ДЕРМЕНЕ КӨРКЕЙЕ ТҮСЕДІ

187
Әкім мен халық арасындағы кездесу тұрғындардың талап-тілегінсіз өтпейтіні белгілі. Бүгін шаһар басшысы Гүлжан Құрманбековамен ашық диалог форматында кездескен дерменеліктер баспана мен жайылым және суармалы жер сынды мәселелерге қатысты өтініш-тілектерін жеткізді.
Шаһар басшысы Дерменеде қолға алынатын жобалар туралы айта келіп, тұрғындардың ешбір сұрағын жауапсыз қалдырмады.
«Дерменеде алдағы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылады. Атап айтқанда, Дермене, Теміржолшы, Орманды, Қаражантақ, Саналы елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін ЖСҚ (жобалық-сметалық құжат) әзірленуде. 2023-2024 жылдары құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, округ орталығынан 120 орындық клуб-кітапхана кешенін салу үшін ЖСҚ толығымен әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. 2023-2024 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізіледі», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Кездесу барысында ауыл тұрғыны Айгүл Аймағанбетқызы ауылға монша соғылса деген өтінішін айтты. Өз кезегінде қала әкімі бұл мәселе әкімдік құзыретіне кірмейтіндігін, егер монша соғамын деген кәсіпкер табылса, әкімдік заңға сәйкес тиісті көмек көрсететін жеткізді.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындары қала әкімінен күре жолдың бойына және мешіт жанына «Сергек» бейнебақылау камерасын қоюды сұрады. Өйткені, ережені елемейтін жүргізушілерден төнетін қауіп-қатер басым. Қала әкімі аталған мәселені назарға алатынын жеткізді.
Өз кезегінде қала басшысы төрт түлік мал мен иттерді бос жіберіп, тұрғындарға қауіп келтірушілерге айыппұл көзделгенін ескертті. Сондай-ақ, әр ауыл тұрғыны жылына бір тал отырғызып, күтіп-баптаса ауыл келбеті көркейе түсетінін айтып, көгалдандыру мәселесінде жұмыла жұмыс жүргізу керектігін айтты.
Кездесу соңында тұрғындарды жеке қабылдаған шаһар басшысы ауылдағы ауызбіршілікті сақтай отырып, округті бірлесе өркендетуге шақырды.
Advertisements