ТҮРКІСТАННЫҢ ТУРИСТІК ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ФЕРҒАНА ХАЛҚЫНА ТАНЫСТЫРЫЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитов Өзбекстан Республикасы Ферғана облысы хокимінің орынбасары Хуршиджон Ахмедовпен кездесу өткізді. Кездесуде екі өңір арасындағы байланысты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
– Кәсіпкерлік, бизнес саласында әріптестік орнатуға дайынбыз. Түркістан – еліміздегі агросала ең жақсы дамыған өңір. Бұл бағытта да бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Жалпы алдағы уақытта екі елдің бизнес өкілдерінің қатысуымен форум өткізу мәселесі де маңызды. Бизнес жобаларды, ұсыныстарды талқылауға әзірміз, – деді Арман Сабитов.
Ферғана облысы хокимінің туризм, спорт, Мәдениет, мәдени мұра және бұқаралық коммуникациялар жөніндегі орынбасары Хуршиджон Ахмедов Ферғана облысының ауыл шаурашылығы және кәсіпкерлік саласындағы жетістіктерімен таныстырды. Түркістанның туристік әлеуетін жоғары бағалады.
– Бұл – менің Қазақстанға, оның ішінде Түркістанға алғаш келуім. Әсерім өте жақсы. Түркістан таза әрі жаңа қала екен. Туризм саласы бойынша мүмкіндігі мол екенін аңғардым. Біз бауырлас елмен, тарихи шаһармен байланысты нығайтуға мүдделіміз. Ферғана облысында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өте жақсы дамыған. Жеміс-жидектеріміз шет мемлекеттерге тұрақты түрде экспотталып жатыр. Түркістанмен байланысты тереңдетіп, туризм, мәдениет салаларында бірлесе жұмыс атқаруға мүмкіндік мол, – деді Өзбекстан өкілі.
Кездесу барысында туризм саласында екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланып, қос тарап өңірлер арасында туризм саласын дамыту бағытында бірлесе жұмыс атқару жөнінде уағдаласты.
Кездесу нәтижесінде Түркістан облысы әкімдігі мен Ферғана облысы хокимияты арасында бауырлас қатынастарды дамыту және жалғастыру туралы келісімге қол қойылды.
Қазіргі таңда Ферғана облысында 4 миллионға жуық тұрғын бар. Осы сапар нәтижесінде Түркістан облысының туристік әлеуеті Ферғана алқабында тұратын халыққа насихатталатын болады.
Айта кетейік, Ферғана облысынан құрамында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен, блогерлерден, туристік мекемелер өкілдерінен тұратын бір топ делегация Түркістан облысының туристік әлеуетімен танысуға және өз өңірлерінде Түркістан туралы ақпарат тарату мақсатында арнайы келген. 2 күн барысында аталған делегация өңірдің туристік нысандарымен танысады. Сонымен қатар Ферғана облысынан келген туризм бизнесінің өкілдері мен қазақстандық туризм бизнесі өкілдері арасында 10 млн. долларға келсімшарт жасасу жоспарланып отыр.