Советтік билік қазақты қалай алдады?

433

Қазақстандағы қуғын-сүргін сипаты мен ерекшеліктерін түсінуге жәрдемші ретінде  Совет билігі қазақ жеріне империяшылдық-тапшылдық астармен келді, деп хабарлайды abai.kz 

Мүдделер қайшылығы Қазақстандағы қуғын-сүргін сипаты мен ерекшеліктерін түсінуге жәрдемші ретінде  Совет билігі қазақ жеріне империяшылдық-тапшылдық астармен келді. Монархияның тарих сахнасынан ығыстырылуы қанаттандырып, қазақ зиялылары патша үкіметі жойған мемлекеттілігін «Алаш-Орда» атымен жаңғыртқан-тын. Тарихи ахуал мәжбүр еткендіктен, тамаша декларация жариялаған совет өкіметімен келіссөз жүргізіп, алаштық құрылымды кеңес платформасына ауыстыруға уағдаласқан еді. Алайда советтік билік уәдесінен айнып, өзінің Алаш-Ордаға көзқарасын шұғыл өзгерткен.   

Алаш автономиясын мойындамай, советтік негізде қазақ автономиясын жариялауға әзірлік жүргізетінін жария еткен. Араға жылдан астам уақыт салып, 1919 жылдың ортасында Қазақ өлкесін басқару жөнінде арнайы әскери-революциялық комитет құрған. Предсовнарком Владимир Ленин Қазревком төрағасы Станислав Пестковскийге совет идеясын дәріптейтін, кеңес өкіметінің артықшылықтарын насихаттайтын дәрістерді алдын-ала граммофон  табақшаларына қазақ тілінде сенімді адамдарға тексертіп алып барып жазып, қырдағы қазақ ішіне апарып тыңдату арқылы таратуды ұсынған-тын.  Ресей Федерациясының Халық Комиссарлары Кеңесі құрған Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитеттің және Бүкілресей Орталық Атқару Комитетінің мүшесі Ахмет Байтұрсынов 1920 жылғы 17 мамырда Мәскеуде Совет үкіметінің басшысы, пролетариат көсемі Владимир Ильич Ленинге хат жазды. Қазақ өлкесін басқаруды ниет еткен революциялық комитеттің он айдан бері «ештеңе тындырмағанын айтуға тура келеді» деді ол хатында. Ревком жұмысының нәтижесіз болуына апарған негізгі екі себепті атады. Бұл себептердің бірін – «Қазақ өлкесін басқаруға қойылған Орталықтың өкілінде айқын көзқарас болған жоқ», өйткені орталықтың өзінде қазақ мәселесі жөнінде «Ресей халықтары құқтарының декларациясы» мен партия бағдарламасындағы нұсқаулардан басқа, өлкенің әлеуметтік жағдайының ерекшеліктерін елеп-ескеретін бағыт-бағдар жоқ деп, екіншісін – «Орталықтың өкілі мен халық арасында өзара сенімнің жоқтығы» деген сөзбен кесіп тұжырымдады. Сосын мәселені өзінше түсіндірді. Патша үкіметі тұсында айрықша ұлттық езгі мен құлдыққа түскен қазақтардан өзге бұратаналар болмағанын айтты. Жалпы, халықтың езгіде болуы ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды деді. Езілуге ұшыраған ұлттың бойында езушілерге қарсы жиіркеніш пен өшпенділік сезімі тұтанып, беки түседі. Және езушіге үнемі әрекетінен секем алып, сенбей қараудан басқа сезім  бойында ояна қоймайды. Мұны империядағы барша өзге тектілер тағдырынан байқауға болады. Ал қазіргі сәтке келсек.  Патшалық негізгі халқының қолымен «қазақтарды ғасырлар бойы тонап, езгіге салып келді», енді осы негізгі халықтың – «орыс ұлтының пролетариаты өзін патша чиновниктерінің орнын басушы емес, кешегі қаналған халықтардың мойнына мініп, құлдыққа салғысы келетін жаңа мырзалар емес, қайта, оларды азат етуші екенін көрсететін бет-бейнесін іспен дәлелдеп, көрсетуге тиіс». Алайда, ревком мүшесі Байтұрсыновтың байқағаны, «жергілікті коммунист жолдастар қазақтарды ешнәрсе түсінбейді деп ойлайды, қитұрқы, айлалы саясатқа салып, еңбекші қазақ халқына олардың тұрмысын советтік негізде құруға туысқандық көмек берудің орнына, әртүрлі қулық қолдану арқылы  өздерінің үстемдіктерін көрсетіп