АРЫСТА МӘМС АРҚЫЛЫ ТЕГІН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН КЛИНИКА ҚЫЗМЕТІН БАСТАДЫ

219
Арыс қаласында МӘМС арқылы тегін қызмет көрсететін клиника қызметін бастады. Д.Қонаев көшесінде орналасқан клиниканың ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен зиялы қауым өкілдері, дәрігерлер мен жергілікті тұрғындар және саланың жауапты мамандары қатысты.
Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы қызмет көрсететін «IMPULS MED» ЖШС-і күндізгі стационарда 20 пациент қабылдауға қауқарлы. Сол үшін арнайы палаталар төсек орынмен жабдықталған. Мұнда айына 160, ал жылына 1 920 пациенттің тегін емделуге мүмкіншілігі бар.Клиника басшылығы 15 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап, қазір 11 дәрігер тұрақты қызметке орналасқан. Жоғары білімді және білікті дәрігерлер тобынан құралған ұжым кардиология, урология, терапевт пен ересектерге арналған ЖТД дәрігері және балаларға тегін консультациялық диагностикалық көмек (қосымша ақылы қызметі де бар) көрсетеді.
Мекеме стандарттарға сай заманауи медициналық аппараттармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жоспар бойынша 2023 жылдың соңына дейін Арыс қаласында төмендегіше медициналық қызметтерді іске қосу көзделген. Олар: ересектерге және балаларға арналған физиотерапиялық емдеу және функционалды диагностикалық емдеу қызметтерін іске қосу; алғашқы медициналық-санитариялық көмек (емхана); медициналық оңалту (реабилитация) бөлімі; стационар және күндізгі стационар, амбулаторлық-емханалық көмек; ультрадыбыстық зерттеулер; зертхана (лаборатория); дәріхана; тіс емханасы.
Advertisements