ЭГТРМ БАСШЫСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

180

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті. Ведомство басшысы жалпы республика және өңір бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті.

Тұрғындармен кездесуде ескірген кәріз тазарту құрылыстары, кей жерлерде тіпті олардың болмауы, қалдықтарды басқару және қайта өңдеу саласы, атмосфералық ауа сапасы, су саласын, орман және балық шаруашылығын дамыту секілді өзекті мәселелер айтылды.

Экология мәселелері

Жалпы, басқа өңірлермен салыстырғанда Түркістан облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы. Экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша Түркістан және Кентау қалаларының атмосфералық ауасының ластану деңгейі – жоғары.

Серікқали Брекешевтің мәліметінше, осы жылғы 9 ай ішінде ел бойынша кәсіпорындардан ластаушы заттар шығарындылардың нақты көлемі шамамен 900 мың тоннаны құрады. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен 18%-ға төмен. Түркістан облысына 30,1 мың тоннасы тиесілі, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 7%-ға төмен.

Ол облыстың экологиялық мәселелеріне, яғни атмосфералық ауаның ластануына, қалдықтарды басқарудың жетілмеген жүйесіне және ескірген кәріз тазарту құрылғыларына талдау жасалғанын атап өтті.

«Жалпы, экологиялық жүйені жақсарту үшін жүйелі шаралар ретінде былтыр жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Сондай-ақ 2020 жылы өңірлер бөлінісінде экологиялық жүйені жақсарту жөніндегі Жол карталары бекітіліп, іске асырылып жатыр», — деді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Түркістан облысы бойынша экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі Жол картасында 21 іс-шара көзделген. Оның 9-ы орындалды. Мәселен, «Түркістан Жылу» коммуналдық кәсіпорны қазандығын газға ауыстырумен жаңғыртылды, Түркістан қаласы мен облыс аудандарының жеке секторын газдандыру жүргізілді, жасыл желектерді түгендеу жүзеге асырылды және т.б. Сонымен қатар кейбір іс-шаралар бойынша уақытылы орындалмау қаупі бар. Бұл ретте ведомство басшысы өңірдің қоршаған орта сапасының маңыздылығын ескере отырып, әкімдік Жол картасы іс-шараларын іске асыру үшін шұғыл шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті. Бұдан басқа, бүгінде Жол карталарын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Облыстағы экологиялық жүйені жақсартуға бағытталған жаңа іс-шараларды бірлесіп пысықтап, енгізу керек», — деді С. Брекешев.

Халықты алаңдататын тағы бір мәселе – бұл ескірген кәріз тазарту құрылғылары немесе олардың болмауы. Мәселен, Кентау және Түркістан қалаларының тазарту құрылғылары қанағаттанарлықсыз жағдайда. Ал Ордабасы, Бәйдібек, Келес, Қазығұрт және Мақтаарал сияқты 5 аудан орталығында кәріз тазарту құрылғылары жоқ. Осыған байланысты тазарту құрылғыларына жөндеу және қайта құру жұмыстарын жүргізу қажет. Қайта құру мәселесі айтарлықтай қаражатты талап етеді. Сондықтан облыс әкімдігі экологиялық төлемдерден түсетін қаражат есебінен қаржыландыру мәселесін қарастыруы керек.

Қалдықтарды басқару 

2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 17,1%-ды құрады. Бұл өткен жылғы деңгейден 3%-дық тармаққа (14,16%) жоғары, бірақ республикалық орташа деңгейден төмен (24%).

Түркістан облысы аумағында 160 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны бар және олардың барлығы экологиялық талаптарға сай емес. Тұтастай алғанда, олар қоқыс үйінділері ретінде танылуы керек, мұнда қалдықтар ескірген әдістермен көміледі. Полигондарда қалдықтарды сұрыптау желілері жоқ, көп жағдайда: қоршаулар, жер асты суларының ластануын бақылау ұңғымалары, абаттандыру, инфрақұрылым және т. б. жоқ.

«Аталған заң бұзушылықтар үшін Экология департаменті былтыр – 72 ауылдық округ әкімін 23 млн 258 мың теңгеге, биыл – 46 ауылдық округ әкімін 4 млн 546 мың теңгеге жауапкершілікке тартты. Бұл жұмыс алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады», — деді лігінің басшысы.

Өз кезегінде, полигондар мәселесі рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына себеп болып отыр. Ғарыштық мониторингтің мәліметі бойынша облыс аумағында жыл сайын 400-ден астам заңсыз үйінді анықталады. Олар жергілікті әкімдіктердің күшімен жойылады. Алайда, бұл мәселені толық шешпейді. Өз кезегінде, ведомство апатты полигондарды құру мәселесін шешу үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдады.

Жалпы, мәселелерді шешу үшін әкімдік қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жай-күйін жақсарту және оларды тиісінше орналастыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Сондай-ақ өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқару жағдайы туралы халықты хабардар ете отырып, коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласында шағын және орта бизнес субъектілерін белсенді тарту қажет. Сонымен қатар экология, геология және табиғи ресурстар министрі кешенді жұмыс жүргізу үшін әкімдікке коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді және бекітуді ұсынды.

Геология

Түркістан облысы – Қазақстанның ең ірі уран тасымалдаушы өңірі, мұнда барлық республикалық уран қорларының жартысынан астамы (69,9%) шоғырланған.