отыр». Бірақ бүгінгі орыстар «өздерін интернационалист-коммунист» деп атағанмен, ғасырлар бойы патша үкіметінің айлалы саясатын бастан кешіп келе жатқан өзге текті ұлттардың сеніміне кіре алмайды. Қазақта  «Сары орыстың бәрі орыс» деген мәтел бар… Айла-шарғылы саясат алдамшы үмітті үнсіз елестетіп сырттай жылтырағаннан басқа ешнәрсеге жеткізбейді. Бұл үнсіздік патша өкіметі кезіндегідей,  қанауға, озбырлыққа деген іштей өшпенділік пен жиіркенішке тұнған қазақтардың наразылығын белгілі бір түрде бұрқ еткізіп көрсететін жағдай туғанша ғана созылуы мүмкін… Большевиктер жол беріп отырған қателікті осылай баяндап, Қазревком мүшесі Совнарком төрағасына нақты ұсыныстар айтты. Орыс пролетариаты үшін қазақтар жөнінде екі жолдың бірін таңдауы ғана қалды деді: бір жол – «барлық жерде патша губернаторлары мен генерал-губернаторларының орнына жаңа диктаторлар тағайындап, билеп-төстеуші мәртебесіне ие болу, өз үстемдігін күштеп таңу арқылы бағындыру», не екінші жол – «қазақтың еңбекші халқының сеніміне ие болу».  Бірінші жолды таңдаған жағдайда советтік құрылыстың сәтсіздікке ұшырауы мүмкін, ал екіншісін таңдаса – жаңа құрылыстың іргетасы берік негізге қаланатын болады. «Мәселе мынада, – деп жазды одан әрі Байтұрсынов Ленинге, – қазақтардың арасында халқы толық сенетін және жазатайым жаңылса да, өз халқын ешқашан да жеке басының игіліктері мен пайдасын көздеп саналы түрде сатып кетпейтін зиялылардың белгілі бір бөлігі бар. Қазақтардың сеніміне ие болғысы келетін орыс пролетариаты үшін ең төте жол осы зиялылар арқылы өтеді. Бірақ бұл үшін осы зиялыларға Совет өкіметі сенім көрсетуі керек». Қазаққа  қатысты барлық қиындық мынадан тууда: қазақтар кешегі өзін езушілерге сенім білдіре алмайды, ал сол езушілердің өкілдері жариялаған Совет өкіметі, тиісінше, кешегі қарсыластарына әлі де сенбейді. Қазақтардың көзқарасын өзгерту үшін коммунистер өздерін ешкімді ұлтқа бөліп кемсітпейтін, әлсіздерді езуші емес, керісінше, езілгендерді азат етуші қызметкер екенін нақты істерімен дәлелдеп, көрсетуге тиіс. Бұл қиын. Біріншіден, шет аймақтарда «судай таза интернационалистер» жоқтың қасында.  «Өздерін интернационалистерміз деп атаушылардың  көбі шын мәнінде националистер (ұлтшылдар), империалистер»; екіншіден, қазіргі жағдай да қолайсыз: республикадағы өнеркәсіп дағдарысы салдарынан Орталық халықтан көбірек алып, оған азырақ беруде. Мұны қазақтардың дұрыс түсінбеуі мүмкін, өйткені олар патша үкіметі бізді тонап келген еді, кеңес өкіметі де нақ солай істеп отыр деп ойлайды. Сөйтіп,  практикалық тұрғыдан – екі жақтан да сенбестік болмай қоймайды; ал егер теориялық жағынан қарасақ, сенбестікке орын болмауы тиіс. Шынына келгенде, қазақ халқы тарапынан сенімсіздік көрсетілмеуі керек, себебі, «өкімет басында қазақтарды талап-тонап, езгіге салып келген ұлтшыл-империалистер отырған жоқ, қайта әлсіз халықтарды күштілер езгісінен азат етуді көздейтін интернационалист-коммунистер отыр». Сол сияқты Кеңес өкіметі тарапынан да зиялы қазақтарға сенімсіздік орын алмауы тиіс. Себебі қазіргі таңда  өз халқын азат етуді шын жүректен тілейтін «қазақ зиялылары Интернационалдан өзге жол таңдай алмайды». Осындай «коммунист емес, бірақ адал ұлтшыл, зиялы қазақтарға  Совет өкіметі толық сенуі тиіс, өйткені олар халқын шын сүйеді, ұлттық мүдделеріне қол жеткізу мақсаты оларды Совет өкіметіне иек артуға мәжбүр етеді». Сонымен, өзара  сенімге қол жеткізудің екі жолы бар: олардың бірі – қазақ халқын талап-тонап, езгіге салып келген империалистер