Г.ҚҰРМАНБЕКОВА: «ҚЫЗЫЛКӨПІР» КЕШЕНІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАДЫ

179
Дермене ауылдық округіне қарасты Қызылкөпір елді мекеніндегі №3 жалпы орта мектепте өткен кездесуде ауыл тұрғындары әкімдік өкілдерінен жол мен жарық, жайылым және жер учаскесін алуға қатысты көмек, кеңес сұрады.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова кездесу аясында Қызылкөпір елді мекенінде қолға алынатын жобалар туралы айта келіп, тұрғындардың ешбір сұрағын жауапсыз қалдырмады.
«Айрықша атап өткім келетіні, алдағы уақытта өңіріміздегі ерекше тарихи жәдігер саналатын «Қызылкөпір» кешені қайта жаңғырады. Қазіргі кезде 118 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Ендігі жерде көпір маңын абаттандырып, ауыл келбетін көркейтетін боламыз», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Кездесуде ауыл тұрғындары елді мекенге қосымша трансформатор қажет екендігін ескертті. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдерінің 80 пайызы жастар екендігін ескере келе, үй салу үшін оларға жер учаскесін беруді сұрады. Сондай-ақ, Саналы өзенінің арнасын тазалау арқылы сумен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.
Гүлжан Мамытқызы жоғарыда аталған проблемалардың кезең-кезеңімен бәрі де шешілетінін атап өтіп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Ал жеке қабылдау кезінде ауыл тұрғыны Әлима Мұсалиева меншігіндегі жерге өзге біреу ғимарат тұрғызып алғанын айтып, араша сұрады. Оған Арыс ауданының прокуроры Талғат Сейдуалиев пен әкімдіктің сала мамандары мәселе сот арқылы ғана шешілетінін айтып, заң органына жүгінуге кеңес берді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығына орай, осы күндері қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың Арыс қаласы мен ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі өтуде. Алдын ала бекітілген кесте бойынша мұндай шаралар апта соңына дейін жалғасады деп жоспарланған.
Advertisements