Серікқали Брекешев геологиялық саланың алдында тұрған негізгі мәселе – қорлардың аз толуы екенін атап өтті. 5 жылдық кезеңде ел бойынша жер қойнауын 680 мың шаршы шақырымнан астам аумақта, оның ішінде Түркістан облысында 13,4 мың шаршы шақырымда өңірлік геологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар геологиялық барлау жұмыстарының кейінгі кезеңдерін жүргізу және геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін Қазақстан аумағының перспективаларын бағалай отырып, геологиялық қамту карталарын жасауға мүмкіндік береді.

Су саласын дамыту

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қызметінің тағы бір маңызды бағыты – су саласын дамыту. Су шаруашылығындағы негізгі мәселелер – су шаруашылығы объектілерінің тозуының жоғары деңгейі, судың үлкен шығыны. Осыған байланысты, су шаруашылығы инфрақұрылымын салу, қайта құру және суару арналарын цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, Түркістан және Қызылорда облыстарының 260 мың тұрғыны бар 231 ауылдық елді мекендердің халқын су басу қаупін жою және кепілді суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында Шардара су қоймасы бөгетін реконструкциялау және сейсмикалық тұрақтылығын арттыру жөніндегі жоба іске асырылуда. Бұдан басқа, Бәйдібек ауданында Қапшағай су қоймасын реконструкциялау қолға алынды. Ол 4,3 мың гектар жерді суармалы сумен, сондай-ақ 10,9 мың тұрғыны бар 4 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ететін болады.

Кешенді георадарлық зерттеу жүргізілгеннен кейін Сырдария өзеніндегі Көксарай контррегуляторы бөгетін реконструкциялау және оның тұрақтылығын арттыру жобасы бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуда.

Сондай-ақ гидротехникалық құрылғыларды салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Бұл 48,2 мың гектар суармалы жерлерді жақсартуға және сумен кепілді қамтамасыз етеді, қосымша 1,5 мың жұмыс орны құрылады.

«Келесі жылдан бастап гидротехникалық құрылғыны салу мен реконструкциялау бойынша тағы 5 жоба жоспарлануда, бұл 17,6 мың гектар суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.

Сонымен қатар Дүниежүзілік, Еуропалық және Ислам банктерінің қаражатын есебінен суармалы егіншілікті дамыту және ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ирригациялық инфрақұрылымды реконструкциялау және қалпына келтіру жолымен шамамен 190 мың га алаңда сумен қамтамасыз ету және мелиорациялық жай-күйі жақсартылады, 2,4 мың км канал реконструкцияланып, салынады, жыл сайын суармалы судың шығыны 300 млн текше метрге азаяды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімін 50 млрд теңгеге дейін өндіретін 17 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Серікқали Брекешевтің сөзінше, Түркістан қаласының азық-түлік белдеуін сумен қамтамасыз ету үшін былтыр Кентау қаласының маңындағы «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасының құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 18,5 млн текше метр су жиналды, 2,5 мың гектар жаңа суармалы жерлер енгізілді.

Жалпы, су ресурстарын басқару жүйесін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол үшін тиісті Тұжырымдаманың жобасы әзірленді. Екі бағытқа баса назар аударылады. Бұл су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру, оның шеңберінде су заңнамасы мен дипломатияны жетілдіру көзделген. Жаңа Су кодексінің жобасы әзірленуде, жақын арада мәтін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің сайтында орналастырылады және тұрғындар өз ұсыныстарын жолдай алатын болады.

Су ресурстары комитетінің, оның ведомстволық бағынысты және ғылыми ұйымдарының әлеуетін арттыру бойынша, сондай-ақ кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Тұрақты даму үшін суға сұраныс бойынша екінші бағыт шеңберінде су-ресурстық әлеуетін бағалау мен болжау, су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту көзделген. Бұл жұмыс қабылданған «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» ұлттық жобалары шеңберінде жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ су үнемдеуді экономикалық ынталандыру шараларын дамыту, оның ішінде тарифтерді қайта қарау және табиғи су объектілерін сақтау және қалпына келтіру шаралары жоспарланған.

Су шаруашылығының негізгі мақсаты — елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, экономика салалары мен қоршаған ортаның қажеттілігін теңгерімін қамтамасыз ету проблемаларын шешу.

Орман шаруашылығы 

Қазіргі уақытта республиканың ормандылығы 5,0%-ды құрайды. Мақсат – 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 5,3%-ға дейін жеткізу. Президенттің бастамасымен өткен жылы 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу қолға алынды. Өткен жылдың жоспары орындалды. Биыл республика бойынша 278 млн дана жасыл желек, оның ішінде облыста 23,8 млн түп отырғызу жоспарлануда. Жыл басынан бері облыста 2,1 млн дана ағаш отырғызылды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, 2 млрд ағаш отырғызу бойынша цифрлық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында интерактивті карта және OrmanMap қосымшасы әзірленді.

Балық шаруашылығы

Балық шаруашылығын дамыту саласында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Серікқали Брекешев Түркістан облысы балық өсіру бойынша көш бастап тұрғанын атап өтті. Бағдарламаға сәйкес биыл өңір бойынша 6,1 мың тонна балық өсіру жоспарланған. Жыл басынан бері 4,1 мың тонна тауарлық балық өсірілді. Биыл тұқы, бақтақ және африкалық жайын өсіретін 4 тоған балық өсіру шаруашылығы құрылды.

«Облыс әкімдігінен балық шаруашылығы саласындағы басқа инвестициялық жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауға алуды және қажетті жәрдем көрсетуді, оның ішінде субсидиялауға қаражат бөлуді сұраймын», — деп түйіндеді С. Брекешев.

Advertisements