бүгінгі коммунистер емес екенін қазақтарға іс жүзінде дәлелдеп көрсету. Бұл ұзақ жол. Ал екіншісі – неғұрлым оңай және мақсатқа неғұрлым тез жеткізетін жол. Халық бұқарасының қисынды қорытынды жасауға шамасы келмейді, ал Кеңес өкіметінің басында тұрған адамдарға бұл оңай. Себебі олар –билеушілер. Сондықтан «өзара сенімге алғашқы қадам-ды Совет өкіметі жасауы керек». Екі жақтан да сенім болмайынша, Қазақ өлкесінде жұмыстың дұрыс жолға қойылуы мүмкін емес,  мұны Қазақ ревкомының 10 айдағы өмірі көрсетті. Қазақтардың нені қалайтыны және олардан Кеңес өкіметінің не тілейтіні жөніндегі негізгі мәселе әлі де беймәлім болып қалып отыр, мұның өзі жергілікті жерлерде түсінбеушілік туғызуда. Байтұрсынов мынаған сенімді: «Шынтуайтында, қазақтардың нені қалайтыны белгілі әрі онысы әбден табиғи нәрсе. Империализмнің сан ғасырлық езгісінде болып келген халық ең алдымен осы езгіден азаттық алуды ойлайды. Қазақтардың неліктен өзін-өзі билеуге ұмтылатыны түсінікті, ал Совет өкіметінің қазақтардан нені тілейтіні әзірше бізге айқын емес және күннен күнге, барған сайын бұлыңғыр болып барады».  Ревком құрған кезде біздің әрқайсысымыз, ревком туралы ереже әзірлеуге қатысқан қазақтардың  әрқайсысы, Қазақ өлкесін басқару жөнінде құрылып отырған ерекше орган автономияның табалдырығы екеніне сенгенбіз деді одан әрі Байтұрсынов. Ревкомның  бар екенін ғана білетін, бірақ ондағы істің жайымен таныс емес адамдардың бәрі осы кезге дейін солай деп ойлайды. Ревкомда жұмыс істеген біздің бәріміз бас қатырып, оның неге қажет екендігіне көз жеткізе алмадық. Өздерін коммунистер деп атайтындардың бәрі коммунист емес, олар бұқара халық үшін түсініксіз жарғыларын тықпалап жатыр. Қазревком мүшелері Крыловтың «Аққу, шаян және шортан»  деген мысалының керін келтіруде. Кеңес өкіметінің басында тұрған адамдардың сан миллиондық ұлттың тағдырын мазақ етіп, оны ойынға айналдыруды ойламайтынына біз кәміл сенеміз. Күні кеше патшалық саясаттың ұлтшылдық пен империалистік бағыт ұстанғанын, бұратаналар деп аталған басқа халықтарға орыстар ойына келгенін істегенін, ал бұратаналарда ешқандай құқ болмағанын, дәлелі жеткіліксіз, негізсіз болса да, қылмыс жасады деп айыпталған бұратаналардың қатаң жазаланғанын даусыз факт деп мойындайтынына күмән келтірмейміз. Ал осыларды мойындап тұрған биліктің ғасырлар бойы орыс халқының осы рухта, яғни бұратаналарға шексіз үстемдік ету рухында тәрбиеленгенін де даусыз факт ретінде мойындауы тиіс деп ойлайды хат иесі. Көптеген адамның ойындағы коммунизм идеясы жарнамадан әрі аспайды деп жазды Ахаң одан әрі бірінші большевикке. Ресейде коммунист көп, бірақ нағыз идеялық коммунистер өте аз, ал шет аймақтарда мүлдем жоқтың қасы екенін айтты.  Қазревком мүшесі Ахмет Байтұрсынов көсем түсінуге және ескеруге тиіс деп тарата айтқан осы пайымдарынан кейін,  тез жүзеге асырылуы қажет деп тапқан ұсыныстарын былай тізді: Бірінші. Қазақ өлкесін басқаруға аты ғана коммунист, заты бөтен қызметкерлер емес, нағыз идеялы коммунистер мен халық сеніміне ие болған ұлт зиялыларынан шыққан, сыннан өткен идеялық қызметкерлер жіберілсін. Нағыз коммунистер мен қазақтардан шыққан идеялық қызметкерлер бір-бірімен түсініседі және іске көзқарасы ортақ болғандықтан, қазақтан  шыққан шалағай коммунистерге қарағанда тезірек тіл табыса алады; Екінші. Әртүрлі ұлт өкілдері аралас тұрып жатқан аудандардағы өкімет органдарының бәрінде кемінде 2/3 бөлігі езілгендерден болуға тиіс; Үшінші. Қазақ өлкесінің шаруашылық-экономикалық мекемелерін басқару (түрлі