АРЫСТА 87-ШІ ЗАМАНАУИ СПОРТ АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

181
Арыс қаласында 25 қазан- Республика күні қарсаңында, қалаға қарасты Монтайтас ауылдық округінің Шағыр елді мекенінде 2,5 мың шаршы метр аумақты құрайтын спорт және балалар алаңшасы пайдалануға берілді. Бір мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде өткен салтанатты шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шағырлық жеке кәсіпкер Қадырғали Сатымбековтің демеушілігімен іске асырылған жоба аясында бұдан былай қоғам арасында саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтар мен спортты жанына серік ететін тұрғындар қатары көбейе түсетін болды.
Жиында сөз сөйлеген қала әкімі мұндай іс-әрекет ел ішінде кеңінен насихатталуы тиіс екендігін айрықша атап өтті. Өйткені, бұл ұлт саулығын нығайтуға бағытталған игі шаралардың бірі.
«Бүгінде қала әкімдігі осындай демеушілермен бірлесе отырып, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарта түсу үшін барынша жағдай жасауда. Мұнда балалармен бірге ауыл тұрғындары бір сәт бой сергітіп, спортпен шұғылданады», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Жалпы құны 32 миллион теңгені құрайтын нысанда 18 спорт құрылғысы мен 1 050 шаршы метрді құрайтын кіші футбол алаңшасы балалардың асыр салып ойнауына зор мүмкіндік береді. Сол сияқты 1 мың шаршы метрге жаяу жүргіншілер жолағы салынып, талапқа сай жарықтандырылуы қоғам мәдениетінің көтерілуіне оң ықпал етеді.
Сонымен қатар, спорт алаңшасының маңында шағын демалыс аймағы салынып, ол жер заманауи талапқа сай жарықтандырылды. 3 сквер мен қоқыс жәшігі орнатылып, 1 мың шаршы метр жерге жаяу жүргіншілер жолағы үшін брусчатка төселді.
Айта кетейік, қазірге дейін Арыс қаласы мен ауылдық округтерде 86 воркаут пен ойын және спорт алаңшасы пайдалануға берілген. Сала мамандарының түсіндіруінше, бұл нысан 87 болып отыр. Мұның 66-сы Арыс қаласында, ал 21-і ауылдық округтерде салынды. Сол сияқты 78 нысан бюджет есебінен, ал 7-і демеушілер есебінен жүзеге асырылды. Ал Шағыр елді мекенінде 908 тұрғын бар болса, оның 332-сі мектеп жасындағы балалар.
Advertisements