ҮШ ЕЛДІ МЕКЕНДЕ БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ САЛЫНАДЫ
Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Арыс қаласына қарасты Дермене ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Ауыл әкімдігінің ғимараты алдында ашық аспан астында өткен жергілікті тұрғындармен кездесуге Арыс қаласының прокуроры Талғат Сейдуалиев пен аудандық полиция бөлімінің, әкім орынбасары, қала әкімдігі аппаратының өкілдері, дербес бөлім басшылары мен салалық құрылымдардың жауапты мамандары қатысты.
Жиында ауылдың өзекті мәселелерін шешу жолдары талқыланып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
“Бүгінгі таңда тұрғындар ұсынысына орай, Дермене ауылдық округі бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Саналы елді мекеніндегі 4 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Теміржолшы елді мекенінде Асар көшесін жөндеуге қажетті тиісті қаржы қаралып, орташа жөндеу мен жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Қызылкөпір елді мекенінде 2 көшеге тас төсеу жұмыстары аяқталды», – деді қала басшысы Гүлжан Мамытқызы.
Бұдан бөлек, балалар жылы аясында 3 елді мекенде ойын алаңшалары салынбақ.
«Өткен жылы қаламызға қарасты 6 ауылдық округте спорт алаңшаларын салдық. Енді Дермене ауылдық округіне қарасты Саналы, Қаражантақ, Қызылкөпір елді мекенінде балалар ойын алаңшасы салынады», – деді шаһар басшысы.
Айта кетейік, биыл Дермене ауылдық округі әкімдігі ғимаратының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, аталған ауылда екі қабатты қызметтік тұрғын үйге инженерлік желілер (су, кәріз жүйелері) қосылды.