шаруашылық салалары бойынша ешқандай да басқа губернияларға немесе облыстарға бөлінбей және бағындырылмай) қазақтардың қолында болуға тиіс; Төртінші. Қазақ коммунистері мен революцияшыл зиялыларының бүкіл саяси-мәдени жұмысы советтік социалистік шаруашылық саясатына негізделуге тиіс;  Бесінші. Қазақстанды біріктіретін, Орынбор қаласынан басқарылатын әскери округ құрылсын;  Алтыншы. Қалалардағы гарнизондар міндетті түрде қазақтардан болсын;  Жетінші. Қазақ өлкесінің шекарасы жөнінде …басқа ешқандай да өзгерістерге жол берілмеуі тиіс. Бұл түсініктер мен тұжырымдар Совет үкіметінің басшысына Қазақ Советтік Автономиясы жарияланар, Ресей Федерациясы құрамында  Қазақ Республикасы құрылар қарсаңда, 1920 жылдың көктемінде ұсынылды.  Халқының адал ұлы Ахмет Байтұрсыновтың Халкомкеңес төрағасы, пролетариат көсемі Владимир Ильич Ленинге жазған аталмыш хатын 2013 жылғы 4 сәуірде қазақша жаңғыртып жариялай отырып, тарихшы-ғалым Зарқын Тайшыбай оның мазмұнынан туындатып арнайы ой түйген-тін. Тілге тиек болған аталмыш хатта қазақ жеріне орнаған советтік билік табиғатын Ахаңның сыни көзбен талдағанын атады. Ахаң «Егер  большевиктер немесе жасанды коммунистер жергілікті ұлт жөніндегі көзқарасын өзгертпейтін болса, Қазақ мемлекеттілігінің мүмкін болуы күмәнді екенін көрсетті», – деді. «Отаршылдық пиғылдағы қызметкерлердің іс-әрекеттері салдарынан» қазақ санасында жаңа билікке  «…қарсы жиіркеніш және өшпенділік сезімі өршімесе  де, сенбеушілік сезімінен басқа сезім орныға қоймайтынын» көрегендікпен  болжай білді», – деп қорытты. «Өйткені орыс ұлтының пролетариаты патша шенеуніктерінің орнын басып, езілген халықтардың мойнына өзі мініп алғысы келетінін кеңестік тәртіптің алғашқы айларында-ақ көрсете бастаған-ды. Байтұрсынов мұны дер кезінде байқап, аталған хатты көсемге осындай төніп тұрған қауіптен сақтандыру үшін жазған еді. «Алайда, Орынбордағы билікті жеке-дара иемденген «еуропалық коммунист жолдастар» қазақ қызметкерлеріне, солар арқылы бүкіл қазақ халқына менсінбеушілік көрсетті», – деп түйді ғалым.  Профессор З. Тайшыбайдың бұл ойларымен толық келісе отырып, совет үкіметінің басшысы, нөмірі бірінші большевикке сол 1920 жылы тапсырылған тағы екі құжатты айта кеткен жөн. Бірі – Түркістан Республикасы делегациясының (Түркреспубликада қазақ халқының жартысына жуығы тұратын) Байтұрсыновтың хаты соңынан іле-шала 25 мамырда ұсынған баяндамасы. Онда Ресей халықтарының құқтары жөніндегі атақты Декларацияда атап айтылған өз тағдырын өзі айқындайтындығына байланысты мәлімдеменің орындалуын, өлкеде әскер күшімен жасанды түрде таптық тұрғыда жіктеу жүргізуге шек қою талап етілген-ді. Осы екі құжаттың пролетариат көсеміне «бір мезгілде тапсырылуы, әрине, кездейсоқ емес-тін», деп атап өтті академик М.  Қойгелдиев өзінің «Қиянат анатомиясы» монографиясында (2020). Оның пайымдауынша, бұл жәйттер біріншіден, екі өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыстардың күн тәртібіне шыққан мүдделерінің ортақтығын, екіншіден, осы қос өлкеде орныққан билік пен төбесінде Ленин тұрған «советтік империялық орталық» арасында принципті қайшылық бар екенін және оның тереңдеп бара жатқанын   көрсетеді. Бұл совет өкіметінің Ресей Республикасындағы билікті басып алғанына екі жарым жыл ғана болған, оның ішінде Түркреспубликаның құрылғанына екі жыл толған, ал Қазреспубликаны құру жайындағы құжаттың қабылдануына  үш ай қалған шақ болатын.  