсімдерді жеңілдетуді пысықтап жатырмыз. Бұл жатақхана салуға арналған республикалық бюджеттен бөлінетін шығыстарды оңтайландыруға мүмкіндік береді», — деді ғылым және жоғары білім министрі.

Сонымен қатар студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша ЖОО-ларға қойылатын талаптар нормативтік тұрғыда бекітілетін болады.

Министрдің айтуынша, жоғары оқу орнының инфрақұрылымын тек оқу ақысынан түсетін қаражат есебінен дамыту жеткіліксіз. Халықаралық тәжірибеде, мысалы АҚШ, Сингапур, Ресей және басқа елдерде жоғары оқу орындары эндаумент-қорлар ашып, оны өз әлеуетін дамытуға, студенттерді қолдауға пайдаланады. Мұндай тәжірибе бізде де бар.

«Жоғары оқу орындары жанынан құрылатын эндаумент-қорлар студенттердің оқу ақысына жеңілдік беруге, оны өтеуге, университеттің базасы мен ғылымды дамытуға қаржы бөледі. Бұл шараны жүзеге асыру үшін Жұмыс тобы құрылды, Эндаумент-қорларды дамыту жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасы әзірленеді», — деді С. Нұрбек.

Министрдің сөзінше, аталған шаралардың барлығы жоғары білім беру сапасын арттыруға және студенттердің білім алуына қолайлы жағдай жасауға, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.

Әрі қарай сұрақ-жауап сессиясы кезінде Саясат Нұрбек министрліктің Шымкентте АИТВ жұқтырған балалардың жоғары білім алуына көмектесетіні туралы айтты. Министр 2006 жылы Шымкентте абайсызда Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балаларды кездесуге шақырды.

«2006 жылы Шымкентте 80-ге жуық баланың АИТВ жұқтыру дауы есіңізде болар. Өкінішке орай, кейбірі сол жылы қайтыс болды. Биыл сол балалардың дені мектеп бітірді. Бұл жастарды ЖОО-да тегін оқыту, грант беру қарастырылған ба? Кейбір балалар ҰБТ тапсырып, грантқа түсе алмаған екен. Ал Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бір баланың Қарағанды медициналық академиясында тегін оқуын қамтамасыз етіпті. Қалған балаларға министрлік тарапынан қолдау, көмек бола ма?» – деген сұрақ қойылды министрге Орталық коммуникациялар қызметінде.

«Біріншіден, біз гранттарды тек қана заңды түрде ҰБТ нәтижесі арқылы тағайындай аламыз. Дегенмен әкімдік гранттары деген бар. Яғни әр өңірдің басшылары өздерінде тапшы мамандықтарға кадр даярлауға тапсырыс бере алады. Екіншіден, ректорлардың жеңілдіктері бар. Мысалы, дарынды немесе қиын жағдайдағы балаларға ректорлар университеттері есебінен жәрдем көрсете алады. Сондықтан біз министрлік ретінде осы балалармен, ата-аналарымен кездесуге дайынбыз. Есігіміз ашық. Біздің хатшылыққа хабарлассын, оларды тыңдап, қолымыздан келгенше осындай ректорлық жеңілдіктер арқылы, әкімдердің өңірлік гранттары арқылы көмектесуге дайынбыз», — деп жауап берді Саясат Нұрбек.

Сонымен бірге ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда ресейлік ЖОО филиалдарын ашу жөнінде пікір білдірді.

«Қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға техникалық мамандар қажет екенін және Ресейдің техникалық оқу орындары біздің студенттеріміз үшін басым бағыт болатынын айтқан еді. Бірақ бұл ұсыныс туралы соңғы кезде аз естіп жүрміз. Ол туралы Президенттің соңғы Жолдауында да айтылған жоқ. Бастама қазір де өз күшінде ме? Биыл Ресейге оқуға баратын студенттер саны артты ма?», — деп жауап берді министр.

Өз жауабында министр техникалық мамандарды басым түрде даярлау тапсырмасы толыққанды жүзеге асып жатқанын айтты.

«Биыл мемлекеттік тапсырыспен 88 мың грант берілсе, оның 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға бөлінген. “Болашақ” бағдарламасында да 65%-ға жуық стипендиаттар инженерлік-техникалық мамандықтарға жіберіледі. Ресейдің жетекші техникалық университеттерінің екі филиалы Қазақстанда ашылды. Биыл 2 қыркүйекте Атыраудағы С. Өтебаев атындағы мұнай-газ университетінде И. Губкин атындағы Ресей мұнай-газ университетінің филиалы ашылды. Ал 12 қыркүйекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде атақты Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалы ашылды. МИФИ ядролық университетімен ядролық энергетика және ақпараттық қауіпсіздік саласында екі үлкен бағдарлама бастадық. Сондықтан бұл тапсырмалар толыққанды жүзеге асырылуда. Енді біздің талапкерлерді Ресейге жібермей-ақ, өз елімізде ең мықты ресейлік инженерлік университтерде оқытуға болады», — деп жауап берді С. Нұрбек.

Сонымен бірге ғылым және жоғары білім министрі Ресей мен Украинадан елге ауысқан қазақстандық студенттер туралы айтты.

«Ресейге оқуын жалғастырғысы келетіндерге еш шектеу жоқ. Бірнеше мың қазақстандық Ресейде оқып жатыр. Ал Ресей мен Украина университеттерінен қазақстандықтар ауыстырылды ма десеңіз, мамыр айынан бастап Ресейден 2 500 студент, Украинадан 34 студент Қазақстан ЖОО-ларына ауыстырылды», — деді С. Нұрбек.

Advertisements