БҰЛ – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ МҮДДЕСІНЕ ОРАЙ ЖАСАЛҒАН АШЫҚ ӘРІ ТИІМДІ ЭКОНОМИКА ҚҰРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ҚАДАМ – Ә.СМАЙЫЛОВ «ҚАЗМҰНАЙГАЗ»-ДЫҢ IPO-СЫ ТУРАЛЫ

297

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан қор нарығы тарихындағы ең ірі IPO шеңберінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларының сауда-саттығын ашу рәсіміне қатысты.

9 қарашадан 2 желтоқсанға дейін азаматтар «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасынан (Astana International Exchange, AIX) және Қазақстан қор биржасынан (KASE) ҚМГ акцияларын 8406 теңге бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. 8 желтоқсаннан бастап қайталама сауда-саттық ашылғаннан кейін мұнай компаниясының акцияларын нарықтықта да сатып алуға болады.

Премьер-Министр өз сөзінде жетекші ұлттық компанияның IPO-сы экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту реформасын әрі қарай іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатқанын атап өтті. IPO-ның жалпы көлемі 154 млрд теңгені ($330 млн-ды), ал берілген өтінімдер саны – шамамен 130 мыңды құрады, қазақстандық инвесторлардың үлесі – 95%-дан артық.

«Біздің азаматтардың өтініштері басым тәртіпте әрі толықтай қанағаттандырылды. «ҚазМұнайГаздың» IPO-сы Қазақстанның қор нарығы үшін ірі мәмілелердің бірі болып табылады. Бұл отандық қаржы нарығын дамытуға, еліміздің азаматтарына да оң әсер етеді», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, ірі мемлекеттік компанияларды қор нарығына шығару – олардың қоғам мен акционерлер алдында есеп беру міндетін ұлғайтып, ашықтығын арттырады. Халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығы жетіліп келеді.

«Таяуда басқа ұлттық компаниялар да 2023-2025 жылдары бірқатар IPO-ларды өткізу арқылы ашықтығын арттырады. Бұл – Қазақстан халқының мүддесіне орай жасалған ашық әрі тиімді экономика құру бағытындағы қадам», — деп түйіндеді Премьер-Министр.

Естеріңізге сала кетейік, 9 қарашадан 2 желтоқсанға дейін ҚМГ акцияларына жазылу жүргізілді, оның барысында инвесторлардан 181 млрд теңгеден астам сомаға 129 мыңнан артық өтінім келіп түсті. Нәтижесінде жекелеген ірі инвесторларда акциялар пакетінің шоғырлануына жол бермеу үшін 153 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдерді қанағаттандыру туралы шешім қабылданды. ҚР азаматтарынан акцияларды сатып алуға берілген өтінімдер толық көлемде қанағаттандырылды. Осылайша, осы IPO шеңберінде «Самұрық-Қазына» қоры ҚМГ-ның 18 303 584 жай акциясын сатады, бұл компанияның орналастырылған жай акцияларының жалпы санының 3%-ын құрайды.

Анықтама: IPO (Initial Public Offering) – инвестициялар тарту мақсатында компания акцияларын қор биржасында бастапқы жария орналастыру. IPO кезінде компания акцияларды еркін айналымға шығарады, оны институционалдық және бөлшек инвесторлар сатып ала алады. 

Advertisements