Қазақ Автономиялы Республикасын дүниеге әкелуге жол ашқан 1920 жылғы 26 тамыздағы әйгілі Декрет туған шамада, яғни 1920 жылғы тамыздың соңына қарай, Мәскеуге барған қазақ делегациясы Ленинге жазбаша үндеу тапсырады. М.  Қойгелдиев үндеуді тұңғыш Грузияда жариялаған Мұстафа Шоқайдың түсіндірмесіне қарап, құжат авторларының бірі А. Байтұрсынов болғанын және оның Лениннің қабылдауына сұранғанмен кіре алмаған делегация құрамында болуы әбден ықтималдығын айтады.  Міне, осы үндеуде: «Октябрь революциясы қазақ бұқарасын әлеуметтік революция иіріміне бірден тартып кете алған жоқ», – делінеді. Өйткені қазақтардың санасында «ұлттық сезім таптық сезімнен басым болды». Оның себебі ретінде қазақтың шаруашылық тіршілігіндегі «таптық жіктелудің әлсіздігі» және «патшалық режимдегі ұлттық қанаудың шектен тыс қатаң болғандығы»  аталады.  «Құжаттағы бұл тұжырымның принциптік маңызы… қазақ қоғамы үшін бірінші кезекте тұрған мәселе… ұлтқа қажеті – орыс империализмі тарапынан қазақ мүддесіне жасалып отырған қиянаттан құтылу еді». «Большевизм көсемдері төтеннен келіп қабылдатуға тырысқан» күнкөріс тәртібі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтына қайшы келетін. Қазақ аңсаған арман «таптық ұстанымды негізге алып, әлеуметтік жіктелу жолына түсу» емес-тін. Бірақ «совет өкіметі бұл тарихи кезеңде қазақ қоғамының табиғи мүддесін, соған сәйкес табиғи талап-тілектерін аяқ асты» етті дейді көрнекті зерттеуші-ғалым М. Қойгелдиев.  Өкінішке қарай, қатаң орталықтандырылған империяшыл большевиктер партиясы билейтін совет өкіметі Ақпан революциясына, шақырылуға тиіс Құрылтайшы жиналыста әділ мемлекеттік құрылыс жасаларына сенгеннен туған  ұлттық бірлікті көздейтін автономиялардың бәрін жою бағытын ұстанған еді. Сондықтан да Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер бастап барған Алашорда делегациясына келіссөздер нәтижесінде берген уәдесінен айнып, тапшылдық ұранды бар дауыспен көтерген. Тап мүддесін көздейтін қазақтың советтік автономиясын даярлау үшін әуелі, 1918 жылғы мамырда, Ұлт істері жөніндегі комиссариаттан Қазақ бөлімін ашты, сосын, 1919 жылғы шілдеде Совнарком жанынан арнайы революциялық комитет құрды.  Өлкедегі осы Қазәскериревком атты төтенше революцияшыл мемлекеттік билікке   Қазақ Совет автономиясын жариялауға қолайлы болатын тиісті жағдай жасау міндеті жүктелген-тін.  Оның алғашқы он айдағы жұмысы жайында совет үкіметі басшысына жазылған хаттың жоғарыда келтірілген мазмұны ұлт мүддесін ақтамағанын және оның себептерін көрсетті.  Тағы бір себеп Қазревкомның ұйымдық және құрылымдық дамуына негізінен қазақ тыныс-тіршілігінен бейхабар еуропалық қызметкерлердің тартылуында жатқан. Әйгілі заңгер-ғалым, академик Салық Зиманов өзінің «Қазақ революциялық комитеті» («Казахский революционный комитет», С. Зиманов, С. Даулетова, М. Исмагулов, 1981) атты іргелі зерттеуінде С. Пестковский мен басқалардың естелігіне сүйене отырып, әуелде ұлт істері халкоматы Қазревком төрағасы лауазымына «өлкеде беделді жергілікті ұлт өкілін тағайындамақшы болғанын», бірақ «қазақ делегаттар төрағалыққа өз араларынан ешкімді ұсынбауға бекінгенін, сөйтіп бұл лауазымға Орталықтан тәжірибелі және «бейтарап» жолдастың тағайындалуын» сұрағанын жазды. «Бейтарап» жолдасқа Қазревкомды кадрмен қамтамасыз етуге Орынбор губкомы көп көмек көрсетті. Ұлттық кадрлар, әсіресе кешегі «алашордашыларға» сенім артыла қоймаған ахуалда, мүлдем тапшы болатын. (Жалпы, Қазақстанда совет өкіметін орнату және нығайту ісін мәскеулік орталықтың ұдайы назарда ұстағаны, сенімді кадрлерді республиканың бас шаһары Орынборға да, облыстарына да топтап жіберіп тұрғаны мәлім. Президент архивіндегі партияның қазақ обкомы мен өлкекомы құжаттарымен танысу барысында республикалық басқару мекемелерінің жауапты және техникалық қызметкерлері негізінен еуропалықтардан жасақталғанына көзіміз жетті). Ұлт қайраткерлері қалап алған С.С. Пестковский бір жылдан кейін батыс өлкеге жауапты жұмысқа аттандырылды да, оның орнына, енді қазақтардың сұрауынсыз-ақ, 1920 жылдың тамызында оның орнына В.А. Радус-Зенькович тағайындалды. Оған бұл лауазымымен қоса Қазақ өлкесіндегі партияның облбюросын басқару жүктелді. Ол бұл қызметі алдында Алтай–Ембі темір жолы мен сол жол бойында мұнай тасымалдау құбыры құрылысын жүргізіп жатқан Поволжье еңбек армиясы ревәскеркеңесінің төрағасы боп істеген-тін. 1920 жылғы қазанда ол Ресей Федерациясы құрамындағы Қазақ Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып сайланды (Қазақ ревкомына төраға сайлау хикаясы мен оның кейінгі залалды да қасіретті салдарлары жайында белгілі зерттеуші-қаламгер Сапабек Әсіпов «Егемен Қазақстан» сынды орталық басылым бетінде 2002 жылғы 26 маусымда талдап жазып қалдырған).  Қазревком әзірлеген Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезі өткеннен кейінгі алғашқы айлардың бірінде орын алған бір оқиғаға назар аударайық. 1920 жылдың соңына қарай жас қазақ автономиясының билік орындарында істейтін қазақ қызметкерлері арнайы жиналысқа шақырылады. Бұл маңызды жиын болған еді, бірақ, жоғарыда танысқан хаттар тәрізді, ол да советтік дәуірде ресми әдебиетке енгізілмеген болатын.  Қазақ Республикасы шаңырақ көтеріп, шартараптан келген ұлт қайраткерлерінің автономиядағы мемлекеттік қызметке жегілген алғашқы толқынында қазақ мұң-мұқтажын орындауға деген құлшыныс, қол жеткен елдіктің мақсатының өзі сол деген сенім зор болды. Олардың дені Орынбордағы Қазатком жатақханасында тұратын, осында бос уақыттарында кездесіп, жас мемлекет ахуалы жайында пікір алмасып жүретін. Сондай сұқбаттасулар нәтижесінде мемлекеттік қызметтегі жас қазақ қайраткерлерінің ішінде пікірлестер тобы пайда болды. «Біз жиі бас қосатынбыз, бірге түстенетінбіз, кешкі асты бірге ішетінбіз», – деп еске алды Қазаткомның алғашқы құрамының мүшесі, Қазақ Республикасы Ішкі істер халкоматының алқа мүшесі, комиссардың орынбасары, біраз уақыт халық комиссарының міндетін атқарған Дінмұхамед Әділов 1928 жылы ОГПУ тергеушісі алдында. – Күнделікті қызметте Сәдуақасов Смағұл мен Омаров Әшім үшеуіміз бірлесіп жұмыс істеуге тура келетін. Біз құдды-бір топ сияқты едік, алайда ол тұста топтану деген сөз сирек кездесетін, ондай термин жоқ-тын, бірақ іс жүзінде топ бар еді. Бұл топ, сөз жоқ, коммунистерден гөрі, ұлтшылдарға жақын тұрған-ды». Араларындағы әңгімелерде, арнайы қызмет тұтқыны  атап көрсеткеніндей, «құпиялайтын, астыртын-жасырын сақтайтын ештеңе де болған емес». Өйткені, мәселе – әсіре коммунистердің тексіздікпен үндестіретін әрекетіне қарсылықта жатқан болатын. Ал оны, партияның әдемі де әділ ұрандарына сенгендіктен, ашық жүргізу шарт еді. «Осы топ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саясатпен белсенді түрде күресу бағытын ұстанған-ды, – деді Дінмұхамед ОГПУ тергеушісіне. – Біз үкіметтің жүргізулі саясатын отаршылдық жол деп білдік, бұл саясат ұлтшылдықты (ұлттылық сипатты сақтау, ұлт мүддесін қорғау мағынасындағы ұғым – Б.Қ.) қыспаққа түсіруде, тіпті ығыстырып тастауда деп есептедік. Обком хатшысы Кулаков жолдасты орнынан алған сол жиналыста біздің бір жақ боп сөйлеуімізді осымен түсіндіруге болар. Ол кезде совнарком төрағасы Радус-Зенькович еді… Бұл – Кулаков пен Радус-Зенькович шақырған, жауапты қазақ қызметкерлерінің жалпы жиналысы болатын». Жиналысқа орталық мемлекеттік аппараттарда істейтін жігіттер қатысып, РКП қазақ обкомының хатшысы Кулаковтың баяндамасын тыңдайды. «…Кулаков сөз сөйледі. Есімде, ол талайды сөкті, ұмытпасам, ешкімді тура атамаған сияқты, бірақ, қазақ қызметкерлерін ұлтшыл деп ғайбаттады. Ол осы жиналыста бірер қызметкерді кетіруге қол жеткізбек болды-ау деймін. Жалпы оның мақсаты – моральдық топансуға тоғыту арқылы өзін қызықтыратын картинаны айқындап алу еді. Одан кейін Сәдуақасов Смағұл сөз алды, ол Кулаковқа қарсы өте қатты, қызына сөйлеп, былай деді (дәлдігіне кепілдік бере алмаймын, ал мазмұны мынадай): «Кім біледі, бәлкім Кулаков жаңаша орнығып алып бізге әмірін жүргізіп отырған переселен чиновнигі шығар». Сосын мен сөйледім, мен Кулаков пен Радус-Зеньковичке қарсы шыққан едім, олардың әміршілдігі, т.т. айтқанмын. Басқа қызметкерлер де сөйледі… Сәдуақасов көп дауыс жиды, қазқызметкерлердің басым көпшілігі оны жақтады. Жас коммунист-қайраткерлер автономияның орталық басқару мекемелерінде жүргізген ұлт мүддесі жолындағы күресте алғашқы жеңістерінің біріне осылай жетті. «Кулаков осы жиналыста жеңіліске ұшырады, оны хатшы лауазымынан алу туралы шешім қабылданды, – деді Әділов 1928 жылғы тергеуде берген көрсетуінде. – Ертесіне, әлде бірнеше күннен кейін, маған Кулаков кірді, ол кезде мен ішкі істер халық комиссары міндетін (уақытша) атқаратынмын. Ол менен өзінің Орал қаласына шығу үшін рұқсат қағаз беруімді өтінді. Мен жарлық еттім де, ол тиісті құжатты алды. Содан қайтып Кулаковты көрген емеспін…» 1921 жылғы 20 қаңтарда өткен Қазақ облыстық партия ұйымының пленумы Кулаковтың Қазақ республикасында бұдан әрі жұмыс істеуі мүмкін емес деген шешім қабылдайды (М. Қойгелдиев). Қазақ қызметкерлерінің жалпы жиналыстағы саяси жеңісіне сай шешім шығарған  обком пленумынан бір апта өткенде Халкомкеңес төрағасы Радус-Зенькович Ағарту халық комиссары Ахмет Байтұрсынұлына мінездеме жазды. Осы уақытқа дейін беймәлім болып келген бұл құжат, Алаш қозғалысының ең танымал зерттеушісі  Мәмбет Қойгелдиевтің ойынша, Ахаңа советтік кезеңде берілген бірінші мінездеме болып табылады.    Президент архивіндегі РКП Қазақ обкомы құжаттары жинақталған қорда сақтаулы, 1921 жылғы  27 қаңтарда рәсімделген осы мінездемеде «Предкирсовнаркома Зенькович» Байтұрсыновты «Наркомпрос жұмысында тәжірибесі жоқ, ұйымдастырушылық икемі және әкімшілік қабілеттері жоқ» деп тұқыртады да, сипаттамасын: «Жалпы дайындығы жақсы, дәріскерлік, әдебиетшілік жұмысқа неғұрлым жарамды. Ұлтшылдық сезімдері күшті, онысы алдағы мақсатты дұрыс түсінуге кедергі келтіреді. Терең емес, ұсақ-түйекке күш сарқады», – деген  пікірлерімен сабақтап, оған партиялық тұрғыдан мүлдем сенім артуға болмайтынын тұжырымдайтын түйін жасайды. Жоғарыда аталған жиналыста жеңіліс тапқан халкомкеңес төрағасы  жас қазақ автономиясы үкіметінің құрамындағы ең беделді ұлт жанашырын халық комиссары қызметінен тайдыруға осылай негіз салады.   Осы жиналыста қол жеткен жеңістің шамшырағы болған Смағұл Сәдуақасов Коммунистік партияның езілген халықтарға азаттық әкелеміз деген жариялы саясатына құлай сенген-тін. Сол сенім жетегімен, Семей губерниясына іссапарға келгенінде, губерниялық атқару комитетінің отаршылдық іс-әрекеттері патша әкімдері озбырлығынан да асып, үдей түскенін көріп, губаткомды таратып жіберді де, орнына өзі төрағасы болып, уақыт талабына сай жұмыс істеуге тиіс губревком (губерниялық революциялық комитет) тағайындады. Алайда мұндай әрекет орталық көңілінен шықпады, Смағұл   Сәдуақасов кері шақырып алынды. Бұған таңырқап, Орынборға наразылық білдірген жергілікті қызметкерлердің хаты Біріккен мемлекеттік саяси басқарма жүргізген қылмыстық істер ісқағазында тігулі тұр. Онда, сондай-ақ, 2-ші жалпықазақ съезінің коммунист-қазақ делегаттары 1921 жылғы 4 қазанда өткізген мәжілістің протоколы да  тігілген екен. Жиын Сәдуақасовтың қысқаша мәлімдемесін тыңдайды, оның «бетімен кеткен отаршылдық іс-әрекетпен шұғылданған губаткомды тарқатып, орнына губревком тағайындағаны өте дұрыс» және «жұмысқа туземдік қызметкерлерді тартып, отаршылдарды жұмыстан қуғаны да дұрыс деп саналсын, сондықтан да Сәдуақасов жолдасты ақтау жөніндегі мәселені съездің жұмысы кезінде қайта қарау   обком мен бақылау комиссиясынан сұралсын» деп қаулы алды. Мәжілісте «Орталық аппараттың губерниялардан қол үзіп қалғандығы», «Советтік те,  партиялық та құрылысқа туземдіктерді жеткіліксіз тарту», «отаршылдар мен туземдік халықтың мұқтаждықтары мен ерекшеліктерін жұмыс барысында ескергісі келмейтіндердің озбырлығы, жергілікті жағдайды зерттеп қаныққан қызметкерлерді өсекке және қудалауға ұшырату жолымен қызметтен кетіру», «бірқатар принципті және практикалық мәселелерді жүзеге асыруда қатаң бағыт-бағдардың болмауы және ұлт мәселесі жөніндегі Х съездің қаулыларын орындамау» жайында мәселелер қаралып, тарихи әділеттілікке жауап беретін оң шешімдер қабылданған. Бұлардың басқа да толып жатқан осылар тақылеттес құжаттармен бірге арнайы қызметтің «ұлтшылдардың қылмыстық істері» жөніндегі ісқағаздары ішінде сақталуы советтік биліктің ұлттық мүддені көздейтін кез келген шараға әрдайым үрке қарағанын көрсетеді. Советтік билік және оның жетекші әм қозғаушы күші болып табылатын коммунистік партия іс жүзінде қазақ бұқарасын алдады: әкелдік деген «бостандықтары» жұрт аңсаған ұлттық азаттыққа үйлеспеді, басқару және түрлі ұйымдық құрылымдары орталық үлгісінде жасалды, жергілікті жағдай, ұлттық ерекшелік ескерілмеді, ел бірлігін емес, таптық жасанды жіктелуге, қасіретті реформаларға ерекше мән берілді, қайткенде өз айтқанына көндіру қилы саяси амалмен қатар аяусыз репрессия жасалуы ықтималдығына халықтың көзін жеткізе отырып жүргізілді. Қазақ еліндегі совет өкіметінің орнығу тәжірибесін проф. Мәмбет Қойгелдиев «Қиянат анатомиясы» (2020) атты еңбегінде жеріне жеткізе талдап, еліміздің тарих ғылымында тұңғыш рет кең көлемде ашып көрсеткен еді. Бұл монографиясында ғалым совет еліндегі билеуші партия Қазақ Республикасында кең қолданған эмиссарлар институтының табиғатын, советтік солақай реформалар шындығын, кезінде «бандалар бүлігі» деп таңбаланған халық көтерілістеріне көзқарасын мол ғылыми дәйектермен аша келе, большевизм орнатқан үстемдік салдарынан орын алған қазақ трагедиясын жайып салады. Ол аталмыш монографиясында ұлт тұтастығын мақсат еткен Алаш-Орданы жойып, ұлттық тұтастықты қолдан іріткен совет билігінің азаттық аңсаған қазаққа жасаған қиянатын талдап берді. Еңбек Қазақстанда жүргізілген репрессиялардың сипаты мен ерекшеліктерін ұғуға жақсы жәрдемдеседі.

Қорыта айтқанда, ұлт мәселесін тап күресіне тәуелді етіп, кейінгі кезекте қарастыруға қалдыру, ұлт мүддесін көзге ілмей, күш қолдану арқылы үрейлі ахуал туғызып, тапшылдықты жалаулату болашақ қуғын-сүргіндердің тұғырына айналды.

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия
құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі.

Advertisements